05 Мамыр, 2010

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ МҮМКІНДІК КЕҢ

635 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өзгерістер көз алдымызда ғой. Кейде кейбір құбылыстар еріксіз таңдандырмай қоймайды. Мәселен, кеше кәсіпкерлікке талпыну қандай еді, бүгін қандай. Айырмашылығы жер мен көктей болып кеткендігі бай­қалмай қалмайды. Мемлекет та­рапынан шағын және орта бизнесті қол­дауды одан сайын кеңейтуге баса көңіл бөлінуі бұл буында жа­ңару-жаңғырулар жалғасы толассыз бола түспектігін көрсетеді. Нор­мативтік-құқықтық базаны қа­лыптастыру, бизнесті тексеруге бір­неше мәрте мораторий жари­я­лану, несиелендірілуге қомақты қаржы бөліну, салықтық жүктеме төмен­детілу бағытындағы шаралар өндірісті өңірде де осынау қоз­ғалыстың қанат жаюына қолайлы мүмкіндіктер туғызып жатыр. Қарағандыда өткен облыс кәсіпкерлерінің кезекті форумында, міне, осындай жайларға құп­тау­шылық білдірілумен бірге, бизнестің толғақты мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Аймақ басшысы Серік Ахметов оған қатысушылар ал­дында кәсіпкерлік қызметтің соңғы жыл­дар­да экономиканың нақты сек­то­рын­дағы орны салмақтана түс­кенін атай келіп, уақыт тала­бына бай­ланысты жаңа міндеттерді сарапқа салды. Қазір өңірдегі шағын және орта бизнестің 41 мыңнан астам субъектілерінде 173 мың адам еңбек етеді. Бұл — аталған салаға эконо­ми­калық жағынан белсенді тұр­ғын­дардың 20 пайызы қамтылып отыр деген сөз. Әсіресе, бертіндегі жылдардан бері іскер топтардың өн­дірісті де игере бастауы ұмты­лыстың қандайлық деңгейге көтерілгенін танытарлық жәйт. Мұның өзі кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың арқасы. Кейінгі екі жылда берілген 30 млрд. теңге несие арқылы көптеген кәсіпкер істерін ширатып әкетті. Бұған қоса “Даму-Аймақтар”, “Даму-Өндіріс” және “Даму-Қолдау” бағдар­ла­ма­лары аясында оларға ірі жобаларды іске асыру үшін 6 млрд. теңге бөлінуі еркін қимылға жол ашты. Жалпы алғанда өңірлік би­знестің дамуына мүмкіндік кеңейіп келеді. Бұл ретте алдағы бес жылға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша облыста 76 млрд. теңгені құраған 18 жобаны іске асыру соған үлкен серпін бермек. Соның ішінде мәшине жасау саласының қайта жаңғыртылуы кәсіпкерлерді бел­сенділікті күшейтуге тартады. Осы орайда өнеркәсіптік компаниялар тө­ңірегінде шағын және орта бизнес кәсіпорындарын құруды ұлғайтуға “Бизнестің жол картасы—2020” бағдарламасын атқаруға, қазақстандық үлесті арттыруға қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды. “Арселор Миттал Теміртау” компаниясының 55 мил­лион долларға және “Қазақмыс” корпорациясының 5,5 млрд. теңгеге облыс кәсіпорындарына тапсы­рыстар беруі үлкен жауапкершілік. Оны толық игеру сенімді әріп­тестікті қалыптастырады. Сондық­тан талап биік болуы керектігі баса аталды. Форумда “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-тың қаржы институт­тарын және даму институттарын басқару жөніндегі директоры Бақытжан Саркеев мәлім еткендей, қордың қатысуымен облыста 3 жоба іске асырылуда. Ол өз сөзінде шикізаттық емес сектордағы ІЖӨ өсімін арттыру арқылы эконо­ми­каны әртараптандыруға және мо­дернизациялауға ықпал ету ба­ғытында жүргізіліп жатқан іс-шараларды жан-жақты баяндап берді. “Қазақстанның даму банкі”, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ басқармалары төрағалары Ғали Есқалиев, Болат Мұқышев кәсіп­керлерге қолдау жасауға бағыт­талған шараларды ортаға салды. Форумға қатысушылар “Ин­дустриялық-инновациялық даму”, “Қазақстандық үлес”, “Бизнестің жол картасы – 2020 кәсіпкерлікті дамыту жолдары”, “Кедендік одақ – экономикалық дамудың құралы”, “Энергиямен қамтамасыз ету және энергияны үнемдеу”, “Әкімшілік кедергілерді төмендету” секциялары жұмысында пікір алмасып, өздерін толғандырған мәселелер мәніне қанықты. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ.