«Биыл еліміздің 730 ауылдық округінде алғаш рет әкімдердің тікелей сайлауы өткен. Бұл бір реттік науқан емес. Әкімдердің өкілетті мерзімі аяқталуына қарай сайлау басқа елді мекендерде де өтеді. Іс жүзінде апта сайын Қазақстанның қандай да бір өңірінде ауыл тұрғындары өз әкімін сайлайды. 1 тамыздан бастап тікелей дауыс беру арқылы тағы 21 ауылдық округтің басшылары сайланды. Сонда бүгінге дейін барлығы 751 ауылдық округте әкім сайлауы өткен», деп жазды Президенттің көмекшісі.
Оның айтуынша, сайланған әкімдердің 86%-ын саяси партиялар кандидат ретінде ұсынса, 14%-ы өзін-өзі ұсынған.
«Сайланған әкімдердің 50%-ға жуығы – бұрын әкім лауазымында жұмыс істеп көрмеген жаңа тұлғалар. Осылайша, тікелей сайланбалы жүйенің енуі ауыл әкімдері корпусының жаңаруына септігін тигізіп жатыр деп айтуға болады. Жыл соңына дейін тағы 70-тен астам ауылдық округте әкім сайлауын өткізу жоспарланып отыр», дейді Ерлан Қарин.