Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2021

Астық сапасы жақсы

274 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Берекеге бөгіп тұратын қоңыр күзде дала төсі еңбек дүбіріне бө­ленген. Алыстағы Астрахан ауданының диқандары қауырт қи­мыл үстінде. Биылғыдай қуаңшылық жылы дәтке қуаты – орыл­ған астық сапасының жылдағыға қарағанда жо­ға­ры­лығы.

Астық сапасы жақсы

Ерте көктемде аудан диқан­да­ры 400 мың гектардан астам алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Көктен июі кем болса да жерден бергеніне әзірге көңіл тоярлық. Жаздың ыстық болуына байланысты жылдағыға қарағанда, астық та ерте пісті. Биыл 15 мың гектар жерге дән еккен Аk Hilal серіктестігінің егістік алқабында сексеннен астам дала ерлері уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Бүгінге дейін материалдық-техникалық базасын нығайтып, техникаларын жаңалап үлгерген ұжымның ең­бек қарқыны да жоғары.

Серіктестік биыл бидай мен арпа егіпті. Әзірге барлық ал­қап­тың үштен бірін тап-тұйнақтай етіп жинап алған. Диқандардың айтуына қарағанда, астықтың шы­ғым­дылығы мақтанарлық бол­ма­ғанымен, есесіне сапасы тәуір. Дені екінші класты. Демек, бағасы да жоғары болмақ. Қамырлылығы да жылдағыға қа­ра­ғанда жақсы.

– Ди­қан қауым әр жыл сайын­ көк­темде үміт етеді емес ­пе?­ – дейді серіктестік құрыл­тай­шысы Магомет Экажев. – Агро­тех­никалық шара­ла­р­ды талап­қа сай уақтылы а­т­қардық. Ты­ңайт­қыштарды да сіңірдік. Алайда жаздың аптап ыстық бол­ған­ды­ғы белгілі. Ен­дігі үміт астық сапасының жақ­сы­лығында.

Жиырма жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ұжым жетекшісі берекенің еңбекке байлаулы екен­ді­гін жыр қылып айтады. Егер жаңа технологияны батыл енгізіп, жұ­мыс істейтұғын болса, құнары мол жер де иіп сала бермек. Тағы бір ескеретін жайт, ауа райы құбылмалы өңірде ендігі арада құрғақшылыққа шыдамды бидай тұқымын қолданған абзал. Соңғы жылдары күн қабағы да өзгеріп келеді. Сондықтан биыл­ғы­дай қуаңшылыққа да дайын болу керек.

Дала ерлеріне барлық жағдай жасалған. Ең­бек­ақылары да то­лым­ды. Көктемгі және күзгі нау­­­қандық жұмыс кезінде қа­уырт қимылдап, жақ­сы нәтиже көрсеткен еңбеккерлер тұп-тура біржылдық табыстарын таба алады. Уақыттан ұту үшін түскі және кешкі астары алқап басына жеткізіліп беруде. Өнімділігі жоғары 12 комбайн мен оннан астам жүк көлігі тәулік бойы дер­лік пайдаланылуда.

Ел ырысын молайтуға ұм­тыл­ған серіктестік диқандары кей­бір алқаптардан әр гектарына 10 центнерден өнім жинауда. Биылғыдай қуаңшылық жылы тәп-тәуір көр­сет­кіш. Ендігісі өнген ел ырысын жерде қал­дырмай жинап алу.

 

Ақмола облысы,

Астрахан ауданы