Әлем • 14 Қыркүйек, 2021

Бельгияда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінде Қазақстанның консулдық округы Эно, Льеж, Люксембург және Намюр провинцияларындағы құрметті консулы патентін беру рәсімі өтті, деп жазады Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бельгияда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Қазақстанның жаңа Құрметті консулы болып 35000-нан астам кәсіпорынды қамтитын «BECI» Сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы Оливье Вилокс тағайындалды. Сонымен қатар, ол Брюссель бизнес федерациясы мен Валлондық кәсіпорындар одағының директорлар кеңесінің мүшесі.

Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан бұл Бельгияның әр түрлі аймақтарында ашылған төртінші құрметті консулдық екенін атап өтті. Олардың мақсаты – екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту.

О.Вилокс өзіне көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамытатынына, сондай-ақ өзінің консулдық округінде Қазақстан азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғайтынына сендірді және алдағы қызметінің негізгі бағыттары бойынша ұсынысын жеткізді.

Құрметті консулға Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпараттық материалдар берілді. Бұдан бөлек Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының негізгі тезистері талқыланды.