Қоғам • 16 Қыркүйек, 2021

Қаржы пирамидасын ұйымдастырған алаяқ сотталды

540 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандыда сот ҚР ҚК 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған 34 жастағы ер адамға қатысты үкім шығарды. Қысқа уақыт ішінде алаяқ 67 адамды алдап, 50 млн теңгеден астам қаражат жинады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырған алаяқ сотталды

2019 жылы алаяқ мобильді қосымшалардың бірінде топтық чат құрып, оның көмегімен қолданыстағы инвестициялық бағдарлама туралы жалған ақпарат тарата бастады. Зиянкес салынған сомаға байланысты екі есе мөлшерде пайда алу мақсатында ақша қаражатын белгілі бір биржаға инвестициялау қажет деп сендірді.

Екі жыл бойы Қарағанды облысы полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушілері күдікті кінәсінің бұлтартпас дәлелдерін жинақтады.

«Өзінің туыстары мен таныстарының банк карточкаларын пайдалана отырып, ер адам қолма-қол ақшасыз ақша аудару арқылы азаматтардан салымдарды қабылдай бастаған. 2019 жылғы 27 қазанда аталған факті бойынша СДТБТ-ға ҚР ҚК 217-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында 67 жәбірленуші анықталды. Оларға 51 млн 435 мың теңге көлемінде жалпы шығын келтірілген. Сот үкім шығарды, оған сәйкес қаржы пирамидасын құрушы бес жылға бас бостандығынан айырылды», деп хабарлады Қарағанды облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин.