Білім • 15 Қыркүйек, 2021

2 мыңнан астам оқушы дәстүрлі оқыту форматына оралды

266 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда 2 мыңнан астам оқушы онлайн форматтан дәстүрлі оқыту форматына оралды, деп жазады Egemen.kz БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2 мыңнан астам оқушы дәстүрлі оқыту форматына оралды

Естеріңізге сала кетейік, жаңа оқу жылының басында Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты ата-аналарға оқыту форматын таңдау мүмкіндігі берілді. Сол кезде оқушылардың тек 5,6%-ы, яғни 17 мыңнан астамы онлайн форматта оқуға ниетті болды. Эпидахуалдың жақсаруын бақылай отырып, екі мыңнан астам оқушының ата-анасы қашықтан оқыту форматынан бас тартып, балаларын мектепке жіберді.

Алматы қаласы әкімдігі білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева қалада 300-ге жуық мектеп бар екенін атап өтті. Оқушылардың жалпы саны бойынша балалардың сырқаттану пайызы оқу жылы басталғанға дейінгі сырқаттану деңгейімен салыстырғанда бірнеше есе төмен.

«Мектепте балалардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін кешенді санитарлық шаралар қабылданды. Икемді сабақ кестесі құрылып, бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үшін қосымша ауысымдар мен әртүрлі уақытта үзілістер ұйымдастырылды. Оқушылардың бір кабинеттен екінші кабинетке ауысуына тыйым салынды. Сабақтар «бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша жүргізіледі. Мұғалімдер мен ата-аналар арасында санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», деп жазылған ведомство хабарламасында.