01 Мамыр, 2010

ЫНТЫМАҚ – ЕЛДІК КЕПІЛІ

853 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі еліміздегі әр түрлі этностар өкілдерінің ынтымағын түсінуде маңызды рөл атқарады. Ал жалпы Қазақстан небір қиын кезеңдерде де бейбіт өмір мен келісімнің тиімді үлгісін қалыптастыра білді. Әр түрлі ұлттар мен діни сенім-нанымдағы қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметі ежелден ерекше. Осының арқасында Отаны­мыз бүгінде қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтай отырып, алға мығым қадам жасады. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың маңызды саяси жобасы болды. Аталған этносаралық институттың еліміздегі тұрақты­лықты орнықтырудағы үлесі үлкен. Қазір Ассамблея конституциялық орган мәртебесіне дейін көтеріліп, ел Парламентіне өзінің өкілдерін жібере алатын құқыққа ие болып отыр. Жүргізіліп келе жатқан дұрыс саясат қоғамдағы этностық топтардың тілдері мен мәдениет­терін дамытуға жағдай туғызуда. Яғни, этномәдени бірлестіктердің ұлттық мектептері, театрлары, БАҚ  жүйесі жұмыс істеуде. Қазақстанда әрбір ұлт өкілі өзінің халықтық дәстүрін, тарихын, мәдениеті мен тілін сақтауға, дамытуға құқылы және мемлекет оған барлық жағдайды жасап отыр. Ұйғырлар шағын және орта кәсіпкерлікте, мемле­кеттік органдарда жұмыс істеулері арқылы еліміздің  бәсекеге қабілетті 50 ел қатарына енуіне, экономи­касының нығаюына белсенді қатысып келеді. Қазақ­стан Жазушылар одағында 40 ұйғыр жазушысы болса, Сазгерлер одағы мен Суретшілер одағында да көптеген өкілдері мүшелікте. Бұдан басқа теле және радио арналарда ұйғыр тілінде көптеген хабарлар таратылып, “Уйғыр айвази” республикалық газеті шығады, әлемдегі жалғыз ұйғыр театры Алматыда, 60 мектепте ұйғыр тілінде сабақ жүргізіледі. Ұйғырлар арасынан көптеген Қазақстанның еңбек сіңірген және халық әртістері, ғылым докторлары, профессорлар, кандидаттар шыққан, әр түрлі медальдар мен ордендерге ие болғандары да бар. Алматы қаласы мәслихатының депутаты, белгілі өндіріс майталманы Ахметжан Шардинов басшылы­ғымен Ұйғырлардың республикалық орталығы көпте­ген шетін мәселелерге дер кезінде араласып, туындаған проблемаларды табан астында шешіп келеді. Ахметжан Бакримұлы этносаралық бейбіт өмір мен келісімді нығайтуда өңірлік филиалдарда ұйғырлардың қоғамдық өмірінің локомотивіне айналды. Әрине, мұның барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесінде мүмкін болып отырған мәселелер. Президентіміз өзінің сөздерінде бейбітшілік пен келісімді ортақ үйімізде сақтау бәріміздің жеңісіміз және оны нығайта беру әр қазақстандықтың міндеті дегенді жиі айтады.  Бұл Ұйғырлардың республикалық орталығының ғана емес, баршамыздың ұстанған басты міндетіміз болып отыр. Біз бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының посткеңестік кеңістікте ғана емес, жалпы әлемдік қоғамдастықта баламасы жоқ ерекше орган екендігін атап көрсетуіміз керек. Бұл этносаралық толерант-тылық моделі және бәріміз оны мақтан тұтамыз. Мұрат АХМАДИЕВ, ҚХА-дан сайланған Мәжіліс депутаты. Суретте: Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттардың бір тобы.