Қоғам • 15 Қыркүйек, 2021

Еңбек нарығын қандай өзгерістер күтіп тұр?

741 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Пандемия кезеңінде еңбек нарығының бұрынғыдай болмасы айқындалды. Онсыз да өзгергелі жүр еді, індет келіп, бүкіл процес тіпті жеделдеп сала берді. Кәсіптердің форматы ауыса бастады, талаптардың өлшемі өзгерді. Мұндай алапат өзгеріс Қазақстанды да айналып өтпейді. Әрине, бажайлап қарасақ, жаһандық үрдістерді біз де сезіп жатырмыз. Жұмыс беруші, жұмысшы, бизнес және Үкімет – міне, осы төрттік өз мүддесін заманауи үрдіске қаншалықты тоқайластыра алады, мәселе сонда болып тұр.

Еңбек нарығын қандай өзгерістер күтіп тұр?

«Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығы­» таяуда ғана «Қазақстанның ең­бек нарығы: жаңа шынайылық жағ­­дайындағы даму» атты алғашқы ұлт­тық баяндаманы жария етті. Онда ұлт­тық еңбек нарығына әсерін тигізетін жаһандық трендтер анықталған. Соның ішінде жасанды интеллект, автоматтандыру мәселесі алдыңғы орында. Мысалы, жасанды интеллект арқылы дамыған елдерде таяудағы 15 жылда жұмыс күшінің өнімділігі 40 пайызға дейін өспек. Біз дәл бұл деңгейге иек артпасақ та, автоматтандыру жағынан қалыс қалмайтын сияқтымыз. Сарапшылардың болжа­уынша, елдегі жұмыс орындарының 52 пайызы автоматтандырудың жоғары немесе елеулі тəуекеліне ұшырайды. Ал 2030 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің 28 пайызын басқаша ойлайтын, цифрлы жастар – «Z» буы­ны құрамақ. Сонымен қатар онлайн жұмыс істеу қағидасы қатты белең алады, соның нәтижесінде пандемиядан кейін 10 компанияның біреуінің ғана қызметкерлері жұмыс кестесінің 80 па­йыздан астам уақытын кеңседе өткізеді екен.

– Коронадағдарыс цифрлы эконо­ми­­­ка­­ға кө­шуді жеделдетті, тіпті жоспарланбаған секторларда – мектептерде, ауруханаларда көптеген қызметті қазір физикалық əлемде елестету қиын. Бұрын ешқашан цифрлы технологияны қолданбаған адамдар да оған жүгінуге мəжбүр. Пандемия кəсіпорындарды digital ортаға айналдырып, бизнес-процестердің бет-бейнесін өзгертті. Қазір интернет технологияларды тартпай табысты бизнес жүргізу мүмкін емес, – дейді IT QCC ЖШС сертификаттау орталығының жетекшісі Жоламан Уəлиев.

Тек соңғы 5 жылдың ішінде смартфон қолданушыларының саны 1,7 есе артқан. 1990 жылдан 2009 жылға дейін компьютерлік технологиялар бойынша əлемде 533 мың патент берілсе, соңғы 10 жылда 989 мың патент мақұлданған. Осының өзі-ақ заманның даму картинасын байқатады. Қандай мамандыққа сұраныстың өсетінін көрсетеді. Сон­дық­тан бизнесін өрістетуді ойлаған лидерлер ең алдымен бұлтты есептеу­лер (cloud computing), үлкен деректер (Big Data), электронды коммерция (e-commerce) жəне жасанды сананы (Al, ЖС) дамытуға күш салып жатыр. Әрине, бұл үрдіс IT-саладағы орта жəне жоғары білікті мамандықтарға және өнімді əзірлеу, инженерия, маркетингке деген сұраныстың өсуіне алып келеді.

Сонда жасанды интеллект өнімділікті қалай арттырады дейсіз ғой? Жұмыс күші азаяды, уақыт үнемделеді, сапа тұрақтылығы орнайды. Бірақ бір қиыны – болашақта 85 млн-нан астам жұмыс орны еңбек нарығынан шығып қалуы ықтимал. 2030 жылға қарай шамамен 100 млн жұмысшы немесе шамамен 16-шы адам қызмет түрін өзгертуге мəжбүр болмақ. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының бағалауынша, таяудағы 15-20 жылда қолданыстағы жұмыс орындарының 14 пайызы автоматтандыру нəтижесінде жоғалып кетуі мүмкін, ал тағы 32 пайызы жеке міндеттерді автоматтандыру шамасына қарай өзгереді.

«Қазақстан туралы айтар болсақ, бізде жұмыс орындарының жартысынан көбі (52 пайыз) автоматтандырудың жоғары немесе маңызды қаупіне ұшы­рай­ды. Бұл ЭЫДҰ 8 (47 пайыз) жəне көрші Ресей Федерациясы (47 па­йыз) бойынша орташа деңгейден жоғары» деп жазады «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы».

Бұл біртүрлі үрдіске Қазақстан қа­лай даяр болуы керек? Бұған байланыс­ты орталық «қазақстандықтар қайта ма­мандануға немесе сұранысқа ие жаңа дағдыларды, бірінші кезекте, цифрлы, ког­нитивті және әлеуметтік-мінез-құ­лық дағдыларын игеруге мәжбүр болады» деп топшылайды. Соған сай арзан және икемді оқыту нұсқалары нарыққа келе бастайды. Нарықтың цифрлануы – цифрлы ұрпақтың өсіп-жетілуімен де байланысты. Орталықтың: «Жұмыс күшінің құрылымы өзгереді, 2025 жылға қарай оның басым бөлігін Қазақстанда цифрлы сауаттылық пен digital ортаға бейім болудың жоғары деңгейімен ерекшеленетін миллениалдар мен Z буыны (63 пайыз) құрайды» деген тұжырымы әлгі сөзге дәлел.

Әлбетте, саланың бәрі цифрланады деп кесіп айту да қиын. Тың үрдіске мейлінше икемділері – банктік қызмет көрсету, өңдеу өнеркəсібі, көлік жəне сақтау салалары екен. Өңдеуші өнеркəсіпте роботтарды ғана пайдалану 20 млн жұмыс орнын жоғалтса, банктегі операторлардың жұмысы біртіндеп банкоматтармен алмастырылады.

– Тарих бізге бір кəсіптің орнына басқалар келетінін үйретеді. Сондықтан менің ойымша, ескірген мамандықтар жоғалып кетпейді, жай ғана басқа ма­ман­­дықтарға түрлендіріледі. Осыған сүйене отырып, қазіргі заманғы мамандар үшін жан-жаққа мұқият қарау, тенденцияларды бақылау, өз саласындағы неғұрлым сұранысқа ие технологияларды игеру жəне қажетті сертификаттаудан өту маңызды. Сонымен қатар қазіргі əлемде, ең болмағанда, негізгі сандық дағдылардың болуы маңызды, оларға қойылатын талаптар барған сайын артып келеді. Əрине, үнемі оқу мен дамуға бейімделу де маңызды, – дейді Ernst & Young Kazakhstan LLP консультациялық қызметтер директоры Дамир Деминов.

Баяндамада Қазақстанда ересек адам­дардың 19,7 пайызында ком­пью­тер­­лік дағдылардың қалып­тас­пағаны айтылған. Рас сөз. Әсіресе 2020 жылы бейресми сипат алған «42 500 дауы» кезінде ЭЦҚ кілтін ашып берудің өзі ақылы қызметке айналып, әлеуметтік жәрдемақыны алғысы келген жұрт компьютер орталығы мен компьютер тілін білетіндерді жағалап кетті. Былай қарасаңыз, интернетпен толық қам­тыл­ма­ған елдің тұрғындарын «интернет тілін білмейсің» деп жазғырудың да қисыны жоқ.

Орталық халықтың жасы мен жұ­мыс күшіне байланысты бірнеше буынға бөліп, олардың сипаттамасын жазған. 76-93 жас аралығындағы кісілерді «үнсіз ұрпақ» десе, 57-75 жас аралығындағыларды бебибумерлер деп қарастырады: яғни тұрақты жұмыс істеуге бағытталған, командада жұмыс істеу мүмкіндігін жоғары бағалайды және патриотизм һәм тұрақтылықты биік қояды. 41-56 жас аралығындағы азаматтар – X ұрпақ: мансаптық өсуді хош көреді, өз уақытын бағалайды, дарашылдықты жөн санайды. 24-тен 40-қа дейінгілер миллениалдар: олардың цифрлы сауаттылығы жоғары, жаһандық өзгерістерге қызығады, өз құндылықтары мен қағидаларын қорғай алады. Ал ендігі заман мен нарықтың иесі 7-23 жас аралығындағы Z ұрпақ. Олар білім алуға көбірек уақыт бөліп, кəсіби жəне жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығына мән береді, цифрлы өзгерістерді меңгерген, мансаптық өсуді жоққа шығармайды және еңбек кестесінің икемділігі үшін қаржылық жеңілдіктерге дайын.

Автоматтандыру, жасанды интеллект, онлайн үрдістердің басымдылығы  бекерден-бекер айтылмайды. Бұл қазір бастан өтуде және келешекте түрленіп, қарқынды жалғаса береді. Тек соған дайын болу аса маңызды. Дайын болмай қалған азаматтардың нарықтан шығып қалуы оп-оңай. Әрі шекарамызды аттап тұрған жаңа нарық баяғы нарық секілді кешірімшіл емес сияқты. Қатал әрі қызық. Бізді қатал әрі қызық белес күтіп тұр.