Қазақстанның көршілес елдерге қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Бізде 130-дан аса этнос өкілдері тұрады. Олай болса, еліміз этносаралық түсіністік пен қоғамдық келісімді сақтау және нығайтуды басты мақсаттарының бірі ретінде қарастырып келеді.
Төменде осы мәселе төңірегінде Мәжіліс депутаттары өз ойларын ортаға салады.
1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан халқының бірінші форумы өтті. Сол форумдағы баяндамасында Мемлекет басшысы “Қазақстан дамыған мемлекеттер қатарында болуы, халқының жақсы өмір сүруі үшін бізге ең керегі елдің бірлігі, қоғамдық келісім, еліміздегі бейбітшілік” дегенді баса айтты. Сол кездері жиналысқа қатысқан кейбіреулер: “Жұрт уақытымен айлық ала алмай жатқан шақта, зейнетақы дер кезінде төленбей отырған кезде, зауыт-фабрикалар тоқтап жатқан тұста осы ынтымақ пен бірлікті айту керек пе еді”, дегендей де пікір білдіріп қалған-тын. Елбасы халықтың бірлігі мен тыныштығы болса, барлығы да болады дегенді сол кездерден жоспарлаған екен ғой.
Жалпы, бірлікке арнаған жақсы сөздер көп. Төле би бабамыздың “Бірлік болмай – тірлік болмайды” дегенінің өзі неге тұрады. Қай кезде болса да қай мемлекетке болса да бірлік міндетті түрде керек. Кеңес Одағы тұсындағы еңбекшілер күнін ел бірлігі мерекесіне айналдырып, атап өтіп жатқанымыздың өзі жарасымды емес пе?! Бұл күні біз тек ән айтып, би билеп қана қоймаймыз, әрбір этнос өкілдері мақсатымыз бен ниетіміздің бір екенін білдіріп жатамыз. Бәріміздің басымыз қосылып, ән тыңдауымыз немесе бір биді тамашалауымыздың өзі сол бірліктің нышаны. Сондықтан бұл мерекені мен өзім ерекше мерекелер санатына қосамын. Елдің бірлігі болған жерде, өзге мәселелердің барлығы да қалпына келе береді.
Бірлік болмаған жерде, кикілжіңдердің орын алатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Тәжікстандағы азамат соғысы, Өзбекстандағы және Қырғызстандағы жағдайлар, Кавказ елдеріндегі қақтығыстар бірлік пен татулықтың жоқтығынан орын алған. Алла бізді осыдан аулақ қылсын.
Әрине, ел болған соң шешілмеген проблемалар кездеседі. Ал оларды басқа елдердегі сияқты жолдармен шешуге әрекеттенбес үшін Елбасы сол Қазақстан халқының бірінші форумында: “Біз бір қоғамдық институт құрайық, сол қоғамдық институтқа барлық этнос өкілдері кірсін, сол жерде өздерінің проблемаларын талқылап, соның шешімін қарастырсын”, деген ой айтты. Сол ой дами келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын өмірге әкелді. Ассамблеяның сессиясы, кеңесі және хатшылығы бар, одан қалса этномәдени бірлестіктері бар солар арқылы кез келген проблеманы шешуге болады. Осы тұрғыдан алғанда біздегі тұрақтылықта Ассамблеяның өзіндік үлесі бар дегенді айтқым келеді. Қазір аталған институт құрамында ғылыми-сараптамалық, қоғамдық кеңестер құрылып, ақсақалдар алқасы қоғамдық ұйымы да өмірге жолдама алуы тиіс. Осылардың барлығы ғалымдар мен зиялыларды Ассамблея жұмысына тартуға мүмкіндік береді. ҚХА-ның соңғы ХV сессиясында Ел бірлігі доктринасының жобасы талқыланды. Бұл құжат жаһандану заманында біздің саясатымыз қалай болуы керек деген сұраққа жауап береді. Сол жоба қарсылыққа ұшырағанымен, барлық қоғамдық ұйымдардың қатысуымен талқыланып барып мақұлданды. Жұмысшы тобы халықтан келген ұсыныстарды саралай отырып, оның маңызын арттыруға қол жеткізді. Жақында елімізге сапар жасаған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі ұлтаралық саясатқа үлкен баға беріп кетті. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті –ел бірлігін нығайту. Доктринада да сол міндет атап көрсетілген.
Қазіргі кезде этномәдени бірлестіктер Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайына көшуде. Ғимараттың төртінші қабатында орналасқан бірлестіктер өздерінің мұражайларын жасауда. Онда ұлттық киімдер, ұлттық аспаптар және өзгелері қойылып жатыр. Мұның барлығы ел бірлігі мен татулығы үшін қажет дүниелер.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚХА-дан сайланған Мәжіліс депутаты.