Әлем • 13 Қыркүйек, 2021

Қаза тапқандар арасында террористер болмаған

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

The New York Times газеті таяуда АҚШ әуе күш­тері Кабулда дроннан жасаған әуе шабуы­лынан бірде-бір террорист қаза таппағанын хабар­лады. Басылым келтірген деректерге сүйен­сек, 43 жастағы Земари Ахмади есімді қара­пайым тұрғын отбасының тоғыз мүшесімен қаза тапқан. Қайтыс болғандардың жетеуі бала екен.

Қаза тапқандар арасында террористер болмаған

АҚШ әскерилері 29 тамызда жасаған опера­ция­сының мақсаты – «ДАИШ»-тан (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) кек алу еді. Бұған дейін аталған террористік топ Кабул әуе­жайына шабуыл жасап, жүздеген адамның өмірін қиған-ды. Олардың қатарында 13 АҚШ сарбазы да бар.

АҚШ штабы төрағасы, генерал Марк Миллидің айтуынша, әуе соққысы «ДАИШ» сарбаздары мін­ген көлікке жасалған. Әйтсе де, The New York Times газетінің тілшілері бұған күмән келтіреді.

Басылым журналистері түсірілген видеоларға талдау жасап, Ахмадидің әріптестерімен және отбасымен сұхбаттасып, оқиға орнына барғаннан кейін ресми нұсқаның растығынан күдіктенеді.

Земари Ахмади «Тамақтану және білім беру» халықаралық ұйымының қызметкері болған. Ол сол күні әріптестерін үйлеріне жеткізіп тастап, көлігіне су құйылған бөшке тиеп, өз үйіне бара жатқан. АҚШ барлаушылары сол бөшкелерді жарылғыш затқа санағанға ұқсайды.

Басылымның хабарлауынша, бақиға аттанған 10 марқұмның 7-еуі бала болған. Солардың ішінде 5-еуі 7-ге де толмаған екен. Осыған байланысты The New York Times АҚШ орталық басқармасына сұрау салған. Алайда билік тарапынан ешқандай жауап болмаған.

Бұған дейін АҚШ әскерилері бірнеше рет қателесіп әуе шабуылын жасаған еді. 2008 жылы осындай іс-қимыл кезінде үйлену тойын тойлап жатқан 47 адам мерт болды.