Қоғам • 14 Қыркүйек, 2021

Крейдундардың көпшіл көңілі

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанда биылғы «Мерейлі отбасы» байқауы­ның аймақтық кезеңіне 29 отбасы қатысқан еді. Соның ішінде Шал ақын ауданының Ольгинка ауылының тұрғы­ны Сергей мен Инна Крейдундардың отбасы ұлттық байқаудың республикалық 17 же­ңім­пазының қатарынан табылды.

Крейдундардың көпшіл көңілі

Өткен аптада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың онлайн режімде қатысуымен жеңім­паздарды марапаттау рәсімі болды. Облыс әкімі Құмар Ақ­са­қалов Ұлттық байқаудың жеңім­паз­­дары болған көпбалалы отбасыға 5 млн теңгенің сертифи­ка­тын, Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан дип­лом және ескерткішке баға­лы сый­лықтар тапсырды. Крей­дун­дардың отбасы өздерінің тату-тәтті, үйлесімді отбасы екен­­дік­терін көрсете білді. Бұл шаңы­рақ­тан үнемі жайдары күлкі мен жар­қын үндер ғана шығып тұрады.

Сергей мен Инна Крейдундар осыдан 28 жыл бұрын үйленген. Отағасы жергілікті шаруа қожа­лығында механизатор болып іс­тейді. Ал әйелі Инна Андреевна – мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Екеуінің Андрей деген ұлы мен Виолетта есімді қызы бар. Соған қарамай бұл шаңы­рақ 2017 жылы «Патронаттық отбасы» бағдарламасы бойынша бес баланы асырауына алған. Олар Любовь, Валентина, Петр, Маргарита және Вероника есімді балалар. «Өзіміздің шешімімізге ешқашан өкінбейміз. Өйткені олар өзіміздің туған балаларымыздай болып кетті», дейді отанасы Инна Андреевна.

Бүгінде отбасының балалары ержетіп, үлкендерінің қолдары өз аузына жеткен. Үлкен ұлы Андрей өзінің қосалқы шаруашылығымен айналысады, Виолетта – тәрбиеші, Люба – 2-курс студенті. Ал кішілері – Валентина, Маргарита, Вероника және ұлы Петр мектепте оқиды. Олардың барлығы қазақ тілін еркін меңгерген.

Инна Крейдун: «Балалары­мызды мақтан тұтамыз. Біз оларды өсірсек, олар бізге өмірдің мағынасын берді. Оқу, маман­дық алу, болашақты жоспарлау мүмкіндігін бергені және отбасымызды қолдағаны үшін мем­лекетке үлкен алғыс айтқым келеді. Өмірді білу және оның құн­­дылықтарын бағалау өте ма­ңыз­ды. Өйткені барлық мемлекет­тер жас ұрпаққа соншалықты мұ­қият қарамайды. Оң көзқарас бола­шаққа деген сенімділік пен оптимизм сезімін ұялатады», дейді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы