
... ойын ортаға салады
Спорт инфрақұрылымдары салынса игі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған Жолдауында: «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру» деп өте орынды айтты. «Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс...», деген сөзін қолдаймын және бұл тапсырманың орындалуын асыға күтемін. Осы орайда өзім қызмет ететін Мұнайлы ауданындағы Басқұдық ауылдық округі балалар-жасөспірімдер спорт мектебі аумағында осы мәселені жүзеге асыру бағытындағы көптен көкейімде жүрген бір ұсынысымды айтсам деймін.
Алты жыл бұрын салынған спорт мектебіміздің ғимараты да, жер көлемі де қазір тарлық етіп келеді. Ал мектебіміздің жанында игерілмеген бос орын бар. Оны басқа да қажетті бағыттарға берілмей тұрғанда, ауыл халқы және жас спортшылар үшін стадионға айналдыру ісі өте өзекті болып отыр. Бұл жердің өзінен футбол, волейбол, баскетбол стадиондарын жасақтап, қажет кезде гандбол, теннис алаңдарына айналдырып пайдалануға да болады. Ал айнала жүгіру алаңы өзі-ақ сұранып тұр.
Президент Жолдауын жүзеге асыруда осы мәселе ауданымыз бен облысымыз әкімдерінің назарынан тыс қалмаса екен деген тілегім бар.
Айбек МҰХАНОВ,
Басқұдық ауылдық округінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері
Маңғыстау облысы,
Мұнайлы ауданы
...жобаларын таныстырады
Рухани құндылықтарымыздан нәр алайық
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, Қазақстан даласын зерттеп, зерделеуге және еліміздің мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын «Тарих естелігі – ұрпақтар сабақтастығы» атты тарихи жоба дайындаған болатын.
Аталған жоба 2019 жылдың тамыз айынан бері жалғасып келеді. Арнайы экспедиция жасақталып, өңірдегі тарихи тұлғаларға тағзым етумен қатар, шежіреші қарттардан олар туралы тың деректер алуға тырыстық.
«Толған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады» дегендей, басынан небір қиын замандар өткерген елдердің біріміз. Елбасы мақаласында «әрбір азамат туған жерінің тарихын білуге, құндылықтарын қастерлеп, дамуына өз үлесін қосуға міндетті» деген болатын. Ақтөбе облысының аумағында сыры ашыла қоймаған, әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи нысандар өте көп. Мақсат соларды елге таныстырып, жұртшылықтың рухани нәр алуына барынша атсалысу.
Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,
Ақтоты САЛИЕВА,
С.Бәйішев атындағы облыстық
әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлері
АҚТӨБЕ
...ұсыныс білдіреді
Тегімізді жазуды түпкілікті түзетсек
Дүние жүзінде 200-ден астам мемлекет болса, сол елдерді мекендейтін ұлттар мен ұлыстар 5000-нан астам тілде ұғынысатын көрінеді. Арагідік саны жағынан басым өзге тілдерге жұтылып, жойылып кетіп жатқан тілдердің де жоқ емес екені белгілі. Әрине, дәл бүгін біздің ана тілімізге төніп тұрған тікелей қауіп жоқ. Қазақ тілі Қазақстанда мемлекеттік тіл деген конституциялық мәртебеге ие. Оның үстіне қазақ – Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт. Санымыз да, құдайға шүкір, уақыт өткен сайын арта түсіп келеді. Сондықтан кейбіреулердің елімізде қазақ тілінің болашағы жоқ деген байбаламына ерудің де түк қажеті жоқ деп білемін.
Екіншіден, жоғарыда айтып кеткенімдей, әлемде көптеген ұлт пен ұлыс тіршілік кешіп жатыр. Ал олардың көбінің қай ұлттың өкілі екенін айтпай аңғартатын қалыптасқан ерекшелігі бар. Ол – тегінің айтылып, жазылуы. Тым алысқа бармай-ақ армяндар мен грузиндерді, Балтық жағалауы елдерінің халықтарын алайық. Олар қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде де ата тектерінің жазылу қалыптарын бұзған жоқ. Ал біз негізінен егемендігіміздің арқасында ғана аты-жөніміздің бетін қазақшаға қарай бұрдық. Бірақ түпкілікті деп айта алмасақ керек. «Ов» пен «ев»-тен, «ин»-нен әлі күнге арыла алмай келе жатқан қандастарымыз көп.
Сондай-ақ өз атымыз ұлы атамыздың атын қосақтап жазып, аты-жөн жасаудан да ұтып тұрғанымыз шамалы. Кейде сондай аты-жөнге қарап, адамның жынысын ажырата алмай жатамыз. Сондықтан тегімізді бірден менмұндалап тұратын «ұлы», «қызы» деп айырып көрсетсек деген ұсынысым бар.
Ердахмет ДОСТЕМЕСҰЛЫ,
еңбек ардагері
Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауданы,
Шығанақ ауылы
...қуанышын бөліседі
Қазақ халқы өсіп-өркендей берсін
Осыдан шамалы уақыт бұрын Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетті деген жақсы хабар тарады. Қуанғанымыз жөн. Халқы көп мемлекет – әлеуеті мықты мемлекет. Ал қазіргі кезде жүргізіліп жатқан халық санағы осы жағымды жаңалықты қуаттап береді деген сенімдемін.
Өткен ғасыр басында қазақ халқының саны Орталық Азиядағы басқа елдер халқының санынан әлдеқайда көп болғаны деректерден белгілі. Өкінішке қарай, 1920-1922 жылдар мен 1931-1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылық пен жаппай кәмпескелеу, одан кейінгі қуғын-сүргін қазақ халқын қынадай қырып қана қоймай, бас сауғалап шетел асуға мәжбүрледі. Екінші дүниежүзілік соғыс та қазақтың қара шаңырағына аз қайғы-қасірет әкелген жоқ. Жесір қалған ана, туылмаған бала, қазақ қайдан көбейсін сол кезде.
Бірақ кейінгі заман түзелген жайма-шуақ кезеңде алтын құрсақ ауыл әйелдері қазақ халқы санының өсуіне үлкен үлес қосты. Ал 80-ші жылдардың ортасында басталған тоқырау, егемендіктің елең-алаң кезіндегі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар қос бүйірден қысып, бала туу үдерісін айтарлықтай шектегені мәлім. Бір қуанарлығы, бүгінгі демографиялық жағдай халқымыз санының қайтадан өсім көрсете бастағанын айғақтап беріп отыр. Жалғасты болсын, халқымыз өсіп-өркендей берсін.
Ислам ЕЛТОҚОВ,
шаруа қожалығының жұмысшысы
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы,
Обалы ауылы
Қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев дүниеден өтті
Оқиға • Бүгін, 16:10
Биыл 1 млн 119 мың га жер мемлекетке қайтарылды
Қоғам • Бүгін, 16:03
Шетелден келген қазақ өнерпаздары Тараз жұртын өз өнерлерімен тәнті етті
Өнер • Бүгін, 15:33
Ақтау-Жетібай тасжолында көлік жарылып кетті
Оқиға • Бүгін, 14:51
Қарағанды облысында бір тәулікте жол апатынан төрт адам қаза тапты
Оқиға • Бүгін, 14:23
Елордада Ironman Kazakhstan жарысы басталды
Елорда • Бүгін, 13:36
Ислам ойындары: Қазақстандық ауыр атлет күміс медаль алды
Ауыр атлетика • Бүгін, 12:53
Үкімет басшысы мектеп формасының бағасын реттеуді тапсырды
Үкімет • Бүгін, 12:25
Атырау облысында 11 жастағы қыз суға батып кетті
Оқиға • Бүгін, 11:50
Ислам ойындарында Қазақстандық жүзуші алтын медаль жеңіп алды
Спорт • Бүгін, 11:29
Коронавирустан емделіп жатқан 9 науқастың жағдайы өте ауыр
Коронавирус • Бүгін, 10:45
1737 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты
Коронавирус • Бүгін, 10:10
Бүгін 3 қалада ауа сапасы нашарлайды
Ауа райы • Бүгін, 09:38
Бір тәулікте 1239 адамнан коронавирус анықталды
Коронавирус • Бүгін, 09:05
Орал қаласында әуе рейстері қайта іске қосылады
Қоғам • Кеше
«Қайрат» Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алды
Футбол • Кеше
Алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық болады
Ауа райы • Кеше
Атырау облысында жол апатынан бір адам көз жұмды
Оқиға • Кеше
Өтепберген Әлиев Ислам ойындарында қола жүлде жеңіп алды
Ауыр атлетика • Кеше
Ұқсас жаңалықтар