Мangystaumedia.kz сайты жазғандай, ол ауылда заңды мекен-жайы жоқ 450 үй бар. 2013 жылы ақшасын санап беріп, жерді сатып алғандар осы уақытқа дейін бір жапырақ құжатты ала алмай келеді.
– Мына жер не үкіметте емес, не жекеменшікте емес. Заңдастырып, бір шешімін табу керек қой. Өзіміз сол жерде тұрамыз, бірақ басқа үйде тіркеуде тұрмыз, – дейді Меруерт Айтанова есімді тұрғын.
Тұрғындар жер учаскесін жеке кәсіпкерден сатып алған. Бірақ, оған ешқандай дәлел жоқ. Ал жердің өндірістік шаруашылық үшін берілгенін олар үйдің бүкіл құрылысы аяқталғанда ғана білген.
– Жерді нақты ақшаға сатып алғанбыз. Біз тегін жер сұрап жатқан жоқпыз, кезінде сатып алған жерімізді заңдастырып берсе болды, – дейді енді бірі.
Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев мәселені шешу үшін сотқа жүгінуге ұсыныс білдіріп отыр. Бұл үйлерді ауданның бас жоспарына енгізу үшін жыл соңына дейін күтуге тура келеді.
– Жерді сатқан адам сотталып, соттың шешімі шықты. Біз тұрғындармен ақылдастық, олардың өкілі жерді рәсімдеу жөнінде сотқа арыз беретін болды. Сосын әкімдік те жол көрсетіп отырады, – дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев.
Ержан Көпжасарұлы мәселенің осы күнге дейін шешілмеуінің себебін айтпады. Дегенмен, тұрғындар алаяқтың құрығына түскенін айтты. Ең қызығы, бір де бір құжаты жоқ тұрғын үйлерге газ құбыры мен электр жарығын әкімдіктің өзі жүргізіп берген.