Президент айтқандай, ол нағыз іске асатын, сапалы нәтиже беретін, халыққа түсінікті, нақты, икемді жобаларды қарастыруы керек. Бізде осы күнге дейін көбінесе мега жобалар қолға алынып келді, оның ішінде әлеуметтік мәселелер де, жол да, құрылыс та – бәрі бар, адам осындай жобаның нақты нені көздейтінін ұқпай қалады. Нәтиже де нақты көрінбейді. Ал нақты жобалар қолға алынса оның орындалуын халық көзімен көріп отырар еді.
Мемлекеттік қызметкерлердің 25 пайызға қысқаратынын естіп жүрміз. Бұл мәселе бүгінгі Жолдауда да айтылды. Шынында да бізде бір-біріне кедергі келтіретін айқыш-ұйқыш шенеуніктер аппараты қалыптасқан. Оның жұмысы жоғарыдан төменгі барлық басқару аппараттарында көрініс береді. Өздерін құрған соң, еңбекақы төлеп жатқан соң олардың көбі амалсыз бір әрекеттерді өздеріне тауып алады, өздерінің нұсқаулықтарына сүйенеді, сөйтіп атқарылғалы тұрған дұрыс дүниелердің аяғына тұсау болады. Сайып келгенде бұл мемлекеттік қызмет жұмысының сапасын төмендетеді.
Президент төтенше жағдайлар туғанда осындай жүйенің кесірінен жедел шаралар қабылдаудың өзі қиын болғанын айтты. Сондықтан ол өзінің тікелей Жарлығын шығаруға мәжбүр болған. Сонымен бірге шенеуніктерден халыққа қызмет көрсету сапасын да үнемі талап етіп отырған жөн. Әйтпесе, кейбір шенеуніктер алдына ісі түсіп келген адамға жоғарыдан төмен қарап, әйтеуір құтылу үшін жалған сөз айтуға дағдыланып қалған. Бұл үшін өзіне ешқандай жауапкершілік келмейтінін біледі, ал адамгершілік қатынасты керек қылмайды. Мұндайдың бірін күні кеше ғана өз басымнан өткердім. Бір анықтама алу үшін бес есікті ашуға тура келді. Ал мұндай жағдайлар шенеунікке ғана емес, жалпы мемлекеттік аппаратқа деген адамның сенімін жояды.
Қаршыға ҚОЯНБАЕВ,
зейнеткер
ПЕТРОПАВЛ