Коронавирус • 16 Қыркүйек, 2021

Дертке шалдығу деңгейі төмендеді

223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық телекоммуникациялар қызметі алаңында Солтүстік Қазақстан облысының жаман індеттің таралуына жол бермеу жөніндегі шаралары баяндалды. Мәслихатқа өңір әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев, облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев және денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов қатысты.

Дертке шалдығу деңгейі төмендеді

Асқар Жоламанұлының айтуына қарағанда, қазір облыста жаман індет жағдайы тұрақталып келеді. Вакцина алуды жалғастыру және басқа да алдын алу шараларының нәтижесінде індеттің таралымы біршама азайды. Пандемия басталғаннан бері 23 354 адам осы науқаспен тіркелген. Соңғы тәулікте 75 адамның бойынан жаман індеттің белгілері табылған. Бұған дейінгі екі аптада бұл көрсеткіш 140-450-ден кем болмаған еді. Демек тәуліктік көрсеткіш соңғы аптада екі есе азайған. Жалпы, науқасқа шалдығу қазір 44 пайызға дейін азайып, 100 мың адамға шаққанда 195 адамға түсіп отыр. Облыс 4 қыркүйектен бері «сары аймаққа» өткен.

А.Сақыпкереев 3 апта бұрын бір тәулікте 171 адамның бойынан індет табылып, антирекордтық көрсеткіш бол­ғанын еске салды. «Қазір індетке шал­дыққандардың 92 пайызы емделіп шықты. Алайда індет басталғаннан бері 181 адам қайтыс болды», деді ол.

Барлық науқастардың 65 пайызынан індет өздері емханаларға келгенде анық­талған. Ал науқаспен қатынасқа түс­кен­дерден анықталғаны – 22 пайыз. Со­ны­мен қатар профилактикалық шаралар ба­рысында барлық науқастың 13%-ы анық­­талған. Адамдардың жастарына қа­­ра­­ғанда науқасқа шалдыққандардың ең жоғары үлесі 60 жастан асқандарға тие­сілі. Барлық науқастың 31%-ы осы жастың үлесінде.

Бүгінгі таңда облыстың барлық меди­циналық мекемесі штатты режімде жұмыс істеуде. Жоспарлы медициналық көмек тоқтатылған жоқ. Тұрғындар медицина­лық көмектің барлық түрін кедергісіз алу­да. Облыстағы жаман індетпен науқас­­­тан­ғандарға 1 715 төсек бөлінген. Оның 31%-ы қазір толық. Сонымен бірге 775 орын қо­сымша бос тұр. Жан сақтау бөліміндегі бар­лық 115 орынның қазір 58%-ы толған. Адамға шаққанда 67 адам жансақтау бөлімінде оттегімен дем алып жатыр. Олардың 22-сі ӨЖТ (ИВЛ) аппаратының күшімен дем алуда.

Бүгінгі таңда облыс ауруханаларына жететін медициналық препараттардың екі айлық қоры қордаланған. Ал бөлшек саудада бір айлық қор бар және ол жаңа­ланып тұрады. Сонымен қатар тұрақтан­дыру қо­рын­да 22 түрлі дәрі-дәрмек қоры сақтаулы.

Халықты вакциналау жұмыстары да жақсы жолға қойылғаны айтылды. Бүгінгі таңда облыста 102 егу кабинеті, 62 жылжы­малы вакциналау бригадасы, 8 жылжыма­лы кешен ұйымдастырылған. Бүгінгі таң­да вакцинаның толық курсын 209 мың адам алған. Бұл вакцина алуға ниет біл­дір­гендердің 67%-ы. Ал вакцинаның бірінші компонентін тұрғындардың 75 пайызы алды. Сонымен бірге егудің толық курсын алғандардың арасынан 1 240 адам індетке шалдыққан. Бұл егілгендердің 0,6 пайызы.

«Ашық» қосымшасымен облыс­тың 2 554 нысаны қамтылды. Сол арқылы 300-ден аса адамнан «қызыл», 250 адам­нан «сары» мәртебе анықталды. Олар­дың бәріне айыппұл салынып, 80 адам үй карантиніне жабылды.

Мониторингтік топтар да өз жұмысын нәтижелі жүргізуде. Бірінші қыркү­йектен бері 92 рейд жасалып, 494 нысанды қамтыды. Нәтижесінде, 13 адам жауапкершілікке тартылды.

Мектеп оқушылары стандартты оқу жүйесінде оқып жатыр. Каникулдан кейін мектепке оралған оқушылар арасынан 129 баланың бойынан індет табылған. Қазір бұл оқушылар және олармен қатынасқан адамдар қашықтан оқу режіміне ауыстырылды.

Жалпы облыста денсаулық сақтау мә­селесіне биыл 3 млрд теңге бағытта­лып отыр. 480 орынды көпбейінді ауруха­наның құрылысы жалғасуда. Тағы бір жаңа емхана құрылысы қолға алынған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы