29 Қаңтар, 2014

Конституциялық құндылықтарға негізделген құжат

216 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

01-РоговҮстіміздегі жылғы 17 қаңтарда бәріміз ел тарихындағы айтулы оқиғаның куәсі болдық. Республика Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы Стратегияның басты мақсаты болып табылатын Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кірудегі негізгі міндеттері мен жоспарын жария етті.

01-Рогов

Үстіміздегі жылғы 17 қаңтарда бәріміз ел тарихындағы айтулы оқиғаның куәсі болдық. Республика Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы Стратегияның басты мақсаты болып табылатын Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кірудегі негізгі міндеттері мен жоспарын жария етті.

Кезең-кезеңге бөле отырып, ұзақ мерзімге жоспарлау, алдымызда тұрған көп міндеттің ішінен ең бас­тыларын ажырата білу – Елбасы тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарынан бері ұстанған, іс жүзінде өзінің тиімділігін көрсеткен әдіс.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы Қазақстанның жоғарыда айтылған өршіл мақсаттарға же­ту жолындағы жаңа сапалы кезе­ңін айшықтап, елімізде және халық­аралық қоғамдастықта оң қабыл­данды. Жолдауда баяндалған негізгі қағидалар мемлекет пен қоғамның бүкіл қазақстандықтар мүддесін көздей отырып дамуының бағыттары мен басымдықтарын айқындайды, Конституцияда бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдікті кү­шейте түсіп, Конституцияның нормаларынан қисынды түрде туындайды және соларға сәйкес келеді.

Мемлекет басшысы жария еткен, тұжырымдамасы осыған аттас Патриоттық актіде көзделетін «Мәң­гілік Ел» ұлттық идеясы, Конс­ти­туцияның «Біз, ортақ тарихи тағ­дыр біріктірген Қазақстан хал­қы, байырғы қазақ жерінде мем­ле­кеттілік құра отырып, өзіміз­ді еркіндік, теңдік және тату­лық мұраттарына берілген бей­біт­шіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғам­дас­­тықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және бола­­шақ ұрпақтар алдындағы жоға­ры жауапкершілігімізді сезіне оты­рып, өзіміздің егемендік құқы­ғы­мызды негізгі ала отырып, осы Консти­туцияны қабылдаймыз» делінген кіріспесінен тікелей туындайды.

Негізгі Заңда баянды етілген қазақ­стандық патриотизм қағи­даты (1-баптың 2-тармағы), Қазақ­стан мемлекеттілігінің іргета­сын құрайтын, жалпыұлттық құнды­лықтар болып табылатын Қазақ­станның тәуелсіздігі, ұлттың біртұ­тастығы, бейбітшілік пен келі­сім, зайырлы қоғам мен жоғары ру­ха­нилық, индустрияландыру мен инновацияға негізделген эконо­микалық өсім, Жалпыға Ортақ Ең­бек Қоғамы, ортақ тарихымыз, мә­дениетіміз бен тіліміз, ұлттық қауіп­сіздік, әлемдік және өңірлік ортақ проблемаларды шешуге жаппай атсалысу түріндегі толыққанды идеялық мазмұнға ие болды.

Жолдаудың әлеуметтік бағыт­тағы дестесі маңызды консти­туциялық-құқықтық негізге ие. Конс­титуцияның 1-бабында Қа­зақ­стан Республикасы өзін демокра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде ор­нық­тырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құ­қық­тары мен бостандықтары, деп атап көрсетілген. Өзінің бірқатар шешімдерінде республиканың Конституциялық Кеңесі бұл қағи­далар Қазақстанның өз мүмкіндігіне қарай отырып, жоғарыдағы қа­ғидаларды жүзеге асыруға мін­дет­теме алған мемлекет ретінде даму ниетін білдіреді деп түсіндірді. Мемлекет басшысы белгілеп берген, ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемін 13 мың АҚШ долларынан 60 мың долларға дейін арттыру, қазақстандықтардың өмір сүру жасын 80 жасқа жеткізіп, одан да асыру, жалақыны, әлеуметтік төлемдер мен шәкіртақыны көбейту, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейін қысқарту, балаларды мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамту және т.б. міндеттер осы бағыттың іс жүзінде орындалуына қызмет етеді.

Негізгі Заңда баянды етілген әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таң­дауына, кәсіпкерлік қызмет еркін­дігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға және т.б. құқықтары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының конституциялық негізін құрайды. Конституция адамдардың әл-ауқатты тұрмысының бірден-бір көзі – жасампаз еңбек екенін негізге алады. Мемлекет әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ, жұ­мыс­сыздықтан әлеуметтік қорға­луына кепілдік береді. Мұның бәрі салиқалы әлеуметтік саясат жүр­гізуге мүмкіндік туғызады. Өмір сүрудің жоғары деңгейі мен сапасы еліміздің дамуындағы нақты мақсат болып табылады. Бұл орайда сапалы білім беруге, жоғары технологиялы медицинаға, саламатты өмір салтына, бұқаралық спортқа ерекше ден қойылады.

Елбасымыз атап өткендей, XXI ғасырдағы дамыған ел – бел­сен­ді, білімді және дені сау азаматтар.

Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық дамудың басым ба­ғыт­тары, ауыл шаруашылығы кешенін жаңғырту, ғылымды кең пайдаланатын экономика құру, жаңа экономикалық саясаттың мәйегі болып табылатын агломерацияны, көлікті және энергетиканы дамыту – Қазақстанның бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуы туралы конституциялық қағидаға негізделеді (Негізгі Заңның 1-бабының 2-тармағы).

Реформа жүргізудің алғашқы кезеңінде-ақ Конституцияда рес­пуб­ликаның әлеуметтік-экономикалық дамуының құқықтық негіздерін – әлеуметтік бағытталған нарықтық экономика, кәсіпкерлік қызмет еркіндігі, меншіктің нысандарының саналуандығы мен теңдігін бекітті. Осы қағидаларды дәйектілікпен жүзеге асыра отырып, Қазақстан бү­гінде өзінің дамуының инно­ва­циялық өсу стратегиясына негіз­делген жаңа деңгейіне шықты. Бү­кіл адамзат үшін өзекті болып та­былатын болашақтың энергиясы, баламалы қуат көздері және «жасыл экономика» секілді салаларда жаһандық экономиканы дамытуға деген заманауи көзқарасты паш ететін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу жоспарланып отырғандықтан, Жолдау бұл бағыттағы жұмыстарға тың серпін береді. Экономиканың жаңа салаларын, бірінші кезекте, мобильдік және мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, роботтехникасы, гендік инженерия салаларын құру, сондай-ақ, даму көрсеткіштері жоғары мемлекеттерді мүшелікке біріктіретін Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымының бірқатар қағидалары мен стандарттарын енгізу көзделуде.

Қазақстанды ХХІ ғасырда ин­дус­триялық және әлеуметтік жаң­ғыр­тудың басты құралы ретінде кіші және орта бизнесті одан әрі дамыту айқындалған. Мемлекет басшысының пікірінше, шағын бизнес атадан балаға берілетін отбасылық дәстүрге айналуға тиіс, ал бұл Негізгі Заңның: Қазақстан Республикасының азаматтары заң­ды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады, меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі деген қағидаларына (26-баптың 1 және 2-тармақтары) және т.б. негізделеді. Бұл конституциялық нормалардың талаптарын мейлінше толық жүзеге асыру мақсатында жекеменшік институтын күшейту жөніндегі заңнамалық шаралар қабылданатын болады.

Жолдауда мемлекеттік инс­ти­туттардың жұмысын жетілдіруге ерекше назар аударылған. Әкім­шілік реформа шешім қабылдау үдерісін оңтайландыруға, төре­шілдік ресімдерін, қажетсіз қағаз­бастылық пен құжат айналымын жоюға, жер-жерлердегі басқару органдарының халық алдындағы есептілігін, жұмысының нәтижесі үшін жауаптылығын арттыра отырып, оларға өз алдына дербестік беруге қаратылады. Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялар мен бюджеттік ұйымдардың кадр саясатына меритократия қағидасын енгізу ең лайықты кандидатураларды іріктеп алуға, қызметкерлерді еңбегіне қарай бағалау арқылы өсіруге мүмкіндік береді, ал бұл, өз кезегінде, халықтың мемлекетке деген, оның институттарына деген сенімін нығайтады.

Ұлттық құқықтық жүйені одан әрі жаңғыртудың болашағы Конс­ти­туциямен үндеседі. Жолдауда құқықтың үстемдігі және жұрттың бәрінің заң алдындағы теңдігі қа­ғи­дасын одан әрі жүзеге асыру, сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, құ­қық қорғау органдары қызметінің тиім­ділігін арттыру, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы жаңа стратегияны қа­лыптастыру мен жүзеге асыру, ха­лық­тың құқықтық мәдениетін кө­теру мәселелері өзекті тақырып етіп алынған.

Бұл конституциялық міндеттер жоспарлы түрде іске асырылып ке­леді. Жуырда ғана Мемлекет бас­­шы­сы 2020 жылға дейінгі ке­зең­ге арналған Құқықтық саясат тұ­жы­рымдамасына құқықтық жүйе­нің жария және жеке құқық сала­сындағы бәсекелестік қабілетін арттыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Республика Президенті, сондай-ақ, Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын және Құ­қық қорғау органдарының кадр сая­сатының тұжырымдамасын бекітті.

Тұлға құқықтарының қор­ға­луы­на конституциялық кепіл­дік­терді күшейту, сот ісін жүргі­зу­дің тиімділігін және құқықтық жауап­кер­шілік шараларын қамтамасыз ету қажеттігіне орай, құқық қор­ғау органдарының, соттардың және азаматтардың құқықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жазаны және басқа да жауапкершілікті орындату жөніндегі өзге де құры­лымдардың қызметінің негізгі ба­ғыттары айқындалатын, қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемле­кеттік құқықтық саясатты көрсе­ту­дің басты нысандары ретінде қыл­мыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқару және әкімшілік-деликтілік заңнаманы тереңінен реформалау қажеттілігі туындады. Қазіргі таңда осы мақсатта әзірленген Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстерінің және Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакцияларының жобалары Парламенттің қарауында жатыр.

Мем­лекет басшысының Жол­дауы – Конституцияны одан әрі тереңдетіп жүзеге асыруға бағыт­талған, ХХІ ғасырдың бірінші жар­ты­сындағы бас­ты мақсатқа – Қазақ­станның әлем­дегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатына қол жеткізудің бы­лай­ша айтқанда «жол картасын» айқындайтын ұзақ мер­зімді бағдар­ламалық құжат болып табылады.

Жолдаудың негізгі қағидалары Негізгі Заң талаптарынан тікелей туындайды, түптеп келгенде, конс­ти­туциялық қағидалар мен нормаларды жүзеге асырудың бағдарламасы болып табылады.

Игорь РОГОВ,

Қазақстан РеспубликасыКонституциялық

Кеңесініңтөрағасы.

Соңғы жаңалықтар