Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2021

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеді

603 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов 2021 жылғы тамыздағы іскерлік белсенділік индексі туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеді

Алынған бағалау нәтижелері бойынша іскерлік белсенділік индексі тамызда төмендеп, 50,2 құрады. Бұған қызмет көрсету секторларында 50,7-ге дейін және өнеркәсіпте – 49,1-ге дейін көрсеткіштердің қысқаруы әсер етті. Қызмет көрсету секторындағы индекстің нашарлауы жұмыспен қамту деңгейінің төмендеуімен, өнеркәсіпте – жаңа тапсырыстардың, өнімдер мен жұмыспен қамту деңгейінің төмендеуімен, сондай-ақ жеткізу мерзімдерінің ұлғаюымен байланысты. Дегенмен, құрылыстағы көрсеткіш жұмыспен қамту деңгейінің өсуі салдарынан 51,9-ға дейін өсті.

Өңірлер бөлінісінде тамыз айында 9 өңірде іскерлік белсенділіктің жақсаруы, 8 өңірде нашарлау байқалды.

Іскерлік белсенділіктің неғұрлым жоғары деңгейі Түркістан облысында (54,6) және Шымкентте (52,8), ең төмені Ақтөбе облысында (43,2) байқалды. 2021 жылғы тамызда респонденттер елде бизнес жүргізу жағдайларының жақсарғанын атап өтті. Ағымдағы бизнес-шарттарды бағалау бойынша жауаптар теңгерімі 1,7 құрады, бұл республикадағы карантиндік шаралардың белгілі бір жеңілдетілуіне байланысты. Кәсіпорындар өнімге/қызметке сұранысты, қаржы/несие және коммуникацияларға қолжетімділікті оң бағалады. Салық жүктемесі мен бизнесті қорғау мәселелері теріс баға алды. Кәсіпорындардың болашақ бизнес-жағдайларға қатысты оптимизмі келесі 6 айға нашарлады: болашақ жағдайларды бағалау 17,6 құрады. Нәтижесінде экономика бойынша бизнес-климат индексі 9,5-ке дейін төмендеді. 2021 жылғы тамызда сауалнамаға 462 кәсіпорын қатысты: құрылыста – 67, өнеркәсіпте – 175, қызметте – 220.