Экология • 16 Қыркүйек, 2021

Кіші Талдыкөлдің Манхэттеннен несі кем?

455 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірнеше жыл бұрын Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы кезінде оқырманға ақпарат жеткізу үшін Нью-Йорк қаласына барған едік. Осы сапарымызда америкалықтардың бетон ғимараттар мен әсем табиғатты үйлестіре білгеніне куә болдық.

Кіші Талдыкөлдің Манхэттеннен несі кем?

БҰҰ-ның Бас кеңсесі шаһардағы Манхэттен деп аталатын бөлігінде орналасқан. Бұл сонау XX ғасырдың басында өркендеу жолына түскен, 1930-шы жылдардың өзінде аспанмен таласқан биік-биік ғимараттар салына бастаған өңір. Аумағы да үлкен емес. Елордадағы Сарыарқа ауданымен шамалас. Қазіргі таңда қала бизнес пен тіршіліктің қайнаған ортасы саналады. Бродвейді білмейтін адам кемде-кем. «Эмпайр Стейт билдинг», «Таймс сквер» ғимараттары оқырманға жақсы таныс. «Мэдисон сквер гарденде» талай мәрте Геннадий Головкин өнер көрсетіп, мұқым қазақты жеңісімен тәнті еткені мәлім. Бүкіл қаржылық акциялардың отаны саналатын Wall Street-ке жер жаһанның бүкіл бұрышынан қаржыгерлер ағылады. Мұндағы Колумбия университеті әлемдегі ең озық жоғары оқу орындарының бірі.

«Әлемдік сауда орталығының» өзі неге тұрады?! Бүгінде шаһардағы ең биік ғимарат шартараптан ағылған туристердің көз қуа­нышына айналған. Бұл кешеннің тарихы қасіреттен хабар береді. Естеріңізде болса, 2001 жылы 11 қыркүйекте «Егіздер» деп аталатын әлемдік сауда орталығы ғимараттарына террористік шабуыл жасалған еді.

Қазір оның орынан Ground Zero деп аталатын мемориал орналасқан. Онда террористік шабуылдан қаза тапқандардың есімі жазылған. Мемориал тұңғиыққа батып жатқан су іспетті бейнеленген. Бұл да америкалықтардың қаза тапқандарды естен шығармауға талпынғанын көрсетеді. Әйтпесе, сынық сүйем жері мил­лиондаған доллар тұратын Манхэттенде мемориал жасау арзанға түспейді.

Манхэттенді басқа қалалардан ерек­шелейтін нысанның бірі – Орталық парк. Аталған саябақ АҚШ-қа ғана емес, бүкіл әлемге танымал. Орталық парк 341 гектар аумақты алып жатыр. Бүгінде ол – туристердің сүйікті орындарының бірі. Жыл сайын осы жерді көруге 50 миллиондай адам келеді екен. Таңғаларлығы, бұрын бұл маңда ештеңе болмаған. Саябақты толық қолдан жасап шыққан. Өйткені темір мен бетоннан салынған биік-биік ғимараттардың арасында жасыл желек ауадай қажет. Мұны қала архитекторлары жақсы түсінді. Сондықтан Орталық паркке арнайы жер бөліп, жасанды көлдер мен тоғандар салды. Осылайша, Манхэттеннің жасыл желекті «өкпесі» пайда болды.

Кейінгі уақытта Нью-Йорк қаласының әкімдігі саябақты жаңартуға үлкен көңіл бөліп отыр. Мәселен, бір ғана «Делакорте» театрын жөндеуге 110 миллион доллар жұмсалды. «Ласкер-ринк» алаңқайын жаңғыртуға 150 миллион доллар қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде, Орталық парк серуендейтін аймақ қана емес, қалаға мол қаражат түсіріп отыр. Саябақ шаһар қазынасына жыл сайын шамамен миллиард доллар пайда әкеледі екен. Алда-жалда Central park-ті осы күйінде сата қалса, құны 39 триллион долларды құрайды.

...Елорданың маңында Кіші Талдыкөл көлі бар. Есіл өзенінің маңында табиғи жолмен қалыптасқан көлдің өңірмен байланысы терең. Ашаршылық жылдарында тұрғындар Талдыкөлден балық аулап, құстардың жұмыртқасын талғажау етіп күнелткен екен.

Кеңес үкіметі тұсында көлге қаланың қалдық суы төгіліп, ол бертінге дейін жал­ғас­ты. Соның кесірінен көл маңынан сасық иіс шығатын еді. Өкінішке қарай, Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігі осы мәселені сылтауратып, көлді кептіріп, орнына бетон үйлер салуға шешім қабылдаған көрінеді. Соған байланысты кейінгі кезде кептіру және құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тұрғындар мен ғылыми орта бұған наразы. Алайда олардың назына құлақ асатын әкімдік жоқ. Бір қызығы, мұхиттың арғы бетінде құны триллиондаған долларды құрайтын паркті қолдан жасап, пайдасын көріп отыр. Бізде табиғи көлді қолдан құрғатып, орнына ғимарат салмақпыз. Манхэттендегідей сынық сүйем жер таппай отырғанымыз жоқ. Құдайға шүкір, Ұлы даланың мына басы мен ана басы жетеді. Ендеше, табиғи көлді құрғатуға негіз жоқ. Сасық иіс шықса, көлді тазартып, табиғи қорық жасау қажет. Айтпақшы, таяу­­­­да Манхэттендегі «Егіздер» ғимаратына тер­ро­ристік шабуыл жасалғанына жиырма жыл толды. Ал Кіші Талдыкөлге бұрын-соңды кел­ме­ген қызыл қоқиқаздар қонды. Бұл табиғат ананың өзіне адамдардың назарын аударғысы келген ишарасы болар.