Қазақстан • 15 Қыркүйек, 2021

Халық санағында не үшін көп сұрақ қойылады?

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихаты барысында халық санағы туралы түсіндірді, деп жазады Egemen.kz.

Халық санағында не үшін көп сұрақ қойылады?

«Соңғы 2009 жылғы санақта респонденттер 45 сұраққа жауап берді. 2021 жылғы халық санағында 91 сұрақ бар, оның 69-ы міндетті, 22-сі - нақтылау сұрақтары. Сауалнамаларға демографиялық, тұрғын үй, жұмыспен қамту мәселелерінен басқа, азаматтардың денсаулығы туралы сұрақтар кіреді, оның ішінде респонденттер «коронавируспен ауырдыңыз ба?», «вакцина салдырдыңыз ба?» деген сауалдар бар», дейді ол.

Бөлім бастығы сауалнамаға пандемияның әсері туралы сұрақ неге қосылғанын түсіндірді.

«Сол арқылы респонденттердің жалпы жағдайы туралы білуге ​​болады. Алынған мәліметтер тексеріледі және өңделеді. Қорытынды 2022-2023 жылдары он жинақ болып шығады. Онда: этникалық құрам, көші-қон, білім, неке мен отбасы, үй шаруашылығы, жұмыспен қамту, табыс пен күнкөріс көзі, тұрғын үй сипаттамасы қамтылады», деді А.Әбілдабеков.

Өз кезегінде, санақ нәтижелері экономикалық болжауға, жұмыспен қамту саясатын айқындауға, басқа әлеуметтік бағдарламаларды құруға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың функцияларын орындауға, ғылымды және жалпы қоғамды ақпараттық қамтамасыз етуге пайдаланылатын болады.

«Алынған мәліметтер аймақтың экономикалық дамуы үшін пайдаланылатын болады. Мысалы, балабақша, мектеп, аурухана, емхана салу үшін пайдаланылады», деп қосты А.Әбілдабеков.

Халық санағы кезінде алаяқтардан қорғану үшін спикер интервьюерлердің ерекше киімдеріне назар аударуға кеңес берді.

«Сұхбат алушылар 1 қазаннан 30 қазанға дейін үй-үйді аралайды. Әр санақ жүргізушіде Алматы қаласының статистика департаментінің мөрі басылған фотосурет идентификаторы, ұлттық санақ белгілері бар шарф пен сөмке және деректерді енгізуге арналған электронды планшет болады. Құжаттың дұрыстығын sanaq.gov.kz сайтынан тексеруге болады. Мұны істеу үшін сізге ID нөмірін арнайы іздеу жолына - «Сұхбат берушіні іздеу» (оң жақ жоғарғы бұрышта орналасқан) жазу қажет», деді ол.