Білім • 15 Қыркүйек, 2021

Елдегі 147 мектепте оқушылар үш ауысымда оқиды

966 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда үш ауысымды мектептер саны бойынша Алматы, Маңғыстау облыстары мен Шымкент көшбасшы болып шықты, деп жазады Egemen.kz.

Елдегі 147 мектепте оқушылар үш ауысымда оқиды

Еліміздің 147 білім беру мекемесінде сабақ шамадан тыс жүктелген. Яғни, 250 мыңға жуық бала үш ауысымда білім алып жатыр, деп хабарлайды «31 арна».

Үшінші ауысымда оқитын оқушылардың сабағы 16:25-те басталады. Шымкенттегі бірінші қалалық мектепте 4 мыңға жуық оқушы оқиды, олардың 700-ден астамы, яғни жоғары сынып оқушылары үшінші ауысымда оқиды. Шымкентте осындай жүктемесі көп 9 мектеп бар.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, осылайша 40 оқушы емес, тек 25 оқушыдан тұратын сынып құруға болады. Оқу жылы басталғанға дейін үш ауысымда білім алатын 14 мектеп болған, бірақ  12 мың адамға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілген. Оған осындай үш ауысымда оқитын оқушылар мен апатты мектепте білім алып жатқандар ауыстырылған.

«Үш ауысымда оқитын мектептер үшін біріккен оқу бағдарламасын құрдық. Балалар кешкі 10-ға дейін оқитын мектептер жоқ. Дене тәрбиесі, өзін-өзі тану, еңбек, тарих және басқа да қосымша сабақтар онлайн режимінде оқытылады», деп түсіндірді Тажиева.

Олар 2025 жылға қарай қаладағы үш ауысымды мектептер мәселесін толық шешуді жоспарлап отыр. Осы уақыт аралығында 72 білім мекемесі салынуы керек.