31 Қаңтар, 2014

Туған жердің тамыршысы немесе әке туралы бір үзік сыр

2767 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Zeinel Gabi Imanbaev «Әке – асқар тау» демекші, әр перзент үшін аяулы әкенің орны бөлек. Әке дегенде, нұрлы жанарымен мейірлене қарап, «айналайын» деп елжіреп тұратын аяулы тұлға көз алдыма келеді. «Қуансаң қуана бер, әкетайым, мен сенің өміріңнің жалғасымын» ән шумағында айтылғандай, біз ата-анамыздың отбасында он бала тәлім-тәрбие алдық. Ес білгелі көргеніміз – әкеміз ұдайы жазу үстелінің басында отыратын. Ондай кездерде айналадағы тіршілік бір сәт тоқтап қалғандай, біз де аяғымызды ұшынан басушы едік. Әкем газет-журналдарды, бала­ларға арналған кітаптарды пош­та арқылы көп алғызатын. Әріп біл­мейтініміз сурет қарап, мектепте оқитындарымыз кішілерге ертегілер мен тақпақтар оқып беруші едік. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген емес пе, біз де қағаз бен қаламға үйір болып өстік. «Төлбасы» дегендей, ата-ана­мыз­­дың ең үлкені Зейникамал – Қарағанды медицина институтын тәмамдады, өмір бойы адам жанының арашашысы бола жүріп ел алғысына бөленді. Ботакөз – ұлағатты ұстаз. Марал да білгір дәрігер, өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған маман. София – сәулетші, Ардақ – медицина саласының қызметкері, Қуаныш, Аяжан деген сіңлілеріміздің білімі орташа, Зейін – инженер-құрылысшы, Зейнұр – жоғары білімді агроном-экономист. Әрқайсысы өз саласын жақсы меңгерген азаматтар. Марал мен Ардақтың жырға әуестігі бар. Әке жолын қуған мен көп жылдардан бері журналистика саласында еңбек етіп келемін. Немереден шөбере сүйген анамыз Кәмеш жуырда дүниеден өтті. Менің есімде ерекше қалған жай – жылма жыл әкемнің кітаптары шығып жататын. Ол кітаптың алғаш­қы данасы келгенде әкем жас баладай қуанып, үйге сыймай кетеді. «Бұл да менің жаңа туған перзентім секілді ғой» деп мұқабасын сипап, жадырап отырушы еді, жарықтық... «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, әкем жерлестеріне алғашында «ақын бала» ретінде танылыпты. Кейін «төрт ауыз өлең жолына көңілдегі көрікті ойды сыйғызу қиын екен» деп, қарасөзге ауысқан көрінеді. Әкем тағдыр талқысына түсіп, он жыл төсек тартып жатқанда да қолынан қаламын түсірмепті. Ақыры 1959 жылы алғашқы «Бастама» деген кітабы жарық көргенде қарға адым жер мұң болған ауыр бейнеті ұмы­тылып, құлан-таза айығып кетіпті. Жылт еткен дарынға қамқорлық керек. Әкем Зейнел-Ғабиға сол кез­дегі Солтүстік Қазақстан облыс­тық партия комитетінің хатшысы Ілияс Омаровтың көрсеткен қамқор­лығында шек жоқ еді. Қолына қалам ұстаған жас талапкерге жол көрсетіп, кітабының жылма-жыл шығуына ағалық қамқорлығын аямаған ағамыздың «жас қаламгер шығыпты, танысайын» деп ауылға іздеп келіп, «жазушының ас бөлмесі, кісі күтетін, жазу жазатын, балалары тынығатын бөлмелері болуы керек» деп ағаштан қиғызып, кең сарайдай үй салғызып бергенінің өзі неге тұрады?! Жазушы Асқар Лекеровтің де әкеме жасаған жақсылығы, қамқорлығы ұшан-теңіз. Алматыға келген сайын үйіне түсіріп, жинағына редактор болып, жазу-сызудың қыр-сырын үйреткен де сол кісі. Сол сияқты, жерлес жазушы ағаларымыз Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов пен Сафуан Шәймерденовтердің әкеме жасаған қамқорлықтары ауыз толтырып айтарлықтай екенін білемін. 1974 жылы әкем 50-ге толып, аудан басшылары бізге совхоз орта­лығынан үй берді. Сөйтіп, туған ауылымыз Ортақкөлден орталыққа көштік. Сонда жаңа қоныстағы көр­шілеріміз: «Зейнел-Ғабидың бар жинағаны бір машина кітап екен?» деп күліскен көрінеді. Бірақ оған әкем реніш білдірмепті. Ата-анамыз бізді өнер-білімге тәрбиеледі. Менің әйгілі әнші Жү­сіпбек Елебековтің шәкірті болуыма бірден-бір себепші болған аяулы әкем еді. Өзі де Ақан серінің, Бір­жан салдың, Мәди мен Естайдың ән­дерін домбырамен сүйемелдеп, қо­ңыр дауыспен нақышына келтіріп орынд­айтын. Анам Кәмеш те Әсеттің «Ін­жу-маржаны» мен Ақан серінің «Қараторғайын» шырқағанда тың­дау­шылары сілтідей тына қалушы еді. Мен тұрмыс құрып, домбырамды қолға алмай кеткен кезімде әкемнен хат келіпті. «Алтынжан, өнерің қап түбінде қалып қоймасын, ол сенің өнерге жасаған қиянатың, өзің талаптанып, талпынбасаң болмайды, көрін, өнеріңді дамыт!» – деп жазыпты. Әке сөзі қамшы болып, сол кезде Қазақ радиосына біраз ән жазып едім. Әкем өмірден өтерден бір ай бұрын Қазақ теледидары арқылы менің жеке концертім берілді. Сол күні әкем теледидар алдында отырып көз жасына ерік беріп, ұзақ жылапты. Қуанғаны ғой деп ойладым мен. Қателеспеппін. Әкем соңғы хатында: «Сенің концертіңді көріп, төбем көкке жетті ғой. Осылай көрініп жүрсейші, әуелі ел-жұртың қуанады ғой», – дегені әлі есімде. Әкем айықпас дертпен арпалыса жүріп он жеті кітап шығарды. Бі­рақ таңдамалысын көре алмай кетті. 2010 жылы «Қазақпарат» баспасы Байланыс және ақпарат министрлігінің мұрағат комитетінің тапсырысымен Зейнел-Ғаби Иман­баевтың «Қос қайың» атты 40 баспа табақтан тұратын әңгімелері мен повес­тері жинағын оқырманға ұсын­ды. Қазір «Дала хикаялары» деп аталатын екі томдығы баспада жатыр. Әкемнің шығармаларымен жақсы таныс белгілі қаламгер Қажытай Ілиясов кезінде: «Зекең стилист жазу­шы болатын. Сөйлем құрауда қысқа, нұсқа жазуды кәсіп еткен жан еді. «Бояушы бояушы дегенде сақалын бояпты» дегендей, бәз біреулердей көркем сөзді біледі екем деп, орынсыз бояй бермейтін. Өз жазғанына сақ қарайтын жазушы еді. Ол кісі маңайына сыйлы, абыройлы болған екен. Әдемі сырбаз, жай жазушыларға қарағанда түсінігі терең, нәзік дүниенің сырын білетін жан екені жазған шығармаларында айқын байқалатын. Зейнел-Ғаби Иманбаев қай тақырыпқа барсын біліп жазып, шолатын жерінен интеллектуалды адам екені анық байқалады. Адамның кім екенін тек жазға­нынан ғана емес, істеген ісі мен сөй­леген сөзі­нен-ақ кім екенін білуге болады. Шығарманың өзінен жазып отыр­ған тақырыпқа деген көзқарасы, дүниетанымы, өзінің ұстамы анық байқалады екен» деп жазыпты. Ал сатирик жазушы Көпен Әмір­бек Қазақ радиосының әуе тол­қынына әкем жайлы хабар әзірлегенде өз ойын былайша жеткізіп еді: «Садықбек Адамбековтің «Қазақ совет әдебиетінде жеті сынып бітірген үш классик бар, ол Максим Горький, Ғабиден Мұстафин және мен» деп айтқаны бар. Осылардың қатарына классикалық әдебиеттің қатарынан көрінетін қаламгер Зейнел-Ғаби Иманбаевты да қосуға болады. Өйт­кені, өзінің өмірбаяндық жазуы бойынша Зекең бірінші Абайды ұс­таз тұтқан. Екінші Чеховты, үшін­­ші Бейімбет Майлинді, төр­тін­ші Островскийді ұстаз еткен. Философиялық ой қоз­ғауды Абайдан, қысқа жазуды Чеховтан, табиғи, ұлттық бояуды жағып тартымды жазуды Бейімбет Майлиннен және өткір, қажырлы да қайратты жазуды Островскийден үйренген». Балалар әдебиетінің кенжелеп тұрған кезінде әкемнің жазған әңгімелері мен мысалдары бала тәрбиесіне таптырмайтын құрал екені сөзсіз. Осы орайда «Жыл он екі ай» журналының бас редакторы Талғат Айтбайдың да әке шығармашылығы жайлы айтқан жылы лебізі көңіл қуантады. «Балалар тақырыбына жазу үшін олардың психологиясын, болмысын жақсы білу керек. Ол тақырыпқа жазу оңай шаруа емес. Бір қарағанға елеусіз тақырып. Осы тақырыпты ендеп, әдемі ойлармен қызықтырып жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді де. Қаламгер балаларға арналған әңгімелерін мөлдірете, қызықтыра, жеңіл бала тілімен, түсінікті ете жазуға шебер балалар жазушысы. Зейнел-Ғаби ағаның қаншама әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Оқулыққа ену үшін әдістемелік немесе ой салатын, академиялық өлшемге келетін шығармалар жазу шеберлікті қажет етеді. Міне, жазушы осы жағдайды ерекше ескеріп, тұшымды дүниелер жаза білген. Оның сыры – ұрпақты мысал әңгімелермен, көркем дүниемен жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелей білу мақсатында көп ізденген жан. Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармашылықты өз деңгейінде зерттеген. Сосын өзінің жазуына ұқып­ты, жауапкершілікпен қараған. Оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны зерттеп, сезініп, оқыр­ман­­ның өресін екшеп, сенімді түрде жа­­за білген» деп ағынан жарылған еді ол. «Ажалды жеңген адам алтын аяқтан су ішеді» демекші, Корчагинше өмір үшін күресіп, қиындықты көп бейнетпен, талмай ізденумен жеңген әкемнің қайраттылығы мен өмірге құштарлығы біз үшін үлгі-өнеге. Ол өз шығармаларымен еліне танылды. Кезінде республикалық газет-журналдар мен Қазақ радиосының эфирін өзінің ауыл тынысы жайлы радиоочерктері мен сықақ әңгімелері, балаларға арналған бала тілімен жазған бірталай жақсы әңгімелерімен толтырып, күнделікті ақпарат көзде­рінде қаламын суалтпай, өз еңбегімен танымал болған еңбекқор қаламгерді исі қазақ ұмытпайды. Өз ауылынан алысқа ұзамай, туған жерге алтын қазық болып қадал­­ған, табиғат тылсымын зерттеп, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін шығармаларына арқау еткен әкемді Ортақкөл мен Баян ауылдарының тұрғындары туған жердің тамыршысы деп құрметтеуші еді. Сол құрмет ешқашан ортаймайды деп ойлаймын. Алтын ИМАНБАЕВА, жазушының қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ радиосы «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі.
Соңғы жаңалықтар