Сұхбат • 16 Қыркүйек, 2021

Рухани кемелденудің қайнары – Көркемөнер

978 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Бейнелеу өнері – құмырсқаның илеуіндей шым-шытырық, қат-қабат, тарамыс-тарамыс, суретшінің өзі де адасып қалатын қызық та қияметті қан базар. Онда кім жоқ дейсіз, таңғажайып таулар да, тақыр төбелер де, «өнер – халықтікі» деп өңмеңдегендер де, қыл қаламын қан мен сүтке қатар малған жанкештілер де табылады. Сол керуен-керуен жолда шоқтығы биік, даңқты суретші Камиль Муллашевтың есімі елге етене таныс. Астанадағы шеберханасына арнайы іздеп барғанымызда алдымыздан алқалап шыққан сұңғыла суретшімен сүбелі сұхбат өрбіткен едік. Қазіргі көркемөнердің халі мен жас суретшілердің жай-күйі тұрғысында тереңнен толғанған қылқалам шебері бізге көкейдегі күрсінісін ақтарды.

Рухани кемелденудің қайнары –  Көркемөнер

– Камиль Валиахметұлы, шетелде сурет­шілер байлардың қатарында. Олар­дың туын­дылары миллиондар­мен ба­ға­ланады. Яғни «рухани кә­сіпкерлер» деп айдар тағып, түс­теп айтсақ та бо­ла­тындай. Ал бізде көр­ке­мөнердің құны құлдырағаны өз ал­дына, оның себе­­бімен күресуді де қой­ғандаймыз. Бұған не дейсіз?

– Біз көркемөнер турасында айт­қанда, «шетел» десек ойымызға дамыған елдер елестейді. Еуропа, Америка немесе Шығыс Азия дегендей... Мен бұл елдегі суретшілердің өмірін түгел біле бер­месем де, жалпы хабарым бар. Ка­­пи­талистік елдерде, батыс болсын, шы­ғыс болсын суретшілердің жағ­дайы ұқсас. Мысалы, 100 миллионға су­рет салып сататын суретшілер де және көшеде тұрып арзанға сататын суретшілер де кездеседі. Онда да көркемөнер жоғары деңгейге шығу үшін қылкөпірден өту керек. Біріншіден сіздің өнер шеберлігіңізден заманға сәйкестігі болса, екіншіден сая­сатты кәсіпке айналдыру немесе адам өміріндегі үлкен сәттілік деп алып қа­рауға болады. Бірақ шетелмен біздің өнердің айырмашылығы жер мен көктей. Оларда суретші мамандығына көзқарас өте жоғары. Менің бір байқағаным, біраз мемлекетте жеке көрмемді жасағанымда байлар да, шенеуніктер де, қарапайым халық та бір қатарда отырды. Әрі шетелде бұрынғы мәдениетінің өзегін көр­сететін музейлерді, қазіргі ішкі дүниемізді білдіретін заманға сәйкес көрмелерді және галереяларды көріп тауыса алмайсыз. Әр дәуірдегі суретшілерінің шығармаларын рухани жеке құнды байлық есебінде сақтап, мақтан тұтады. Сол себептен көркемөнердің әртүрлі дең­гейіне сәйкес бизнес базарында шы­ғармалар алаңы салынып, өнердің дамуына жол жасайды.

– Ендеше, бұл тұрғыдан келген­де біздің ауыз толтырып айтар еш­теңеміз жоқ секілді. Елдегі көр­ке­м­өнер дамып жатыр деп те дабырай­та алмаймыз. Мұның салдарын су­­ретшілердің қабілетінен іздейміз бе, әлде мемлекеттің бейғамдығына жа­­бамыз ба? Таяқтың екі ұшы бар де­гендей...

– Америкада көркемөнерге жылына 40 миллиард доллар жұмсалады. Жапония, Англия, Италия, Испанияда да сондай. Бұл тұрғыдан Ресейдің де жағдайы мәз емес. Жалпы, Кеңес өкі­метінің шекпенінен шыққан мем­лекеттердің кейбірінің көркемөнері кен­желеп қалды. Ұраншыл үкімет сөз­ге бар да, іске жоқ. Елордада небір көз тартар ғимараттар салынып жатыр. Со­ған бөлінген қаражаттың бір бөлігін өнерге бөлсе, бұл салада үдеріс жүретін еді. Қараңызшы, қаншама депутат сайланып жатыр, соның көбісі көркемөнерді түсінбейді. Картинаны танымайды. Жалпы, Қазақстанның көркемөнерін зор мақтанышпен айтуға болады. Суретшілердің шығармалары, жеке оның рухани тазалығы ешқандай елден қалыс қалмайды. XX ғасырдың 30-жылдарында Алматыда Қазастанның кәсіби Суретшілер одағы құрылды. Сол кезде Әбілхан Қастеев бастаған суретшілер қараша халыққа баға жетпес тарихи байлық қалдырып кетті. Бертін келе тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген суретші кеңестік кезеңде жаза алмаған тарихи тақырыптағы суреттер салып, елдегі көркемөнердің өрісін кеңейтті. Жаңалықтар да әкелді. Дарынды жас суретшілер өз алдына үлкен мақсат қо­йып, жаңашылдықпен әлемдік көр­кемөнер биігіне көтерілді. Оған шет­елдерде ашылған қазақ суретшілерінің көрмелері мен алған атақтары дәлел бола алады. Қазіргі кезде де қылқалам ше­берлері қоғамдық мәлелелерден қалыс қалмай, бөгесіндерді бұзып жұмыс істеп жатыр. Әйтсе де көркемөнердің қазіргі хал-ахуалы көңіл көншітпейді.

– Иә, қазіргі қоғамның бейнелеу өнері турасында білімі таяздау. Оны бүгінгі заманның түр-түсінен тануға да болады. Бұл мәселелердің шешімі бар ма?

– Көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелерді бұдан бұлай Үкімет өз қамқорлығына алмаса, әрі қарай көр­кем­­өнердің дамуы екіталай. Көркемөнер – алма ағашы секілді. Оны жыл сайын суарып, күтіп баптамаса, жеміс бермейді. Көркемөнер де сондай, жо­марттықты қажет етеді. Қараңызшы, ер­кіндікке қол жеткізгеннен кейін қыл­қалам шеберлері құстай көкке самғап, ұлт тарихынан таған тартып, тұмса табиғатымызды бейнелейтін рухани жәдігерлерді дүниеге әкелді. Өкініштісі сол, сондай ғажайып туындыларды біздің музейлер сатып алған жоқ. Кеңес кезінде әр жылы Мәдениет министрлігінен бөлінген қаржыға музей өкілдері ұнаған картиналар мен мүсіндерді сатып алып, музей қорын толтырып отыратын. Қазір бұл үрдіс атымен жоқ. Бұл – үлкен проблема. Неге десеңіз, бүгінде Қазақстан көркемөнерінің 30 жылдық тарихы үзіліп қалды. Әрине, ол шығармалардың бірсыпырасы жеке­меншік ғимараттардың қабырғасында самсап тұрған да болар, тіпті шетел асып кетті десек те, дені суретшілердің шеберханасында шаң басып жатыр. Мұны – бір деңіз. Екіншіден өнер өзінің дамуы үшін, туындылар үлкен сахналарға шығып, көрме залдарында көрсетілуі тиіс. Сонда көпшіліктің пікірі ескеріліп, кәсіби комиссиялардың елегінен өтіп, заманға сай шарықтайды. Бүгінде суретшілер шығармасын елге насихаттау үшін әбігерге түседі. Мыңдаған картинаны орталыққа алып келу үлкен қаражатты қажет ететіні даусыз. Сонымен қатар мемлекеттік музейлерге не көрме залдарына ақша төлесеңіз болғаны, суреттің сапасына қарамай көрерменге ұсынады. Сол себепті мен тәуелсіздік күніне орай 2 жылда бір рет бүкіл республикалық ұлттық көрме ұйымдастырылса деймін. Бұл ұсыныс Мәдениет министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жылдық жоспарына енсе нұр үстіне нұр болар еді. Көрме аясында комиссия жағынан баға беріліп, жақсы картиналарға қаламақы төленсе, дарынды суретшілерге дипломдар табысталса деген ой бар. Әрі үздік туындыларды мемлекет сатып алса, суретшілерге үлкен абырой, ал жастарға үлгі болар еді. Оның үстіне мұндай көрмелер шетелде де ұйымдастырылса, қазақ суретшілерінің қарым-қабілетін өзге ұлттар да байқар еді.

– Қазіргі жас суретшілердің халі қалай? Сіздердің іздеріңізді басып келе жатқан талапкерлер туралы не айтасыз?

– Елімізде қылқаламға серт еткен талантты жастар жетерлік. Тіпті олардың біразының шығармалары шетел асып, ұлттың рухани болмысын әлемге танытты да. Десе де көпшілігі қазіргі нарық билеген заманда шығармашылыққа қолы жетпей, басқа саладан нәпақасын тауып жүр. Олар «өнер қоғамға керек болмаса, суретші болудың еш пайдасы жоқ» деген пікірде. Елордада 1998 жылдан бастап халықаралық «Шабыт» жастар фестивалі өтетін еді. Сонда көркемөнер аталымына мүмкіндігі шектеулі жастардан бастап, еліміздегі барлық дарынды өнерпаз бақ сынайтын. Арты бір үлкен мейрамға ұласатын-ды. Мен 6 жыл сонда қазылар алқасының төрағасы болдым. Небір дарынды жастың жолын аштық. Сол фестивальда топ жарған тастүлектер бүгінде атақты қылқалам шеберіне айналды. Әйтсе де сол жастар бәйгесі әртүрлі себептермен тоқтап қалды. Меніңше осындай өнер жарыстары қайта қолға алынса, қала күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылса, кейінгі толқынның алдыңғы буынға іле­суіне жол ашар еді.

– Біз қазір нарық заманында өмір сүрудеміз. Әрбір сурет­ші өз өне­рінің күшімен қаражат 

та­буға тиісті. Шетелде солай. Неге біз­дің су­рет­ші­лерімізге де заманға сай әре­кет етпес­ке?

– Ол былай ғой, шетелдің нарықтық жүйенің жоғары деңгейіне өтіп кеткеніне ғасырдан асты. Ал біз болсақ, енді тәй-тәй басып келе жатқан мемлекетпіз. Әр­кім өз қамымен әлек. Италия, Фран­ция, Англия, Жапония сияқты елдер көркемөнерге арнап қаншама симпозиум, аукцион өткізуде. Тіпті сол үшін суретшілердің жолақысын төлеп, қаншама күн қонақ қылып, барлық жағдайын жасайды. Бізде қалталы адамдар аз емес, бірақ олар шынайы өнерден бейхабар, ақшасын шетелге шашуға әуес. Кейбір көкірегі ояу көшелі азаматтар қолдағы ақшасына шама-шарқынша сурет сатып алады. Бірақ бұған суретшілер қарық болады дей алмаймын. Әлі күнге суреттің бағасын көтеріп сататын аукцион жоқ. Шын өнердің құны төмен. Ал Суретшілер одағының бұл шаруаларды шешуге шамасы келмейді. Осы мәселенің алдын алу үшін іске мемлекеттің өзі араласу керек. Көзге көрінбейтін көркемөнердің қасиеті адам өмірінің барлық саласына әсер етеді. Ол болмаса қоғам Ауғанстан, Пәкістан немесе Африка мем­лекеттерінің күйін кешпек.

– Мүмкін арнайы заң керек шы­ғар... Зайырлы мемлекетте заңсыз тәр­тіп орнамайтыны белгілі ғой.

– Әлбетте, көркемөнерді қорғайтын, оны дамытатын елімізде бірде-бір заң жоқ. Мәдениет турасында туындаған заң өнер үшін ауадай қажет. Осыдан біраз жыл бұрын сол кездегі Мәдениет және спорт министріне кіріп осы мәселені жеткізген едім. Ол «суретшілерді шағын кәсіпкер ретінде санаймыз, өзіңіздің мәселеңізді айтыңыз» дегенде, «егер көркемөнер сіздің түсінігіңіз бойынша мәдениетке жатпаса, онда менің басқа айтарым жоқ» деп шығып кеттім. Содан бері министрліктен бастап қала әкімдігіне дейін Суретшілер одағымен, жалпы атағы шыққан суретшілермен байланыс жоқтың қасы. Суретшілердің мәдени жобаларына ешкім қолұшын бермейді. Мәдениеттің әр саласына қайырымдылық үшін жұмсалған қа­ражаттардан салық алуды доғару керек. Бұл туралы заң қабылданса игі еді. Ал сол заң қалталылардың өнер­ге қаражат салуына жәрдемдеседі. Неге десеңіз, салықтан босатылған кәсіп­керлер өзі үшін жанталасады. Шетелдегі байлар көркемөнер заттарына миллиондаған ақша жұмсайды. Алдымен материалдық байлығы рухани байлыққа айналады. Уақыт өте аукционға қойып сатқанда, ақшасы екі еселеп қайтады. Осындай заңдардың нәтижесінде жеке сурет галереялары, сурет салондары және аукциондар пайда болып, мәдениеті дамыған елдердің қатарына қосыларымыз анық.

– Сонда біздің ел шынайы өнердің бағасына әлі де жете алмай отыр де­мек­сіз ғой...

– Мемлекетте өнерге деген құрмет болмай, бұл сала төменшік тарта бермек. Алдымен ішкі түйсік ауадай қа­жет. Ол болмай бәрі далбаса. Бұл де­геніміз – адам баласының дүниеге көз­қарасы, рухани іңкәрлік. Адам сөй­лемей тұрып, үңгірлерде тасқа қашап сурет салған. Құлақпен естисіз, тілмен ойыңызды білдіресіз, ал суретпен іштегі арпалысыңызды жеткізесіз. Мемлекеттің бейқамдығы өнердің тұралап қалуының негізгі себебі. Бәрі заңға байланысты. Мін­беде отырып мәселені көтеретін бірде-бір адам жоқ, өнерге жаны ашы­­май­ды. Елдегі музейлерде коллек­ция жоқтың қасы. Бар деп түстеп көр­­сеткенімізбен, бірақ мемлекеттік дәре­жеде көрсететіндей емес. Бұл – үлкен трагедия. Дүкен бар, ішінде бірде-бір тауар жоқ дегендей ғой. Арнайы ұлт­тық бюджеттен қаржы бөлінбесе, бұл істің шимайы көбейе бермек.

– Сол шимайды шешу үшін не істеуіміз қажет?

– Өмірін бүтіндей суретке арнаған қан­шама суретші бар. Өңір-өңірлерде, ауыл­дарда қылқаламы қолынан ажы­рамаған жанкешті жандар жетерлік. Солардың үлкен қалаларда көрме ұйым­дастырайын десе, картиналарын алып келіп, алып қайтатын шамасы жоқ. Бұрын кеңес заманы кезінде ке­ңестік көрме болатын. Әр қаладан жиналған білімді суретшілер арнайы комиссияның сүзгісінен өтіп, көзге түскен, көңілден шыққан жақсы картиналар Мәскеудегі көрмеге апарылатын. Сол жақтан суретші өз бағасын алады. Міне, бізге де керегі осы үрдіс. Мәселе Мәскеуде емес, мемлекет жан-жақтағы суретшілердің жұмыстарын жинап, мықты суретшілердің сүзгісінен өткізсе әрі қарай бағасын қойып, музейлерге сатып алса керемет болар еді. Әрі соған орай көрме ұйымдастырылса кере­мет емес пе? Сонда қарапайым ха­лық та бір жырғап қалады. Бізде ондай жоқ. Республикалық көрме жасап, жақсы суреттерді жұртқа насихаттап, бағасын бере алмай отырмыз. Жас сурет­шілердің конкурсын өткізу, дарындыларды алға тарту, арнайы қаламақы, жоғары оқу орындарынан грант, степендия тағайындау қажет. Сонда біріншіден шынайы суретші мен жалған суретшінің аражігі екіге айырылады. Екіншіден жастарға үлкен мотивация.

– 1998 жылдан бері шығармашылық өміріңіз астанамен тығыз байланыс­ты. Жаңа қала сіздің өміріңізге, өне­рі­ңізге қандай өзгерістер алып келді?

– Астанамызда 23 жылдан бері бел­сенді шығармашылық өмірім өтіп жатыр. Сол жылдары бұрынғы Ақмола қаласындағы жалғыз көрме залында, кеңес кезінде құрылған музейде жаңа астанамыздың қуанышына арнап көрме ұйымдастырып, бас қалаға суретшілер тарапынан қолдау көрсеттік. Әйтсе де біраз уақытқа дейін астанаға көшіп келе алмадым, отбасыммен бірге Алматыдан қатынап тұрдым. 2003 жылы Президенттік мәдениет орталығында 150 картинам қойылып, үлкен көрмемді аштым. Бұл іс-шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ел ағалары қатысты. Олардың барлығы өнерімді жоғары бағалады. Сол жылы елордалық Суретшілер одағаның мүшесі болдым. Сөйтіп 2007 жылы отбасыммен елордаға қоныс аудардым. Бүгінде жан жарым Роза Мұратбекқызымен берекелі ғұмыр кешіп келеміз. Бас қалада «Ханның аң аулауы», «Ұлы көш» секілді тарихи картиналар дүниеге келді. Нұр-Сұлтан қаласының мәдени өміріне барынша өз үлесімді қосып жүрмін.

– Сіздің талантыңызға әлем таңдай қақты. Күллі дүние шығармаңызға көз тікті де. Осындай даңқты перзенті бар татар халқы елге шақырмады ма?

– 1963 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аудардым. Мәскеуде білімімді шыңдадым. Әлемнің талай бұрышында көрмем өтті. Ерте танылдым, белгілі бір биікке жеттім. Тіпті талантыма қызығып, Мәскеуде қалдырмақшы болды да, оған көнбедім. Қытай елшісінің ұсынысымен Үрімжіде көрмем 

өтті. Суреттерімді арнайы ұшақ жалдап алдырды. Сол жылы Қытай халқының ыстық ілтипатын иелендік. Олар «сізге осында үлкен музей салып берейік, қалыңыз» деп қолқалады. Жоқ тұра алмаймын, мен Қазақстанымды сүйемін деп қайтып келдім. Татарстанның президентті арнайы шақыртып, «Ресей азаматтығын берейік, осында қоныс аударыңыз» деп өтінді. «Шеберхана салайық, Та­тарстанды айналып көріңіз, қалаған жеріңізге тұрыңыз» деп қызықтырды да. Ол ол ма бір апта елді аралап, саяхаттадық. Бірақ мен одан да бас тарттым. Себебі татар халқының мәдениеті өте басылып қалыпты. Қазандағы ұлттық музейде татар халқының патшаларының тарихы емес, Екатеринаның арбасы, Николайдың қылышы самсап тұр. Соны көріп ыза болдым. Қаладағы жақсы көшелерде татар батырларының аты жоқ. Тарихқа көз жүгіртсек, Мәскеуді татарлар неше рет басып алды. Ол әмбеге аян. Қараңызшы, бірақ қалада Алтын Орда тарихы жойылған. Татардың батырларының бір­де-бірінің аты жоқ. Ұлы хандардың мүсінін қоя алмай дал. Сүйінбикенің, Ханбикенің мүсінін қоюды халық тілейді. Сондай ұлы адамдарға кіп-кішкентай бюстер қойып қойған, оны көріп тіпті көңілім құлазыды. Ұлт намысы мен мәдениеті әбден төменшіктеп қалған. Осыны жан-жүрегіммен сезе тұрып, атажұртым Татарстанда қала алмадым. Қазақстанда құстай еркінмін. Өз ұлттым жайлы не айтсам да айта аламын. Себебі қазақ пен татар – бауырлас халық.

– Қазір қандай жұмыс жазып жатырсыз?

– Бейжіңде дәстүрлі түрде бүтін дүние көз тіккен көрме өтеді. Оған 130 мемлекеттің қылқалам шебері қатысады. Жыл сайын сол көрмеге мені шақырады. Биылғы тақырып – пандемия. Онлайн өтеді. Жаһандық індетке байланысты солай атапты. Соған орай сырқатпен күрес, болашақты ойлау турасында үлкен жұмыс істеп жатырмын. Картина 3 бөліктен тұрады.

– Әлі де орындалмаған арманыңыз бар ма?

– Қазір менің бір ғана арманым бар. Ол мыңнан астам картинамның коллекциясы жасалып, астанамызда сақталып қалса деген тілек. Жаман айтпай, жақсы жоқ дегендей, ертең біздің көзіміз кеткенде, соңымда қалған мұра балаларыма жүк болары анық. Сондықтан астанада шағын галереясы бар, музей салуды ойлаймын. Еуропа мен Америкаға барғанда заманауи галереялар, музейлер қандай бағдарлама бойын­ша басқарылады, залдардың құрылыс ерекшелігі, картиналарды қалай сақтау керек, соның бәрін үйреніп келдім. Енді, осы жобамның іске асуына мемлекет қолдау көрсетсе деймін. Бұл менің ғана емес, бүкіл қазақ суретшілерінің шығармаларын насихаттауға мүмкіндік берер еді. Кейін жастарды тәрбиелейтін көпфункционалды мәдени орталық болып қалары анық.

– Әңгімеңізге рахмет.