Экономика • 17 Қыркүйек, 2021

Құрылыс нарығындағы ахуал қандай?

834 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құрылыс нарығының қазіргі күйін тап басып айту қиынырақ. Бір қарағанда тұрғын үй нарығы қарқынды жұмыс істеуде. Оңды-солды ырғалып жатқан крандар мен биік ғимараттың әр қабатында жыпырлап жүрген жұмысшыда есеп жоқ. Бірақ үй бағасы, оның ішінде құрылыс материалдарының қымбаттауы нарыққа қысым жасайды. Бұл салушылардың да, алушылардың да көңіл-күйін бұзбай қоймайды. Оның үстіне нарыққа келетін, келуі тиіс жаңа трендтер де бар.

Құрылыс  нарығындағы ахуал қандай?

Жақында KazBuild 2021 халық­ара­лық құрылыс және интерьер көр­ме­сі аясында өткен құрылысшылар одағы конференциясында нарықтағы маңызды мәселелер көтерілді. Құ­ры­лыс­шылар одағы төрағасының орын­басары Айдар Мусиннің айтуынша, жаңа технологиялардың жаңғыруы – материалдар пайдалану көрсеткішін азайтады.

– 3D басып шығару материалдарды пайдалануды 60 пайызға азайтса, 80 пайыз уақытты үнемдейді. Басып шығару материалы ретінде қиыршық тас, өндірістік қалдықтар, цемент пен қатайтқыш қоспасы қолданылады. Бұл кезде артық шығын болмайды. Үйлерді басып шығару кезінде тек қана қажетті құрылыс материалдары ғана пайдаланылады, – дейді спикер.

Ал құрылысшылар одағының бас­шысы Талғат Ерғалиев қазір сала­да маман тапшылығы орын алып отыр­­ға­нына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, құрылыс секторында шамамен 242 мың адам жетіспейді.

– Соның салдарынан Қазақстан жыл сайын 500 млрд теңге жоғалтады. Өйткені әр күнгі жұмыс күшінің жетіс­пеу­шілігі саланы шығынға батыра түседі. Қажетті еңбек ресурстарының бол­мауынан ел экономикасы жылына 1,5 трлн теңгені ала алмай отыр. Осы мәселе жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лі­гіне хабарласып, шетелдік жұ­мыс күшін әкелу туралы ұсыныс біл­дір­дік. Алайда ведомство елде 451 мың адамның жұмыссыз жүргенін, соларды шақыру керек екенін айтып, бұл ұсынысты қабыл алмады. Бірақ бұл адамдар аз жалақыға байланысты ауыр индустрияда жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан біздің сала тапшылықты қатты сезіп отыр. Айта кету керек, бұл орайда Орталық және Оңтүстік Азияның бізге жақын елдерінің тұрғындары Қазақстан емес, Ресейге барып жұмыс істегенді жөн көреді, – дейді Т.Ерғалиев.

Бұған дейін осыған ұқсас болжамды еңбек ресурстарын дамыту орталығы да мәлімдеген еді. Олардың баяндауынша, жақын жылдарды жұмыс күші қысқара түседі.

«2022-2023 жылдары еңбекке қабі­летті жастағы халықтың үлесі же­р­гілікті минимумда 59,4 пайызға же­те­ді. Бұл көрсеткіш 2035-2036 жылдары 61,2 пайызға дейін жетеді және 2050 жылы 57,8 пайызға азаяды» деген еді орталық.

Жаңғырмалы энергия көздері бо­­йын­­­ша білікті сарапшы Дияз
Бай­се­йі­­тов ­«жасыл» құрылыс тәжіри­бе­­сін ал­ға тартты.

– Нысандарда энергия тұтынуды азайтуға жасалған алғашқы қадам – пассивті жобалауға негізделген ғи­ма­рат жоспары. Ғимаратты энергия тиімділігі үшін оңтайландыру бастапқы кезеңде кешенді жобалаудан басталады. Интеграцияланған жобалау процесі әзірлеушіге жекелеген технологиялармен жұмыс тәжірибесінің жоқтығына қарамастан түрлі технологиялар арасында өзара әрекетті түсінуге және энергия тиімділікті арт­ты­ру үшін кешенді тәсіл қолдануға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Одақ төрағасының тағы бір орынбасары Файзуллин Баниямин саланың ендігі дамуына былай баға береді.

– 2021 жылы көптеген компания жобасының тиімді дамуына құрылыс материалдары бағасының күрт көтерілуі кедергі келтірді. Ондай кезде жағдайды дұрыс бағамдап, се­бе­бін анықтай білу маңызды. Баға өсі­міне не себеп болды? Біріншіден, шеттен әкелінетін материалдар қым­бат­тады. Материалдардың 60 пайызға жуығы импорттық өнім және олардың сметалық құндағы көлемі 55-60 па­йызды құрайды. Егер тереңірек қарар болсақ, соңғы жарты жылда арматура бағасы 40-55 пайызға көтеріліп кетті. 2020 жылдың қыркүйегінде 190 мың теңге болса, қазір 325 мың теңгеге дейін өсті. М-400 маркалы цементтің бір тоннасы 2021 жылдың қаңтарында 18 500 теңге тұратын, қазір – 21 000 теңге. Материалдардың қымбаттауы сөзсіз баспана бағасына және құрылыс процесіне әсерін тигізеді. Екінші себеп – девальвация. 2021 жылы де­вальвациялық пайыз 2020 жылмен салыстырғанда 31 пайыз болды. Бұл жағдай халықтың табысын құнсыздандырып жатыр. Үшіншіден, еңбек ресурстарының ташылығы құ­рылыс мерзіміне де, жобаның сметалық құнының өсуіне де әкеліп жатыр. Біз қазір кадрға өте қатты мұқ­таж­быз. Нәтижесінде, мемлекеттік бағ­дарламалармен ғана жұмыс істеп отыр­ған көп компания банкротқа ұшы­рауда, – деді одақ өкілі.

Т.Ерғалиевтің айтуынша, шығынға белшесінен батқан компаниялар өздерін құтқарудың қамына кіріскен. Мәселен, кейбір компаниялар «котлован» кезінде пәтер сатып алып қойған клиенттеріне басқа баспана ұсынуға мәжбүр. Өйткені құрылыс сметасы бірнеше есе шарықтап кеткен. Үйді әу бастағы келісілген бағамен сату – оларды тығырыққа тірей бастаған.

– Дағдарысқа және қымбатшылыққа байланысты мемлекеттік тапсырыс­пен жұмыс істейтін компаниялар шы­ғынға батып жатыр. Ондай ком­па­ниялар саны – 20 пайыздай. Мұн­дай банкроттықтың бір себебі – жер­гілікті атқарушы органдардың бюд­­жетінде құрылыс материалдары құ­нының өсіміне өтемақы беру бағ­дарламасы қарастырылмаған. Үкі­мет өтемақы беру мәселесін жер­гілікті атқарушы органдарға сіл­тей­ді, ал олар жеке қаржысының жоқ­ты­ғынан мұны атқаруға қабілетті емес. Қайда барсаң – тұйық шеңбер. 17 өңірдің төртеуінде ғана қаражат жет­кілікті және республикалық бюд­жетті қолдап отыр. Қалған 13 өңір қаржылық тұрғыдан орталыққа тәуел­ді. Олар өздерін жарылқай алмай отырса қайтіп құрылыс жобаларын қар­жыландырмақ? Сондықтан құ­ры­лыс компаниялары коллапсқа түсті, ал бюро­кратия бұл күрмеуді шеше алмай отыр, – дейді одақ басшысы.