Нұрсұлтан Таңат Қарағандыдағы «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сыныбында оқиды. Жас өрен телевизиялық тартыста соншалықты қиындықты сезінбегенін айтады.
– Себебі, мен өзіме сенімді болдым және сұрақтарға мүдірместен бірден жауап беріп отырдым. Асығып, теріс жауап берген кездерім де болды, әрине. Айта кету керек, финалға қатысқан 12 баланың бәрі де мықты болды. Өзімнің жолым болып, жеңіп шыққаныма қатты қуаныштымын, – дейді ол.
Жалпы, аталған телевизиялық олимпиадаға еліміздің әр қиырынан 9-сыныпта оқитын 310 өрен бақ сынады. Төрт турдан тұрған зияткерлік ойынның финалдық кезеңінде 12 үміткер өзара тартысқа түсті.
Тележобада Алаш қайраткерлерінің жұмыстары, қазақстандық ғылым, спорт, өнер, медицина жетістіктері, әдебиет, мәдениет туындылары, тарихи оқиғалар, ауылшаруашылық, жасанды интеллект және басқа да салалар сайыстың негізгі өзегі болды.
Жүзден жүйрік шыққан Нұрсұлтан Таңат Қазақстан-Британ техникалық университетінің менеджмент және басқару факультетін тәмамдаған соң, болашақта ірі компаниялардың біріне жетекшілік етуді армандайды.
ҚАРАҒАНДЫ