Пікір • 14 Қыркүйек, 2021

Ұстанымы беріктің ұпайы түгел

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдай отырып, біздің елдің береке-бірлікті темір­қазық қылып таңдап алған бағыт-бағдары­ның дұрыстығына тағы бір мәрте көз жеткіздім.

Ұстанымы беріктің ұпайы түгел

Біз – ондаған ұлт пен ұлыстың баласы бір шаңы­рақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жат­қан біртұтас халықпыз. Мүмкін, өмірдің кейбір қалта­рысында тұрмыстық деңгейдегі кикілжіңдер болып жататын шығар. Бірақ біздің ортақ Отанымызда  біреу­дің ұлты­на, тіліне бағытталған кемсі­тушілікке қасақана бару оқи­ға­лары кездескен емес. Кездескен күн­нің өзінде біздегі азаматтық қоғам мұндай сыңарезулікті қолда­мақ түгіл, қа­был­дамас та еді.

Президент: «Бірлігіміз – әр алуан­дықта» деген қағидамыз ешқашанда өзгермейді», деді. Бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ұққан халқымыз бұл ұстанымды барынша қолдайды деген сенімдемін. 

Айналамызға зер сала қарар болсақ, болмашы ұшқыннан бой бермей кететін от шығатынын аңдар едік. Осының өзі-ақ этностар арасын­дағы, діндер арасындағы татулықтың қан­шалықты құнды және қастерлі екенін көрсетеді. Олай болса, біз «Тауларды аласартпай, даланы асқақтататын» дана саясат ұстануға құмбыл болуымыз керек.

Иә, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Президенттің: «Болашағын Отаны­мызбен байланыстыратын азамат қазақ тілін білуі қажет», деуі де бұл бағыттағы саясатымыздың қандай екенін айқындап-ақ тұр.

Бүгінде пандемияның бізді үлкен сынаққа салып отырғаны белгілі. Бұл індетке тосқауылды қоятын бір­ден-бір амал – вакцина салдыру. Пре­зидент өзінің Жолдауында вакцина салдыруға қарсы шыққандардың айналасына зиянын тигізетінін өте орынды айтты. Екпе алу өз алдына, дәл қазіргі уақытта біздің азамат­тарымыздың тәжтажалдың тара­луына той-томалақ пен көп адам­ның басы қосылатын түрлі отбасы­лық жиын­дардың тікелей әсер ете­тінін түсі­нетін уақыты жетті. Отандас­та­ры­­мыз ел ішінде ойран салған індет­­пен саналы түрде күреспесе, жағ­дай­дың оңала қоятын түрі көрінбейді.

Келешегімізге тікелей қауіп төн­діріп отырған қатерлі дертпен бір кісі­­дей жұмыла күресе білсек, Жол­дау­да ай­тылған жақсы баста­ма, игі қадам­дар­дың – жалақы мөл­шері­нің арт­қа­нын, баспана алуда­ғы жеңіл­дік­тер­дің, жа­ңа­­шыл реформа­лардың, басқа да оң өз­геріс­тердің жемісін бірге көру бұйырар еді деп нық сеніммен айта аламын.

 

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Қазақстан халқы Қарағанды облыстық Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты