Президент • 14 Қыркүйек, 2021

Әлеуметтің әл-ауқаты арта түседі

263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының активі, әртүрлі әлеуметтік топтар, саяси партиялар мен ҮЕҰ өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын талқылады. Негізгі баяндаманы жасаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде мемлекеттің қолдауымен соңғы жылдардағы қол жеткен табыстарға, атқарылып жатқан істерге және Жолдаудың аясында жасалатын жұмыстарға, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа басымдықтарына тоқталды.

Әлеуметтің әл-ауқаты арта түседі

Өңір басшысы Президент тапсырмасымен әзірленіп, қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бір мыңдай жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген 185 жоба қаржыландырылып, оған 52,6 млрд теңге бөлінгенін айтты. «Ал биыл осы бағдарлама бо­йынша былтырға қарағанда қаражат 1,6 есе артық бөлінді. Бағдарламаның 2022 жылға дейін созылатыны жаңа мүм­кіндіктер береді», деді ол. Ал «Бизнес-2025 жол картасы» бағдарла­масы бойынша соңғы үш жылда 675 жоба іске асырылған. Сонымен бірге Қ.Ақсақалов жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстанға келген сапарында ашылған ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын CLAAS компаниясы мен «Петропавлдың электротехникалық зауыты» кәсіпорындары экспортқа бағытталған өнім шығаратынын атап өтті. Ал қағаз шығаратын ORKENDEU QAGAZ, фармацевттік препа­рат­тар өндіретін Sapa Pharm, ағаш жоң­қаларынан панельдер жасайтын «Северный фанерный комбинат» ЖШС келесі кезекте ашылатынын мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығында былтыр ғана 1 682 шаруаға 50 млрд теңгенің көмегі көрсетілген. Әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 1,1 млрд теңге бөлінген. Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген мәселесінің бірі – жайылым пробле­ма­сы. Біздің облыста да қосалқы шаруа­шылыққа 678,8 мың гектар жайылым жетіспейді. «Осыған байланысты біз қазірдің өзінде жайылымды 82,5 мың гектарға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қашықтан жасалған зондтау арқылы тағы 816 мың гектар жайылым табылып отыр, оның 47 мың гектары қазір қайтарылған», деді Қ.Ақсақалов.

Бүгінгі таңдағы күйіп тұрған мәселе­нің бірі денсаулық сақтау саласы болса, соңғы үш жылда оны жаңғыртуға 10 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде биыл 3 млрд қарастырылған. Қазір облыстың ауруханаларында МРТ, компьютерлік томограф, цифрлы маммограф, эксперттік кластағы УЗИ-лер көптеп алынған. 480 орындық көп профильді аурухананың құры­лысы жалғасуда. Әлеуметтік-эконо­микалық дамудың екінші жоспары аясында облыстың ауылдық елді мекендерінде 47 медициналық нысан салынады.

Жолдауда Президент бұқаралық және балалар спортын дамыту мәселе­сін алға қойды. Қазір облыста 2 894 спорт­­тық нысан жұмыс істейді. Онда 21 мың­­нан астам балалар мен жасөспірім­дер спортпен айналысады. Биыл мамыр айы­нан бастап 5 мыңнан артық бала спорт­тық секцияларға тегін қатыса алады.

«Орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы» деп Мемлекет басшысы мектептерде орындардың жетіспеушілігін атап өтіп, мектеп құрылысы бойынша жұмысты жандандыру міндетін қой­ды. Соңғы 3 жылда облыста білім беру меке­мелерінің 63%-ы жөнделді, 4 жаңа мектеп салынды. Биыл Тайынша ауданы­ның Вишневка ауылында 120 орындық мектептің құрылысы басталды. Тайынша қаласында 600 орындық мектеп салу жос­парлануда. Екі мектеп те апатты мек­теп­тердің орнына салынады.

Кешенді жоспар аясында алдағы жылдары 15 жаңа мектеп, оның ішінде облыс орталығында «Копай» шағын ауданында 1 200 орындық мектеп және 200 орындық интернаты бар 400 орын­дық түзету мектебін салу жоспарлануда.

Мұғалімдердің жалақысы артты. Бүгінде ол орта есеппен 250 мың тең­гені құрайды, яғни 1,5 есеге артты. Педагог мәртебесін арттыру 2 жыл ішінде білім беру саласына 700-ге жуық жас маман тартуға мүмкіндік берді. Кадр тап­шы­лығы 6 есеге төмендеді. Біздің алдымызда облысты жастар үшін тартымды ету міндеті тұр. Бұл үшін университеттің жаңа оқу-зертханалық корпусын заманауи технологиялар бойынша салып жатырмыз. Аризона университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бес жылдан кейін студенттерге қос диплом алуға мүмкіндік туады. Соңғы жылдары өңірлік жоғары оқу орындарына гранттар саны артты. Биыл жергілікті бюджет есебінен облысымызға қажетті мамандықтар бойынша (ветеринария, білім беру, жалпы медицина, агрономия, мал шаруашылығы) 50 білім гранты бөлінді. Білімге қаржы құю өз жемісін беруде. Егер 2017 жылы ЖОО-ға оқуға түсу 58%-ды құраса, 2021 жылы 73%-ды құрады», деді әкім білім саласы туралы айтқан сөзінде.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша облысқа 2021 жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарынан 563 отбасыдан тұратын 2 150 адам көшіп келген. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін жалғасып, келушілер саны арта түседі. Барлық қоныс аудару­шы­ларға көші-қон және тұрғын үйлерді жалдау шығындары толық төленген.

Сонымен бірге облыс әкімі Президент Қ.Тоқаевтың қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға байланысты Жол­дауында айтып өткен тапсырмаларының дұрыстығына тоқталды. «Ең төменгі жалақыны 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 мың теңгеге жеткізу, бизнес саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіру бойынша «жұмсақ» ынталандыру шараларын қарастыру, еңбекақы қорының жүктемесін 34 %-дан 25%-ға түсіру, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын 20 пайызға арттыру, зейнетақы қорының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банк» есебі­не аудару туралы берген тапсырмалары өте өзекті мәселелер. Оның орындалуы қазақстандықтардың әл-қуатын арттыра түсері сөзсіз», деді Қ.Ақсақалов.

 

Солтүстік Қазақстан облысы