Экология • 16 Қыркүйек, 2021

Алдағы он жылда қалдық көлемі 50 пайызға азаяды

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің жаңа экологиялық кодексіне сәйкес алдағы уақытта өңір әкімдіктері қоршаған ортаны жақсартуға қатысты көрсеткіштерді алдын ала бекітеді. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алдағы он жылда қалдық көлемі 50 пайызға азаяды

«Еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарта түсудің бір амалы өнеркәсіпте үздік қолжетімді технологияларды енгізу. Жаңа экологиялық кодекске сәйкес, 2025 жылдан бастап үздік қолжетімді технология жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Соның арқасында алдағы 10 жылдың ішінде шығарылатын қалдықтар көлемі 50 пайызға дейін азаяды деген болжамға келіп отырмыз», деді З. Жолдасов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ комитет басшысы аталған кодекс аясында қоршаған ортаны қорғауда жергілікті атқарушы органдардың да міндеттелетінін айтып өтті.

«Кодекс күшіне енгеннен кейін, әкімдіктер әр 5 жыл сайын қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіші мен оны жақсарту жөніндегі іс-шараларды бекітетін болады. Одан бөлек, әкімдіктерге ауа сапасы нашарлаған жағдайда қала аумағына көліктердің кіруіне шектеу қоюға және ауаны ластаушы кәсіпорындардың қызметіне уақытша шектеу енгізу құзыреті беріледі», дейді ол.