Қоғам • 15 Қыркүйек, 2021

Күдікті құрықталды

629 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда солтүстікқазақстандық полиция қызметкерлері Петропавл қаласының Абай көшесінде есірткі сатып жатқан жерінде 34 жастағы бұрын мүліктік қылмысы үшін сотталған күдіктіні құрықтады.

Күдікті құрықталды

Әрине, бұл іске дейін полиция қызметкерлері оның соңына түсіп, жедел іс-шаралар жүргізген. Бірақ қылмысты қолдан ұстау үшін күдіктіні ұзақ уақыт аңдуға тура келген. Ақырында полицейлер үшін операция сәтті аяқталып, күдікті 2 кг гашиш өткізгелі жатқан жерінде қылмыс үстінде ұсталды.

Гашиш – қарасораның жабысқақ жапырақтарын ұнтақтап, брикеттеліп жасалынған есірткінің дайын  түрі. Ол қатты немесе ұнтақ түрінде де болады. 2 кг гашиштің қара базардағы бағасы өте қымбат, сондықтан мына күдіктінің қылмысы Қылмыстық кодекстің «Есірткі заттары, олардың тектестері мен прекурсорларының жиынтық кестесіне» сәйкес аса ірі көлемге жатады. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі: «Есірткі, психотроптық заттар­ды, сол тектестерді өткізу мақсатында заң­сыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақ­тау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бо­йынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер­дің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті­ге қатысты қамаққа алу түріндегі шара тағайындалды.

– Баптың санкциясына сәйкес күдікті осы қылмысы үшін 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Есірткіні өткізгені үшін заңнамада қатаң жауапкершілік көзделген. Жыл басынан бері облыста барлығы 139 есірткі қылмысы, оның ішінде 35 өткізу фактісі анықталды. 287 килоға жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде 4 кг 130 гр-нан астам синтетикалық есірткі тәркіленді, – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.

 

Солтүстік Қазақстан облысы