Егемендігіміздің төл құрдасы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры Елбасымыздың бастамасымен, ел Президентінің қолдауымен жаңа ғимаратқа көшіп, шығармашылық жолында жаңа белеске қадам басты.
Сондай-ақ Президент: «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс. Бұл – отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Қазақ тілі, шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып жатыр», деп баса айтты. Ал театр – тіліміздің кең насихатталып, өрісін кеңейтуіне жол ашар киелі шаңырақ.
Мемлекет басшысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Демек Президентіміздің қолдауын үлкен жауапкершілікпен сезініп, мәдениет пен өнеріміздің өркендеуі жолында ерінбей еңбек етуге тиіспіз.
Қуандық ҚЫСТЫҚБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері