Ғылымның дамуы елдің өркендеу деңгейінің, оның экономикалық әл-ауқатының, әлеуетінің артуына негіз болатындығы еш дәлелдеуді қажет етпейді. Жолдауда еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұрғаны әрі оның уақыт талабына сай болуының маңыздылығы айтылды. Бүгінде Қазақстан ғылымы елеулі зияткерлік әлеуетке ие бола отырып, елдің халық шаруашылығы әлеуетін сақтаудағы тиімділігімен қатар геология, химия, мұнай химиясы, металлургия, биология, математика, физика, медицина, аграрлық ғылымдар, тарих, мәдениет, тіл және әдебиет саласындағы зерттеулердің дамуына үлес қосты. Серпінді технологиялардың жасалуына ықпал етті.
Дамыған елдерде ғылым саласының дамуы бірінші кезекте оны қаржыландыру көлеміне байланысты бағаланады. Бұл отандық ғалымдарымыздың арасында аса қызығушылық туғызып келеді. Осы орайда тиісті министрліктің белсенді жұмысы арқылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көлемі әлемдегі қаржылық және экономикалық дағдарыстан туындаған мемлекеттік бюджет тапшылығына қарамастан, жыл сайын өсіп келе жатқаны қуантады.
Ғылымның экономиканың нақты секторымен өзара байланысын күшейту, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласын дамытуға күш салу заман талабы. Қазақстан – мұнай, көмір, газ және уран кені, хром, темір, алюминий, тағы да басқа асыл және сирек металдар мен қоспалаушы элементтер қорына бай ел. Осынау табиғи байлықты ұтымды пайдалану еліміздің алдында зор мүмкіндіктер аша отырып, индустриялық-инновациялық даму стратегиясының қарқынды дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
Президент Жолдауында ғылымды дамыту мақсатында түйткілді мәселелердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізіп, жетекші ғалымдарға тұрақты әрі өз еңбегіне лайықты жалақы төлеуді ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз етуге байланысты айтылған мәселелердің көтерілгені қуантады. Себебі ғылыми-зерттеу институттарында әкімшілік қызметкерлерден өзге ғалымдарға тек гранттық жобаларды орындау барысында ғана жалақы төленеді. Ал осы әкімшілік құрам тұрақты әрі жобаларды жүзеге асыру барысында да еңбекақы алып отыруы әділетсіз дер едім. Өйткені жас ғалымдардың ғылымға келмеуінің басты себебінің бірі тұрақты жалақы алмауымен байланысты. Сондықтан Президенттің Ұлттық кеңес отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тəртібін енгізуді тапсырғаны, сонымен бірге ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мəселесін қарастыру уақыт күттірмейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда әділеттілік орнатудың маңыздылығын, адам капиталын дамыту мәселесін тұрақты назарда ұстап келеді. Осы орайда орта, жоғары білім мен ғылымның бір-бірімен тығыз байланыста болуы, білім ошақтарының заманауи әдістемелік құралдар, оқу материалдарымен қамтамасыз етілуі, өндірістік тәжірибе алаңдарының заман талабымен сай болуы алдағы уақытта отандық ғылым саласындағы сапалы әрі тың жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беретіні анық.
Десек те, пандемия кезінде еліміздің білім беру жүйесінде көптеген түйткілді жағдайдың бой көрсеткені белгілі. Әрі осы кезеңде білім саласының деңгейі біршама төмен түсіп кеткені де белгілі. Осы орайда өзінің көтерер жүгі өз алдына бір бөлек сала ретінде білім мен ғылымды бір-бірінен бөле жарып қарамағанымызбен де, атқарар шаруасына қарай екі бөлек министрлік ретінде бөліп алған дұрыс. Яғни бағдарламасы, оқу-әдістемелік базасы бөлек білім саласын заманауи жаңалықтардың бастауында тұрған, өндірістік сипаты басым, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына серпін беретін ғылым саласынан бөліп, дара дамытқан әлдеқайда жемісін беретіні сөзсіз. Еліміздің білім мен ғылым саласын дамыту ел келешегінің баянды болуына ықпал ететін басты басымдық. Сондықтан да білім мен ғылым саласына қатысты түйткілді мәселелердің Жолдауда көрініс табуы саладағы тың серпілістерге жол ашады деп сенемін.
Тимур ӘПЕНДИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблеясы бөлімінің меңгерушісі