Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2021

Халықтан алғыс алғанға не жетсін?

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сол түні Қызылжардың іргесіндегі Бескөл ауылында болған өрт көп адамның есінде. Аспанға көтерілген жалын айналаны жап-жарық қылып жіберген еді. Бұл Бескөл тұрғыны А.Нұрғалиевтің үйінен шыққан өрт болатын.

Халықтан алғыс алғанға не жетсін?

Көршілердің дабылымен өрт сөндіру­ге № 13 өрт сөндіру бөлімі гар­ни­зонының өрт сөндіруші қарауылы бірнеше минуттан кейін жеткенімен, өртті бірден құрықтауға шамалары келмеді. Өрттің ошағы газбен жылытылатын монша екен, енді жалын жақын орналасқан үй мен шаруашылық құрылыстарына «ауыз сала» бастаған. Жалын тұрғын үйді шарпыса бір үйлі жан далада қалмақ. Бірақ жанкештілікпен әрекет жасаған өрт сөндірушілер оттың одан әрі таралуына жол бермеді. Тілсіз жаумен жанталаса арпалысқан олар бірер сағаттың ішінде отты толық ауыздықтап, үй иелерінің алғысын алды.

Кейін үй иесі А.Нұрғалиев өрт сөндірушілерге ғана емес облыстық ТЖ департаментінің бастығы, полковник Рамиль Камаловтың атына да хат жолдап, ризашылығын білдіріпті. Онда өртке қарсы қызмет қызметкерлеріне осы өртті жою кезінде көрсеткен кәсібилігі мен жеделдігі үшін үлкен алғысын білдіріпті. «Сіздің қызметкерлеріңіз ерен ерлік көрсетіп, тілсіз жауға төтеп беріп, жарты сағат ішінде отты сөндіріп, өз істеріне шебер екендіктерін көрсетті. Осы ауысымда жұмыс істеген азаматтарға: қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұржан Жасұлан мен сержанттар Айбек Айдабосыновқа, Ернар Шәріповке, Ербол Есжановқа және өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі Жамбыл Жамалиевке өте ризамын. Олар өртті сөндіріп қана қоймай, зардап шеккен біздің отбасымызға жанашырлық көрсетті», делінген хатта.

«Өрт сөндірушінің жұмысы қиын әрі қауіпті, өрт сөндірушілер материалдық және мәдени құндылықтарды қорғап, адамдардың өмірін құтқарып, аза­мат­тардың бейбіт тыныштығын қамтама­сыз ете отырып, өздерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Ал кез кел­ген уақытта алған алғыс сөздер осы батыл мамандықтың әр өкіліне өте қымбат», дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобының бас маманы Евгений Журавлев.

Әрбір қызметкердің өз ісіне жауапкершілікпен қарап, халықтан алғыс алғанына не жетсін.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Қызылжар ауданы