Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2021

Мұхтар Тілеуберді БАҚ бостандығы жөніндегі ЕҚЫҰ өкілін қабылдады

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Тереза Рибейромен Қазақстанға танысу сапары шеңберінде кездесті, деп жазады Egemen.kz.

Мұхтар Тілеуберді БАҚ бостандығы жөніндегі ЕҚЫҰ өкілін қабылдады

Тараптар ЕҚЫҰ-ның ағымдағы күн тәртібінің өзекті мәселелерін және Қазақстанның адами өлшем саласындағы ұйымның негізгі институттарының бірімен өзара іс-қимылын талқылады. 2010 жылы 1-2 желтоқсанда Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» Астана декларациясының қағидалары мен оны қолданысқа енгізу қажеттілігі атап өтілді. Онда азаматтық қоғам мен еркін БАҚ-тың маңызды рөлі белгіленді.

Осы тұрғыда, ҚР СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ның өкілін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде бастамашылық еткен реформалардың іске асырылу барысы туралы, атап айтқанда, Қазақстанда жала жабуды қылмыстық сипаттан арылту және алауыздықты тудыру туралы ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабын ізгілендіру туралы хабардар етті.

ЕҚЫҰ институтының басшысы ортақ сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мақсатында әрекеттестікті нығайту үшін елеулі күш-жігер жұмсау ниетін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның төрағалық ету тәжірибесі мен ЕҚЫҰ Астана саммитінің нәтижелеріне назар аударды.