Әдебиет • 15 Қыркүйек, 2021

Пандемия: әдебиеттегі көңіл күй

1253 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін

Әр замандағы ірі оқиғаларды, тарихи сәттерді бүгінгі ұрпақ әдебиет пен тарихтың қағаз бетіндегі мыңжылдық архивтерінен оқиды, санаға түйеді. 

ХІХ ғасырды әдебиеттанушылар «тұтастай Бальзактың табысты ғасыры» деп есептейді. Қалай дегенмен де, әдебиет өз міндетін толық атқарып келе жатыр. Жаһанды жайлаған мынау коронавирус әр мемлекеттің дамуы­на, адамдардың көңіл күйіне, денсаулығына өзгеше әсерін тигізді, экономиканың халі де мәз емес. Ал осы індет қоғамның қан тамыры саналатын әдебиетке қалай әсер етті деген заңды сұрақ туындағалы қашан. Біз осыған жауап табу үшін ағылшынтілді әлем қаламгерлерімен халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Аталған дөңгелек үстелге Ғассан Хамдан (ақын, Иран),  Нұрғали Ораз (жазушы, Қазақстан), Нора Боссоң (жазушы, Германия), Франк Баез (ақын, Доминикан), Нұро Намжы (ақын, Қытай), Фиона Болгер (ақын, Ирландия) және Аигиз Баймұхаметов (жазушы, Башқұртстан) қатысып отыр. 

Бұл вирус әдебиеттің тақырыптарына әсер етеді

– Жаһанды жайлаған коронавирус әде­­биет­тегі көңіл күйге қалай әсер ет­ті? Қай жағынан әсер етті деп ой­лай­­­сыздар?

Ғассан ХАМДАН:

– Коронавирус дағдарысы әде­биет­ке ғана емес, қоғамның барлық салаларына ерекше әсер етті. Бұл бизнес пен эко­­номикаға да оңай тимеді, жұмысқа орна­ласу мүмкіндігі азайып, саяхат пен сауда мүшкіл халге жетті. Өзің білесің, әлемдегі қалам ұстағандардың бәрі тек қана шығармашылықпен өмір сүрмейді. Олардың көпшілігі жұмысшылар немесе шағын, орта кәсіптері арқылы отбасын асырайды. Көптеген қаламгерлер басқа жер­лерге тек туристік мақсатта ғана емес, сонымен қатар өз шығармаларына қа­жетті кейіпкерлерін табу үшін барады. Бірақ пандемияға байланысты бар­лық жердегі саяхат тоқтады. Егер өмір­дің барлық аспектілері шектеулі болса, әдеби және көркемдік жобалар да шектеуге ұшырайды. Көптеген адамдар шығармашылықпен айналысатындарды жалғыздыққа бойы үйренген деп ойлайды. Бұлай ойлау дұрыс емес. Жазушы мен ақын да ет пен сүйектен жаралған пенде, сондықтан кейде көшуге және орын ауыстыруға тура келеді. Осындай аласапыран кезде баспагерлерінен көз жазып қалған авторлар да болды. Қалай болғанда да, мен тек пандемияның теріс әсері туралы айтқым келмейді, өйткені біз әр нәрсенің абсолютті емес екенін бі­ле­міз. Иә, бұл пандемияның кейбір жа­ғымды әсерлері де бар, мысалы, әңгі­ме жазу, фильмдер көру, музыка мен өнер туындыларын жасау үшін таптырмас қо­лайлылық. Жазушыға айналасында болып жатқан оқиғалар әсер етеді, ал бұл оқиғалар кейде қаламгерлердің шығармаларына деталь бола алады.

1

 

Нұрғали ОРАЗ:

– Барша адамзатқа бірдей қауіп, ортақ уайым әкелген індет – кім-кімнің де, қай-қайсымыздың да ет пен сүйектен жа­ралған пенде екенімізді еске салып тұр­ған жоқ па. Ендеше адам баласы асып-тасқан, кеуде қаққан, артық-ауыс қадам басқан кездері үшін кешірім сұрап, тәубеге келіп, ертеңгі күні кезегі жетсе, ешкімге кінә артпай, «ана жаққа» ар-абыройын сақтап аттанатын шақ туға­нын бір сәтке болса да сезінуі керек.

Әдебиетте де, өнерде де мұндай ой ежелден бері айтылып келе жатыр. Осы ретте литвалық суретші Микалоюс Чюрленистің «Жерлеу симфониясы» деп аталатын картиналар циклын еске алсақ та жеткілікті. Бұл кезең, әрине, әдебиетке жаңа бір кеңістіктің қақпасын ашатыны анық. Бізге дейінгі тарихтан белгілі оба, тырысқақ (холера) секілді алапат індеттерді көрмеген ұрпақ коронавируспен бетпе-бет келді. Кеше ғана күліп амандасып, әңгімелесіп, әзілдесіп жүрген қаншама қимас адамдарымыздан мезгілсіз айырылдық... Бұл дегеніңіз, орны толмас қасірет қой.

Алайда өз басым, қоштасу реквие­мі­нен гөрі (себебі ол, ерте ме, кеш пе, бәрі­бір жазылады ғой), әлемде болып жа­тқан мынау оқиғаларға терең талдау жасап, таным-түсінігімізді кеңейтетін шы­ғармалардың дүниеге келгенін қалар едім.

1

Нора БОССОҢ:

– Пандемия қазіргі адамдардың осал­ды­ғын көрсетті. Бұл жағдай әрине, әде­биет­ке өзгеше әсер етеді. Сонымен қатар біз­ді бір-бірімізбен байланыстыратын қоғамнан алыстатады, мейлі ол аймақтық болсын, жаһандық болсын, бізді оңаша жүруге әдеттендірді. Қай мемлекетте, қай ұлтта, қай заманда болсын, адамдар арасындағы ынты­мақ­тас­тық мәселесі жаңа деңгейде болуы керек.

1

Франк БАЕЗ:

– Әрине, әсер етпей қалсын ба? Әде­биетті осы саламен айналысып жүр­ген адамдар жасайды деген күннің өзін­де, қазіргі жағдай бізге ойланудың қа­жетті сәт екенін сезіндірді. Егер Covid-19 пандемиясы әдебиетке әсер етсе, қай тұрғыдан әсер етеді деген сұ­рақ туындайды. Меніңше, әдебиеттің тақырыптарына әсер етеді. Бұдан бұрын сезім, махаббат тақырыбы көбірек болса, енді сол қатарға коронавирус туралы тақырыптар қосылар деп ойлаймын. Бірақ бірден оқырманды разы ететін шығармалар жазыла қояды деген ойдан аулақпыз. Дегенмен бірте-бірте әдебиетте осы үрдіс көрініс табады. Ал екінші мәселе, бұл пандемия әдебиет пен өнердің формасына да өз ықпалын ти­гізеді, мүмкін, бұл жағдайды мен әде­биеттің өзгеруі мен дамуына бастар ба­ғыттың бір түрі деп қабылдар едім.

1

Нұро НАМЖЫ:

– Коронавирус қазіргі әдебиетке үл­кен әсер етті. Бірақ бұл вирус болма­са да қаламгерлер жазғысы келген шы­ғармасын жаза беретін де еді. Дегенмен аталған індет қалам ұстап жүрген қауымға жаңа деректер ұсынуы мүмкін. Әлемдегі тыным таппаған соғыстар, табиғи апаттар мен оба кеселі адамзатқа ауыр қауіп төндіріп, зор алапат шығын әкеледі. Жаңа типтегі бұл вирус тарихтағы ұқсас індеттерді есімізге салды. Санамызды жаңғыртты. Сонымен қатар олар эпидемияны көрсететін әдеби шығармаларды қайта оқи бастады. ХІV ғасырдан бас­тап оба Батыста кеңінен таралған және әдеби шығармаларда әртүрлі жолмен бейнеленді. Осы эпидемияның алдын алу кезеңінде мен француз жазушысы Альбер Камюдің «Оба» романын әдейі оқыдым. Бұл роман адамзатқа қауіп төндірген оба ауруы басталғаннан кейін Солтүстік Африкадағы Оран деп аталатын қалада көптеген адамдардың обаға қарсы күресуінің тарихын суреттейді, оның кейіпкері доктор Киль мен ондағы батыл адамдардың қайсар рухын айқын көрсетеді. Болаттай төзімді адамдар үмітсіздіктің де, күйзелістің де күйін кешпей, абсурдтық ой арқылы үміт пен ақиқаттың, әділеттіліктің ұлы рухын қару етеді. Жазушылар әрқашан өз кейіпкерлерін әртүрлі деңгейде сөйлетеді, және олардың баз кешуіне де мүмкіндік береді. Ендеше біз бақылау нүктелерін кезекті жаңа вирус ретінде қарастырайық! Құмырсқаларды ыстық қазанда қайнату да – әдебиет. Мұнда айтылған ыстық қазан дегеніміз қалам­гер­лер сөзсіз бастан өткізуі керек үрдіс бол­мақ, ендеше, бұл үрдістің аты – коро­на­вирус.

1

Фиона БОЛГЕР:

– Бұл сұрағыңыз адамды ойлануға жетелейді екен. Расында коронавирус әде­биетке әсер етті ме, жоқ па, осы жө­нін­де қаламгерлер бір сәт болса да ойлануы керек. Бірақ мен басқалардың атынан ештеңе айта алмаймын, тіпті өткен шақ үшін де бірдеңе деуге қауқарсызбын. Егер бірдеңе айтуым тиіс болса, тек өзім үшін ғана жауап бере аламын. Ал мен пандемияның кесірінен болған Дублиндегі құлдырау туралы айтқым келеді. Ирландия маған өз өмір салтыма назар аударуға мүмкіндік берді. Тіпті академиялық бағыттың маған сай емес, менің бағытым басқа екенін түсіндіріп берді. Менің ендігі нақты жұмысым – өзгелердің көңілінен шығатын жақсы шығармалар жазу.

1

Айгиз БАЙМҰХАМЕТОВ:

– Пандемия әдеби өмірге қатты әсер етті. Біріншіден, әр елде қалам ұстаған қаламгерлердің болуы біз үшін үлкен бақыт. Шектеулер басталған соң, барыс-келі­сіміз азайды. Ал ақын-жазушы үшін өзара қарым-қатынас ауадай қажет. Екіншіден, коронавирусқа қарсы шаралар басталған кезде адамдардың бар­лы­ғы өз үйлеріне амалсыз қамалды. Бізге қарапайым байланыс жетіспеді. Әне, соның салдарынан сіз адамның құндылықтарын қатты бағалай бастайсыз. Адамсыз адам өмір сүре алмайды. Біз қоғамсыз, өзара байланыстарсыз өмір сүре алмаймыз. Кейбіреулер бір нәрсенің бағасын түсіну үшін оны жоғалту керек деген көзқараста. Пандемияның келуі – адамдар мен адамдар арасындағы барыс-келісті жоғалтты. Ал осы қиын сәттерде әдебиет бізге кө­мектесті. Кітап оқу бізді ауыр ойдан, жал­­ғыздықтан, қандай да бір кеңістіктегі шек­­теуден бір сәтке оңашалады. Бұл тағы да әдебиеттің пайдасы екенін айт­қым келеді. Мүмкін, бұл жаһандық пан­демия болашақ шығармаларға жаңа та­қы­рыптар әкеледі.

 1

Бұл тақырып сәнге айналып кетуі мүмкін

– Кешегі Гарсия Маркестің «Холера тұсындағы махаббаты», Альбер Камюдың «Обасы» құдды осын­­дай әлемге ықпал еткен вирус­ты сөз етеді, болашақта коронавирус тура­­лы үлкен шығармалар жазылуы мүм­­кін бе?

Нұрғали ОРАЗ:

– Әрине, жазылады. Керек десеңіз, бұл тақырып сәнге, яки, модаға айналып кетуі де мүмкін. Бірақ әдебиеттің ең басты миссиясы – адамзатқа ой салу, пәлсафа түю екенін ұмытпағанымыз абзал. Тегінде, адам баласының жүрегін жылытатын, үмітін үкілейтін, мейірімін оятатын шығармалардың өміршең болатыны анық. Г.Г.Маркестің «Холера тұсындағы махаббат» романы да сондай, романтикалық шығарма ғой. Ондағы «холера» қартайған, өз өмірінің соңғы күндерін өткізіп жатқан екі кісінің – шал мен кемпірдің кедендік бақылаудан оңай өту үшін ойлап тапқан амалы. Және мұндай таңбамен өткен кеменің қайтып оралуға құқы жоқ екенін білгенде, бұл олардың ақырғы сапары екенін оқырман жақсы түсінеді.

Коронавирус туралы романдардың болашақты күтпей-ақ, қазірдің өзінде жа­зылып жатқанына күмән келтір­мей­мін. Бірақ өз басым, әлемде болып жатқан оқиғаларға бірден үн қатып, азды-көпті сенсация жасағысы келетін автор­лардың емес, шын мәнінде, көр­кем, философиялық туынды жазатын жазу­шылардың жаңа шығармасын күтер едім. (Әрине, оған ғұмырымыз жетсе...)

Франк БАЕЗ:

– Латын Америкасында осыған дейін аталған пандемияға байланысты бір­не­ше романдар, өлеңдер мен очерктер жарық көрді. Олардың көпшілігін осы құбылысты пайдаланғысы келетін бас­па­герлер тапсырыспен жаздырған. Мен осы пандемияның адамзат қоғамына келген ірі сынақ, өте үлкен оқиға екенін мойындаймын. Өз жөнімнен алғанда, мұн­дай тақырыпта жазу өте қиын. Сол сәттегі өмірді, ауруханалардағы өлім мен өмір арпалысын, алуан түрлі тра­гедияларды, теңсіздікті, жұмыс орын­­дарын жоғалтуды, сана мен жанға түс­­кен күйзелістерді, қауышу мен жо­ғал­­тудың арасындағы тағдырды сөз ете­тін көптеген романдар немесе фантас­ти­калық шығармалар алда жазылады деп сенемін.

Нора БОССОҢ:

– Әрине жазылады. Қаламның күші жет­се. Германияда алғашқы «Коро­на­вирус күнделіктері» атты шығармалар жинағы жарық көрді. Ал осы тақырыпты қаузайтын керемет романдар кейінірек жазылатын шығар. Мейлі кім жазса да, осы індеттің тарихи шындығын, адам­затқа әкелген қаупін, әр отбасында болған трагедияны шынайы жазса, оқырман жақсы қабылдар еді. Бірақ коронавирус туралы шығарма жазу әрбір қаламгерге міндет емес. Кім жазғысы келеді, сол жазса, онда дені дұрыс туын­ды өмірге келер еді.

Ғассан ХАМДАН:

– Әрине, бұл вирус және оның барлық күтпеген мутациясы туралы керемет шығармалар әлі алда жазылар деген ойдамын. Көптеген елдерде аталған вирус туралы мақалалар жарияланып та болды. Иранда және араб елдерінде коронавирус туралы көптеген әңгімелер жазылды. Өлеңдер мен пьесалар да оқырманға ұсынылды. Осы арқылы кей­бір жазушылар пайда табуды көздеп, ко­ронавирус туралы коммерциялық кі­тап­тарды жазып, тезірек қалталы болу­ға асығуда, бірақ олар, әрине, сәтсіз­дік­ке ұшырайды... Әлемнің екі полюсі арасындағы ғарыштық бәсеке дәуірінде ойдан шығарылған романдар жазғандар да болған. Исаак Асимов сияқты галактикалар туралы қалам тербегендер де оқырман санасынан әлі өшкен жоқ. Біз сондай-ақ өзге ғаламшарлықтар, тіпті зомби сияқты қорқынышты жаратылыс­тар туралы жұмбақ романдар жазған Стивен Кингті де жақсы білеміз, ал соңғы жаратылыстар көптеген жазушылар мен кинорежиссерлерге шабыт берді. Көптеген әдеби туындылар кино мен телехикаяға айналып, олар бір-бірімен үндесті. Зертханалардан вирустардың ағып кетуі туралы жазылған бірнеше әдеби туындылар жарыққа шықты, сондықтан мен жоғарыда айтқанымдай, біз отбасылық қарым-қатынас, махаббат пен адамдар арасындағы үндестік тура­лы айтатын коронавирус пандемия­сы туралы керемет романдардың куәсі болатынымызға сенімдімін. Пандемия құрбандары, әсіресе қарттар туралы бүкіл әлемге тараған керемет суреттер бар екенін ұмытпайық, өйткені кейбір отба­сылар оларды қатты сағынады, иә, әлі де сағынады.

Нұро НАМЖЫ:

– Дұрыс айтасыз, коронавирус туралы шығармалар жазылуы керек. Коро­на­вирус – болашақта жақсы шығар­ма жазамын деген қаламгерге таптыр­мас материалдың негізі. Көптеген жазушылар туындысына деталь боларлықтай жақсы материалдың жоқтығынан то­қырау күйін бастан кешеді, сондықтан олар жиі қалам суытады. Мұндай сәт­те біз жазушыны сыралғы аңшы, ал та­қырып пен материалды олжаға теңеуі­міз­ге әбден болады. Жақсы материал іздеп жүрген жазушы мен ашыққа шығар аңды күткен аңшы да ұқсас күйде. Цин әулетінен шыққан зиялы Чжао И бір кездері Юань Хауэннің өлеңдері мен очерктер жинағын оқыған соң, оның өлеңдері мен Цзинь династиясының тарихи құжаттарын реттеуге қосқан үле­сін мақтау үшін «Йишан туралы өлең­дер» поэмасын жазды. Сонымен бірге ол Юан Хауэннің өлеңіне «Мемле­кет­тің бақытсыздығы – ақынның ба­қы­ты, ал өмірдің қиыншылықтары оның шы­ғар­ма­шылығы үшін таптырмас материал» деген түсініктеме жазады.

 Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың «Оба түндері» атты жаңа кітабы Түркияда алғаш рет 2021 жылы наурызда жарық көрді. Менің ойымша, коронавирусты тақырып еткен шы­ғармалар жазыла бастады, тіпті біз ойла­ғаннан да көп жазылуы мүмкін. Біз үшін оның саны емес, сапасы, оқыр­манға әсері, сол уақыттағы адам мен қоғамның келбетін суреттей алса болғаны. Бір қаламгер күн туралы өлең жазса, мен оған еліктесем, ол бір күні ай туралы жазса, ұқсас тақырыпта мен де бірдеңе түртсем, онда әдебиет кері кетеді. Кешіріңіз, әдебиет ешқашан сән қумайды. Тарих бетінде, оқырманның жүрегінде, уақыттың бедерінде қалатын әдеби шығармалар белгілі бір оқиға туралы жазылғаны үшін емес, шығарманың сүбелілігінен болмақ. Күллі әлем таңдай қағатын Гарсия Маркестің «Холера тұ­сындағы махаббат» пен Камюдің «Оба­сы» міне осындай тамаша еңбектер.

Айгиз БАЙМҰХАМЕТОВ:

– Бұрын әлемде жаһандық апаттар болып жатқанын тек кітаптардан немесе тарихи мәліметтерден оқитынбыз. Біріншіден, көптеген адамдардың өмірін қиятын аурулар көп уақыт бойы адамдар санасынан кете қойған жоқ. Бірақ өзіміз де мұндай қайғылы оқиғаның куәгері боламыз деп ойламадық. Коронавирустың күші мен трагедиясына бастапқыда сенбедік және бұл аурудың ауқымын елестете алмадық. Өкінішке қарай, біз достарымыздан және туыстарымыздан айырыла бастағанда, болашақта нендей істер күтіп тұрғанын түсіндік. Мысалы, Башқұртстан биыл көптеген тамаша ұлы перзенттерінен айырылды: олардың дені жазушылар, суретшілер, ғалымдар, мемлекет қайраткерлері. Ал маңыздысы: ауру әлеуметтік шығу тегіне, дәрежеге және атаққа қарамайды екен. Өлім алдында бәріміз теңбіз.

Ал қазір мына әлем еріксіз өмір мен өлім туралы тереңірек ойлана бас­та­ды. Өйткені ештеңе мәңгілік емес. Бастауы бар әрбір істің соңы болатыны анық. Ал сіз жасаған нәрсе өмірде қалады. Мен мәңгілік өмір сүретін шығармалар жазғым келеді. Менің ойым­ша, бұл тұр­ғы­­дан коронавирус бізге үлкен сабақ болды. Біз қоғамымыздың құнды­лық­­тарын қайта қарауымыз керек. Шоу­мен­дер, блогерлер, суретшілер тура­лы да көзқарасымыз айқындалды. Өйт­кені біз соңғы кездері жұмысшы ма­мандығын ұмыта бастадық. Біздің өмі­рі­мізге жағдай жасайтын дәрігерлер, мұ­­ғалімдер мен пайдалы мамандықтар... За­уытта жұмыс істейтіндер, бірақ олар үне­мі назардан тыс қалады.

Осыған байланысты біздің қоғамда, әлемде әділдік орнауы керек. Әйтпесе, адамзат ұрпағы құрып кетуі мүмкін. Өйткені «Жұмысшыларға қамқорлық жасаңыз, егер олар болмаса, мына өмір­де тексеретін және бақылайтындар ғана қалады» деген әзіл бар. Тағы бір нәрсе: біз қиындықты жеңе аламыз, бірақ береке-бірліктің күшімен ғана. Болашақта бұл оқиғаның ізі әдебиетте көрініс табады деп ойлаймын. Апокалипсис туралы көптеген фантастикалық кітаптар бар. Қалай дегенмен, жазушы фантазиясын қосып, сюжет ойлап табуы керек. Ал мына вирус туралы шығарма жазарда ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ, бәрі біздің көз алдымызда болып жатыр ғой. Жазушы үшін бұл жақсы шығармашылық мүмкіндіктің өзі емес пе?! Болашақта біздің замандастарымыздың бірі коронавирус туралы жақсы роман жазуы әбден мүмкін.

 – Осыған дейін біз жастанып оқып келген мәңгілік туындылардың көбі оңаша сәттердегі ойдың жемісі екені шын­дық. Ендігі сұрағым осы туралы бол­­мақ. Алдымен Нұро Намжы сізден сұ­ра­йыншы, әдебиеттегі оңа­ша­лық туралы көзқарасыңыз қандай?

Нұро НАМЖЫ:

– Егер әдебиетте оңашалық болса, мен оны оқырмандарға беріледі деп ойлаймын. Әдебиеттегі оңашалық оқыр­ман­дарды жалғыз қалдыра ма деген сұрақ мені мазалайды. Осы тұста мен сұх­бат алушы мен сұхбат берушінің қа­рым-қатынасы жағынан қателескен сияқ­тымын.

«Шығарма иесіне ұқсайды» деген пікірді адамдар жиі айтады. Бұған мен ешқашан келіспеймін. Таланты бар кал­лиграфтар тобын білемін, бірақ олар­дың туындылары әлі де көңіл көн­шіт­пейді. Мәтін дәлірек болуы керек. Сонымен бірге салынған сызықтар арасында боскеңістік болуы тиіс. Әдеби шығармалар – автордың ішкі әле­мі­нің бейнесі. Ал сіз айтып отырған әдебиет­те­гі оңашалық – оқырманға жақсы шы­ғар­ма ұсынудың белгілі бір әдісі деп ойлаймын. Бірақ барлық әдеби туындыларды жазу үшін оған оңашалық қажет емес.

Гарсия Маркес «Жүзжылдық жалғыз­дық­та»: «Жалғыздық – жалғыздықтан құтылудың жалғыз жолы» – деп жаз­ды. Кезінде ұлы адамдар жалғыз қал­ған сияқты, бірақ ең бастысы – біз жал­ғыз­дықпен өмір сүруді үйренуіміз керек. Жалғыздық – бұл туа біткен қасиет. Кез келген уақытқа қарамастан, әр­кім­де жалғыздық сезімі болады. Егер өмір­ді әлі де жақсы көретін болсаңыз, жал­ғыз­дық қорқынышты емес.

– Бүгінгі Доминикан мемлекетіндегі көр­некті ақындардың бірі Франк Баез бұл сұраққа не дер екен?

Франк БАЕЗ:

– Менің ойымша, жақсы шығарманы жазуға отырғанда, өзің оқығың келген кітапты қолға түсіргенде, біз ешқашан жалғыз емеспіз. Сол сәтте автор немесе бірнеше кейіпкер бізбен кітап арқылы сөйлесіп отырады, олардың айтқан әр сөзі, үні құлағыңда жаңғырады. Әде­биет­тегі парадокстардың бірі – кітап арқылы бізбен сөйлесетін кейіпкерлер үнін тыңдау үшін оқшаулану. Мен өзімді қайда, қандай сәтте жалғыз сезінемін? Жалғыздық деген бар ма тәйірі? Топ­тас­қан орталарда, көпшіліктің арасында немесе бірнеше адаммен қыдырып жүргенде өзімді жалғыз сезінемін.

Фиона БОЛГЕР:

– Пандемиядан бұрын да әдебиет саласында әркімнің өзінің оңашалығы болды. Көркем шығарманың басым көбі әдетте оңаша сәттерде қағазға түсті, сол арқылы оқырманға жетті. Әлемдегі көптеген ақын мен жазушы осы сәттерін жақсы көреді, қадіріне жетті деген ойдамын. Оңашалық олар үшін өмір, күш, шығарма. Осы пандемия басталғалы бұл күйдің де бұрынғы қалпы өзгеріп кеткендей. Себебі мына індет адамның көңіл күйіне әсер етеді. Мен кейде оңаша қалып көрдім, бірақ бұрынғыға қа­рағанда, айтарым аз еке­нін байқадым. Себе­бі дәл осы сәтте ме­нің сөйлесетін де, мені тыңдайтын да ешкі­мім жоқ еді.

Біздің жақта тұрғын үй бағасы аспандап кетті, сол үшін мен өзім сияқты Ир­л­ан­диядан кетуге мәжбүр болған дос­та­рыммен жақсы қарым-қатынаста болдым. Ең жақын дос­тарымның бірі Озгечан Кесици Берлинге көшіп кетті, біз анда-санда бас қосып, оқығандарымызды бір-бірімізге айтып, шығармашылық туралы шүйіркелесеміз. Біз жақсы көріп оқыған, ұнататын өлеңдерді тал­қылап, ондағы идеялар туралы сөй­лесеміз. Мейлі пандемия адамдар санасына салмақ түсірсе де, біз өзімізді сақтауымыз қажет деген ойдамын. Поэзия туралы сөйлесу, соны ұнататын адам­дармен шынайы қарым-қатынаста бо­лу маған өзгеше өмір сыйлады және осыдан шабыт алып мен әрі қарай шы­ғармашылықпен айналыса аламын.

Нұрғали ОРАЗ:

– Ақ қағазбен бетпе-бет қалған кездегі оңашалық аса қымбат. Оған ешкім де, ештеңе де кедергі жасамағанын қалай­мын. Ал шығарма жарыққа шыққаннан ке­йінгі оңашалықты ұнатпаймын. Студент­тік шақтан бері сырласып, пікір­ле­сіп келе жатқан қаламдас достарым көп күттірмейді. Ә дегеннен-ақ ақ-адал пікірлерін ашық айтады. Кейде алыстан хабарласатын, «Алматыға бара қалсақ, сізден қолтаңба алуға бола ма?» дейтін оқырмандар да болады. Қандай қиын кезеңде өмір сүріп жатсақ та, кітапты жанына серік еткен жандардың көп екендігіне іштей шүкіршілік етесің...

Нора БОССОҢ:

– Бұл сұрақты қойып, мені ойландырып тастадың. Өзің айтып отырған әдебиеттегі оңашалық туралы осы салада жүрген ақын-жазушылар осыған дейін көп айтқан шығар. Бірақ менің ойымша, әдебиеттегі оңашалық – әде­биеттің негізгі мәселесі. Мен үшін оңа­­­шалық жақсы шығарма жазудың оң­­тай­лы сәті, әйел адам ретінде кейде отбасы тірлігімен қарбалас болып, шы­ғарма жазуға, тіпті оқуға мүмкіндік болмай қалады. Бірақ кейде қолым қалт етіп, әдебиет туралы ойлануға мүмкіндік туған сәтте қуанамын. Бұл күйді менің әлем­дегі әріптестерім де басынан өткізіп жүр­ген шығар.

Айгиз БАЙМҰХАМЕТОВ:

Әрине, шығармашылық адам үшін оңашалық ауадай қажет. Бірақ бұл барыс ұзаққа жалғаспағаны дұрыс. Кейде бірер шығарма жазу үшін адамдар арасында көбірек болуым қажет болатын кездер де болады. Оның үстіне, әр кезде адамдардың мінезі әртүрлі.

 Ғассан ХАМДАН:

– Негізінде оңашалық дегеніміз жазу мен шығармашылықтың қажетті­лік­терінің бірі. Әрине, қаламгер өзін қар­балас тірліктен, тіпті отбасылық мәсе­лелерден арылту үшін жеке кеңістік қажет. Кейбіреулер жазушы ештеңе жасамайды деп ойлайды. Шынын айтқанда, кейде күніне немесе аптасына бір бет те жаза алмай қалатын сәттерің де болады. Шығармашылық жұмыс, ең алдымен, шабытты қажет етеді, содан кейін қайта қарау жұмысы басталады. Бұл барыс сөзбен және сюжетпен жұмыс жасауды білдіреді. Кейде шабыт келмеуі мүмкін немесе жазушы сюжетке қанағаттанбауы мүмкін. Тіпті өз уақытын күтіп жүретін туындылар да болады. Тіпті кейбірі жиырма жылдан астам уақытта соңғы нүктесі қойылады. Кейбір қаламгерлер күйзеліске түсіп, қаламға немесе пернетақтаға қол созудан және әріп теруден қашқалақтайды... Қалай болғанда да, біз осыларды еске ала отырып жалғыздық мәселесіне қайта ораламыз. Жоғарыда айтқанымдай, біз өз ыңғайымызға келетін оңашалықты құптаймыз. Яғни жазушы өзінің күн тәртібін белгілейді. Мәжбүрлі оқшаулау жазушының психологиялық жағдайына әсер етеді. Жазушы, ең алдымен, басқа адамдар сияқты қарапайым адам, оның үстіне ол үнемі ой еңбегімен шұ­ғыл­да­нушы. Қорыта айтқанда, сіз айтып отырған әдебиеттегі оңашалық қа­лам­гер үшін аса пайдалы. Кейбір қа­лам­гер­лер тыныштықта шығарма жаз­ған­ды ұнатады, сол оның ыңғайына ке­леді. Ал кейбіреулері басқаша. Қалай десек те, жазылатын шығарма ойдың, сезімнің, жанның туындысы.

– Аяқастынан адамзат баласына «қанжарын» сілтеген бұл індеттің беті қайтар түрі жоқ. Дүниежүзі бірге жұмылып, күресіп жатыр. Осындайда береке-бірліктің, ортақ күштің бәрін жеңетінін ескерсек, аз болса да санаға сәуле түседі. Дегенмен, осы пандемия барысында қаламның суымауы ақын-жазушылар үшін басты міндет сияқты. Сұрайын дегенім, осы пандемия кезінде шығармашылығыңыз қалай жалғасып жатыр?

Нұрғали ОРАЗ:

– Шындығын айтқанда, осы «онлайн» деген үрдістің пайдасын көрген бір қауым болса, ол – жазушылар шығар. Өйткені оңашалану, оқшаулану дегеніңіз, оларға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік берді ғой. Әрі ойда жүрген дүниелерді жазып үлгерсем деп, іштей ширыққан, асыққан сәттердің болғаны да жасырын емес. Өткен жылы жазда өзім де көптен ойымда жүрген бір хикаятымның «Шыбын жан көкке ұшқанда» атты алғашқы бөлімін тезірек аяқтап, журналға ұсынуға асықтым. Ондағы кейіпкерлердің бірі: «Бір жақ­сысы, мынадай зау биікте ұшып келе жатқанда (кейіпкер ұшақта отыр ғой – авт.) жер бетіндегі қиын сұрақтардың барлығы да төменде қалып, өзіңді құс сияқты жеңіл сезінесің.

Кім біледі... мынау жарық жалғандағы өлшеулі мерзімі біткен күні көкке ұша жөнелетін қуыс кеудедегі шыбын жан да тап осындай еркіндікті сезінетін болар-ау!..» деп толғанады. Ол шығарма «Жұлдыз» журналының биылғы жылғы бірінші санында жарық көрді. Пандемия кезінде көркем дүниеге оқырмандар айтарлықтай ықылас таныта қояды-ау деп ойлаған жоқ едім. Бірақ өмір сонысымен де қызықты емес пе, «бір деммен оқып шықтық», «қызық дүние екен», «аяқталмай қалған сияқты» деген пікірлер көп айтылды.

Тіпті Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова ханымның өзі де уақыт тауып, танысып шығыпты. Ол кісінің әлеуметтік желіде жарияланған пікірін оқығанда, қатты қуандым. Міне, енді, биылғы жазда сол хикаятымның екінші бөлімін жазумен болдым. Бұл жолы, бірақ асыққаным жоқ. Бәрі де тағдырдың жазуы бойынша болатыны түсінікті ғой. Бүкіл әлемді үрейлендірген мынау вирус адамзаттың тегі, жаратылысы бір екенін тағы да бір еске салғанын ескерсек, мұның үлкен сабақ болып қалары да сөзсіз. Бірақ... осы вирустың өзін де адамдар жасады деген версияға акцент жасайтын болсақ, онда баяғы «Абыл мен Қабылдың» – бауырды бауыр өлтіріпті деген оқиғаның жалғасып жатқаны да...

Фиона БОЛГЕР:

– Қазіргі кездегі жазған кейбір өлең­дерім Ирландия, Үндістан, ағыл­шын, хинди және тамилдық стилдерден қабылдаған тәжірибелер бойынша жа­зылды, мүмкін француз, неміс, сонымен қатар қазақ, түрік сияқты халықтардың да поэзиясынан азын-аулақ оқығандарымның әсері болды. Қа­зіргі заманғы көптілділік қасиетке ие поэзия бір-біріне әсерін тигізіп, өзара үндесіп жатыр. Тіл – адамзаттың бір-бір­іне деген құрметін, қарым-қатынасын рет­теп отыратын маңызды құрал. Ал бұл құрал қазіргі поэзияға да керек екенін түсініп жеттік.

 Нұро НАМЖЫ:

– Біздің өмірге сканерлеу, шектеулер мен арақашықтық сақтап кезекте тұру дейтін жаңалық келіп қосылды. Алғашында бірнеше ай үйде болдым, тамақтану, ұйқы... осылай жалғаса берді. Дегенмен, шығармашылығым жақсы жүріп жатыр. Эпидемия кезінде көлемді «Ақ ұлу» атты поэмамды қайта қарап шықтым. Сонымен қатар тағы бір «Алтын алқа» атты поэмамды аяқтадым. Коронавирус туралы кейбір ойларым осы поэмамда сөз болады. Мезгілсіз қайтқандарды қағаз бетінде тірілткім келді. Эпидемияны мақтап отырғаным да жоқ. Менің айтқым келгені: эпидемия міндетті түр­де аяқталады, сол үшін біз ойлану­ды ешқашан ұмытпауымыз керек. Шындығында, өмірге керемет шығарма әкелем деген қаламгердің үміті мен сезіміне, ойына еш ақау түспеу керек. Қарапайым тілмен айт­қан­да, алаңдаушылық сезімі де болмауы тиіс. Саф өнерді өзіне серік еткен ақын-жазушы үшін дүниенің әрбір жаратылысы, жарқышағы, жылт еткен ж­а­ңа­лығы маңызды болмақ. Сол үшін қаламдастарыма мейлі қандай заман болсын, оқырман үшін керемет туындылар жазайық деген ұсынысты айтқым келеді.

Ғассан ХАМДАН:

– 2020 жылдың басынан осы уақытқа дейінгі аралықты демалыс кезеңі деп есептегенмін, осы барыста мен бесінші поэзиялық жинағымды аяқтап, баспагерге тапсырдым, енді жақсы хабарын күтудемін. Сонымен бірге үш романды аударып біттім. Сіз «неге жазудан гөрі аудармаға көбірек көңіл бөлді» деп ойлайтын шығарсыз. Аудармамен айналысу мен үшін демалыстың бір түрі. Кейде қаламгер үшін өзгелердің жазғаны шабыт береді. Содан әсерленіп шығарма жазуың да ғажап емес. Қаламгерлер үшін әрбір сәт жазудың, ойдың уақыты болмақ. Сол үшін мен әр күнді оқумен, ойланумен өткізудемін.

Нора БОССОҢ:

– Осы пандемия барысында мен Германиядан тыс жерде өзім жазғалы жүр­ген тақырып бойынша зерттеу жүр­гізіп, бір романыммен жұмыс істе­дім. Бірақ мәлім себептерге байланысты бұл жоспарды кейінге қалдырып, басқа тақырыпта жазудамын. Бұл пан­де­мия­ның бір-бірімізге деген ұлы үн­сіз­ді­гіміздің өзі ұлы шығармаға жүк болады деп ойлаймын. Кейде мұндай жағдай көңіл күйге, денсаулыққа әсер етіп, шабытты шақтарды жоғалтады.

Айгиз БАЙМҰХАМЕТОВ:

– Өкінішке қарай, пандемияда мен атап айтардай ештеңе жаза алмадым. Көп уақытымды аудармамен айналысуға жұмсадым. Қазақстандық жас қаламгерлердің, атап айтқанда, ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» хикаятын, жазушы Дархан Бейсенбектің әңгімелерін, Саят Қамшыгердің  өлеңдер жинағын башқұрт тіліне аударып, жарияладым. Сондықтан өз шығармашылығым аз уақыт болса да, тоқтап қалды. Редак­тор­лық жұмыс та көп уақытты алады екен. Мен өз елімізден шығатын рес­пуб­ликалық «Сұңқар» журналының бас редакторымын. Оның да өзіндік жұмыстары көп. Бәріне уақыт керек. Жаһанды дерт меңдеп тұрғанымен, қалам­герлердің ой-санасы әлі де бая­ғыдай, тіпті өзгеше бір тыныстары ашыл­­ғандай, қауырт шығармашылықпен ай­налысуда. Біз үшін мұның өзі аз болса да жұбаныш.

Франк БАЕЗ:

– Алғашқы айларда кәдімгідей қо­лым жүріп, ойға алған дүниелерді ептеп қағазға түсіріп жүрдім. Бірақ бұл күй көпке дейін жалғаспады. Сосын мұның себебін іздедім, ақыры таптым. Мұндай күйдің кенеттен менің бойымда қа­лыптасуы өзара әрекеттесудің кем­ді­­гінен екен. Мен қазір тұрып жатқан Санто Доминго қаласында вирустың беті қайтты, сол үшін мен еппен бұрынғы қалыпты күйіме қайтып, өзімнің сүйікті ісім шығармашылықпен айналысып жатырмын.

Түйін сөз: Адамзаттың қазіргі жетістіктерінің түпкі негізі әдебиетте жатыр десек бұл сөзімізге ешкім қарсы ештеңе айта қоймас. Өйткені әдебиет пен әр заман туыстас, тағдырлас, тамырлас болды. «Әдебиет атомнан да қуатты, бірақ оның күшін отын жаруға қолданудың қажеті жоқ» деген Абдула Қаһардың сөзі осындайда еске түседі. Біз жоғарыдағы қаламгерлерден көкейіміздегі сұрақтарымызға жауап алғандай болдық. Мейлі қандай заман болсын, әдебиет алға жүре береді, дамуын, тоқырауын сөз ету – басқа әңгіме.