Спорт • 15 Қыркүйек, 2021

Спортты серік еткен көпбалалы отбасы

870 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекетіміздің мызғымас тірегіне айналған азаттықтың ақ таңы атқанына биыл 30 жыл толып отыр. Еңселі егемендікке қол жеткізген сәттен бері дәл осындай уақытты артқа тастап, тарихи кезеңге куә болғандардың бірі – тәуелсіздіктің құрдастары. Олар ұлы даланың ұл-қыздары ретінде мемлекеттің мәртебесін, мерейін асыру жолында өздеріне артылған сенімнің жоғары екенін жақсы түсінеді. Осындай тәуелсіздіктің төл құрдастарының қатарында отбасы құндылықтарын насихаттап жүрген қарасайлық Лаубаевтарды ерекше айтуға болады.

Спортты серік еткен көпбалалы отбасы

Саламатты өмір салтын ұстанатын жарасымды жұптың спорттық бәсекеде жеткен жетістіктері де мақтауға тұрар­лық. Ендеше, Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғы қарсаңында Алматы облыстық от­ба­сылық сайыстарда ауданның абы­ройын арттырып, спорттық саланың жандануына үлес қосып жүрген, көпбалалы ата-ана атанған Талғат пен Мәдина жайлы әңгіме өрбітсек деп едік.

Үйдің отағасы Талғат Лаубаев та, отанасы Мәдина Әлібекова да – мектеп қабырғасынан спортты жанына серік етіп, талай жетістікке жеткен жандар. Тәуелсіздіктің төл құрдастары – Жетісу жерінің тумалары. Талғат Түгелбайұлы 6 сыныптан бастап бокс­пен айналысқан. Талдықорғандағы облыстық спорт мектеп-интернатын бітірген соң, Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясын аяқ­таған. Ал Мәдина Разбекқызы 5 сынып оқып жүргенде күрестің ішінен самбоны таңдаған. Нәзік жанды спортшы Алматыдағы К.Ахметов атындағы республикалық спорт мектебін аяқтап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде «Денешынықтыру және спортшы» мамандығын тәмамдаған.

Жарасымды жұптың өмірлік жол­ға қадам басып, шаңырақ көтеруіне себепші болған да осы спорт. Оның үс­тіне екеуін жақсы білетін дос-жа­ран­дарының да ықпалы болды десек, артық айтқандық емес. Өйткені самбошы Мәдинаның бозкілемде күресіп жүрген құрбылары Талғаттың сыныптастары екен. Осылайша, спортқа деген екеуінің қызығушылығы мен ортақ достары арқылы екі жас 2013 жылы отбасын құрған. Бүгінде қос спортшы екі ұл мен екі қызға үлгілі ата-ана атанып, 29 жас­тарында көпбалалы отбасы атанды.

Тәуелсіздік құрдастарының өздері қалап таңдаған спорт түрлерінен ауыз толтырып айтарлықтай жақсы нәтиже көрсеткенін айта кету керек. Боксты еркін меңгерген Талғат республикалық турнирлердің бірнеше мәрте чемпионы, талай жарыстарда жүлдегер атанған. Ал Мәдина самбо күресі бо­йын­ша 7 дүркін ел чемпионы атанса, бай­рақты бәсекелерден де биіктен көрін­­ген. Мәселен, Азия ойындарында жүл­делі І орын алса, әлем чемпионаттарында екі рет қолда жүлдегер атанған. Сонымен қатар Еуразия турниріне қатысып, ІІ орынды да иеленген.

Спортшы ерлі-зайыптының осындай жемісті жетістіктері тәжірибе ре­тін­де бүгінгі таңда өздерінің бап­кер­­лік міндеттеріне үлкен көмегін ти­гізу­де. Олар қазіргі уақытта Алматы облысының, Қарасай ауданында ор­наласқан «Үшқоңыр» спорт мектебінде жаттықтырушы ретінде қызмет етуде.

Талғаттың бапкерлік шеберлігі талай жылдар бойы бокспен айналысқан, аталған орталықтың басшысы Дәурен Төлегеннің былтыр Алматы облыстық чемпионатта жүлделі І орын алуына себін тигізді. Бұл да спорт мектебінің жемісті жетістіктерінің бірі десек болады. Осылайша, ерлі-зайыпты бапкерлер спорт мектебінде жемісті еңбек етіп, шәкірттерін шыңдап, түрлі жарысқа жас қарасайлықтарды баптап келеді.

Лаубаевтардың отбасылық жарыс­тардан да жақсы нәтиже көрсеткенін айта кеткен жөн. Олар 2020 жылы «Жас отбасы» сайысының аудандық іріктеуінен сүрінбей өтіп, Талдықорған қаласында өткен облыстық байқауда жүлделі І орынға ие болып, Қарасай ауданының атын Жетісу жеріне танытып, үлгілі отбасылардың біріне айналды.

Ұл-қыздары да спорттан құрала­қан емес. Аналарының айтуынша, олар бала­бақшадағы және мектептегі жа­рыс­­тар­дан қалмай, жақсы нәтиже көрсе­тіп келеді. Спортшы ата-ананың ен­дігі арманы – балаларына жақсы тәр­бие беріп, өздері жетпеген жетістікке жеткізу. Сонымен қатар ұрпақтарының Олимпиада чем­пионы атанса деген тілегі де бар.

Отбасылық құндылықты насихаттап, спорттық саланы жандандырып жүрген Лаубаевтар отбасы, міне, осындай. Тәуелсіздіктің құрдастары көпбалалы ата-ана ретінде де көпке үлгі деп білеміз. Өнегелі өмірлері жақсы жағынан жалғасып, ұл-қыздарының жетістіктері еселеніп, елдің еңсесін биік ететін шәкірттері көбейе берсін.

Дидар МӘЛІКҰЛЫ

Алматы облысы,

Қарасай ауданы