Ойын түрлерінің қатарына дзюдо, самбо, бокс, тай боксы, семсерлесу, каратэ, гир спорты, армрестлинг, күрес және т.б. болды. Оған Қазақстаннан басқа Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова және Ресейден 1,5 мыңдай спортшы қатысты.
Қазақстан құрамасын 200-ге жуық спортшы құраған еді. Соның ішінде солтүстікқазақстандық 5 боксшы болды. Қызылжарлық өрендер намысты қолдан бермей Қазақстан қоржынына 1 алтын, 3 күміс салды. Алтын жүлденің иегері, тай боксының шебері Шәміл Ермағанбетов алдымен ресейлік, сосын беларустық қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіс тұғырына көтерілді.
«Солтүстікқазақстандық спортшылар халықаралық ойындарға Петропавлдағы және Щучье қаласындағы спорттық аймақтарда екі кезеңмен ұзақ дайындалған еді. Нәтижесінде бес спортшының төртеуі жақсы нәтижелер көрсетті. Егер финалда Шәмілден басқа спортшыларымыз да жақсы өнер көрсеткенде қоржынымыз толымдырақ болар еді... Бірақ соның өзінде біздің үлесіміз жақсы деп санаймыз», дейді тай боксының жаттықтырушысы Иван Ван-Хон-Тун.
Шәмілдің өзі қарсыластарының осал болмағанын, екеуі де халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері екенін айта келіп, қапысыз дайындықтың арқасында ғана оларды жеңе алғанын жеткізді.
Жалпыкомандалық есепте қазақстандықтар 18 алтын, 35 күміс және 53 қола медальмен үшінші орын алды.