Білім • 17 Қыркүйек, 2021

ЖОО-ларда зертханалық орталықтар ашылды

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандық жоғары оқу орындарында жаңа оқу аудиториялары, зертханалар мен орталықтар ашылды, деп жазады Egemen.kz БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЖОО-ларда зертханалық орталықтар ашылды

Олар Жапония, Латвия, Эстония, Ресей және Беларусь университеттерімен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізе бастады. Сондай-ақ ҚР БҒМ ведомстволық бағынышты университеттер материалдық-техникалық базаны жаңартып, студенттерді оқыту үшін жаңа жабдықтар сатып алды.

Мысалы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде химия және физика мамандарын оқытуға арналған жаңа зертханалар ашылды. Олар шетелдік университеттермен бірлескен зерттеулер жүргізеді. Оқу кабинеттері материалдардың радиациялық тұрақтылығы, нанотехнология немесе кванттық-химиялық модельдеу сияқты ғылыми жұмыстар мен зерттеулер жүргізуге арналған технологиялармен жабдықталған.

«Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша қазір біз практикалық сабақтарға ерекше назар аударамыз. Заманауи ғылыми зертханалардың ашылуы жас ғалымдарды даярлау сапасын арттырады және қолданбалы әрі теориялық сипаттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда зертхана базасында ЖОО ғалымдары Тохоку (Жапония) университеттерімен, Латвиядағы қатты денелер физикасы институтымен, Тарту университетінің физика институтымен (Эстония), біріккен ядролық зерттеулер институтымен (РФ), Томск политехникалық университетімен (РФ), Беларусь мемлекеттік университетімен бірлескен зерттеулер жүргізіп жатыр», деп хабарлады ЕҰУ Басқарма төрағасы – жоо ректоры Ерлан Сыдықов.

Сондай-ақ ЕҰУ-да студенттерге арналған коворкинг-орталық ашылды. Оның дизайны бойынша жұмыс студенттерге тапсырылды. Енді студенттер орталықта бос уақытын өткізіп, кітап оқи алады, жобаларды талқылай алады. Жақын арада жоо-ның басқа да корпустарында осындай коворкинг-орталықтар ашу жоспарда бар.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ университетінің қабырғасында жаңа оқу орталықтары пайда болды. Су шаруашылығы және су пайдалану саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығы — Қазақстандағы санаулы орталықтардың бірі. Ол гидравлика, гидрохимия, суды кешенді басқару, жылыту және желдету зертханаларынан тұрады. Орталық қызметкерлері автоматтандырылған жылу пунктін жасап, оны университеттің оқу ғимараттарына орнатты. Нәтижесінде жоо-да жылу энергиясын тұтыну 20%-ға дейін төмендетілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мультимедиялық аудиториялар мен инженерлік жобалау орталығы ашылды. Олар білім алушыларға цифрландыру және автоматтандыру саласында жаңа жобалар жасауға мүмкіндік беретін технологиялармен жабдықталған.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында ақпараттық технологиялар орталығы ашылды. Ол заманауи конструкторлармен, роботтар жиынтығымен, 3D принтерімен және басқа технологиялармен жабдықталған.Орталықта робототехника, алгоритмдеу және бағдарламалау негіздері бойынша практикалық сабақтар өткізіледі. Осылайша ЖОО студенттердің цифрлық білімін жетілдіру барысында жұмыс жүргізеді.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті бейнедеректермен жұмыс істеу үшін бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін сатып алды. Жабдықтың көмегімен оқытушылар оқу үрдісін онлайн режимінде бақылайды. Сондай-ақ ЖОО-да ерте даму және инклюзивті білім беру кабинеттері ашылды.

Аудиториялар мультимедиялық жабдықтармен және университет оқытушылары әзірлеген жаңа әдістемелік оқу материалдарымен, құралдармен жабдықталған.