Үкімет • 13 Қыркүйек, 2021

Ералы Тоғжанов әлеуметтік сала мәселелері бойынша кеңес өткізді

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен негізгі әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Рrimeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Ералы Тоғжанов әлеуметтік сала мәселелері бойынша кеңес өткізді

Білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, ақпарат және қоғамдық даму министрлері әлеуметтік саланың негізгі бағыттары бойынша жұмыс туралы баяндады. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударылды.

Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, бүгінде республикада жалпы контингенті 250 мың бала бар 147 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Олардың ең көп саны Алматы (50), Маңғыстау (16) облыстарында, Шымкент қаласында (14). Вице-премьер үш ауысымды оқыту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын жедел шешудің маңыздылығын атап өтті. Бұл үшін оңтайлы шешім табылды - тез тұрғызылатын аз шығынды модульдік мектептер салу.

п

Денсаулық сақтау саласында жоғары білікті кадрлар тапшылығы, ауруханаларды қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру проблемалары өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылуы Түркістан облысында – 7%, Ақтөбе облысында – 12%, Алматы облысында – 13% және Павлодар облысында – 18%.

Е.Тоғжанов медицина кадрларын даярлауға арналған гранттар санын көбейтуді, барлық жас мамандарды әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етуді, оған қосымша қажеттілікті анықтау үшін медициналық жабдықтарға егжей-тегжейлі түгендеу жүргізуді тапсырды.

Бұқаралық спорт саласында балаларды мемлекеттік спорттық тапсырыспен қамтудың ең төмен көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қостанай облыстарында байқалды. Премьер-Министрдің орынбасары халықты, бірінші кезекте балаларды бұқаралық спортпен қамтуды ұлғайтуға, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, мәдениет объектілерін салуға, кітапханалар мен мұрағаттар жұмысын жаңғыртуға ерекше күш салу керектігін атап өтті.

отырыс

Вице-премьер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің З0 жылдығын мерекелеуге бүкіл қоғамды тарту, сондай-ақ іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға азаматтардың қатысуы үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ әкімдіктердің ақпаратын тыңдаған Е.Тоғжанов қажетті қаржыландыру көлемімен қамтамасыз ете отырып, жергілікті жерлерде әлеуметтік сипаттағы өзекті мәселелерді шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Кеңес бағдарламасы шеңберінде өңірлер әкімдерінің орынбасарлары салынып жатқан 800 төсектік көпбейінді университет ауруханасының және BINOM жаңа форматтағы мектептің тұсаукесеріне қатысты, сондай-ақ тез тұрғызылатын модульдік мектептер салу арқылы жаңа оқушы орындарын құрудың оңтайлы нұсқалары көрсетілді.

тогжанов