31 Қаңтар, 2014

Қазақстандық дипломатияның 2020 жылға дейінгі пішімі

343 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Idrisov2Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан өзінің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуында қарқынды серпіліс жасады. Еліміз халықаралық аренада айтарлықтай сыртқы саяси жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік қоғамдастықтың беделді әрі жауапты мүшесіне айналды.

Қазақстандық дипломатия әлемнің барлық елдері және халықаралық ұйымдарымен өзара ынтымақтастықтың сенімді жүйесін құрды, қазіргі таңдағы әлем құрылысының аймақтық және жаһандық мәселелерін шешуге тең дәрежелі қатысып, өзінің конструктивті үлесін қосып келеді. Бүгінде Астананың сыртқы саяси қызметі ұлттық мүдделердің барлық салалары мен ең өзекті халықаралық мәселелерді қамтиды.

 

Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан өзінің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуында қарқынды серпіліс жасады. Еліміз халықаралық аренада айтарлықтай сыртқы саяси жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік қоғамдастықтың беделді әрі жауапты мүшесіне айналды.

Қазақстандық дипломатия әлемнің барлық елдері және халықаралық ұйымдарымен өзара ынтымақтастықтың сенімді жүйесін құрды, қазіргі таңдағы әлем құрылысының аймақтық және жаһандық мәселелерін шешуге тең дәрежелі қатысып, өзінің конструктивті үлесін қосып келеді. Бүгінде Астананың сыртқы саяси қызметі ұлттық мүдделердің барлық салалары мен ең өзекті халықаралық мәселелерді қамтиды.

Idrisov2

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Президенті белгілеген стратегиялық сыртқы саяси мақсаттар мен барлық бағыттардағы басымдықтарды жүзеге асыру бойынша бірізді жұмысты жалғастыруда. Осылайша, өткен жылы Елбасымыздың қатысуымен Қазақстанда және шетелдерде 170-ке жуық халықаралық іс-шаралар мен кездесулер өтті.

Біздің жақын көршілеріміз – Қырғыз­стан, Түркіменстан және Өзбекстан елде­рімен жоғары деңгейде жемісті келіссөздер жүргізілді.

2013 жылғы қараша айында Ресей Федерациясымен екіжақты қарым-қатынастың барлық салаларын қамтитын ХХІ ғасырдағы тату көршілестік және одақ­тастық туралы жаңа келісімге қол қойылды.

ҚХР-дың жаңа Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға алғашқы мемлекеттік сапары аясында энергетика, қаржы және инвестиция салаларында жалпы сомасы 35 млрд. АҚШ долларын құрайтын нақты келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, екі мемлекет арасында су алмасу жөніндегі келісім жобасына қатысты 2015 жылдан бастап жұмыс жүргізу туралы маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді.

АҚШ-пен екіжақты және халықаралық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелері бойынша стратегиялық әріптестік сенімді жалғасуда.

Еуропа бағытында жаңа белестер алынды. Елбасымыз Монако Князьдігіне өзінің алғашқы сапарымен барды. Екіжақты қарым-қатынастар тарихында алғаш рет Ұлыбритания Премьер-министрі Д.Кэмеронның Қазақстанға мемлекеттік сапары болып өтті. Бұл сапар біздің қарым-қатынастарымызды стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарды. Алғашқы ресми сапарымен Астанаға Испания Үкіметінің төрағасы М.Рахой келді.

Еурокомиссияның төрағасы Ж.М.Бар­­розудың өткен жылғы маусым айында Қазақстанға жасаған сапары еліміздің ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесіміз болып табылатын ЕО-мен кең ауқымды қарым-қатынасын тереңдетуге айтарлықтай ықпал жасады.

Сыртқы саясат ведомствосы өзінің азиялық бағытын күшейте түсті. Бұл біздің дәстүрлі әріптестеріміз – Жапония, Корея Республикасы, Үндістан, Малайзия елдері ғана емес, сонымен қатар, аймақтың басқа да мемлекеттеріне қатысты. Осылайша, Индонезия Президенті С.Б.Юдойононың Астанаға алғашқы мемлекеттік сапары барысында екі елдің мемлекеттік және жеке өнеркәсіптерінің, сондай-ақ, қаржы институттарының қатысуымен сауда және экономика, технологиялық байланыстар салаларында бірқатар келісімдерге қол қойылды.

БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ және басқа да көпжақты құры­лымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастық пен көпжақты дипломатияға үлкен назар аударылды. 2014-2016 жылдар аралығында төрағалық Түркиядан ҚХР-ға өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды ха­лықаралық ұйымға трансформация­лау жөнінде әріптестермен әрі қарай жұ­­­­­мыс­тарды жалғастыруға үлкен мән берілуде.

Сыртқы істер министрлігі өзінің құ­рылған күнінен бастап, ең алдымен, мемлекет пен қоғамды дамыту мәселелеріне ықпал жасау қажеттілігіне сүйенді. Еліміздің ірі ішкі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды қамтамасыз ету үшін Қазақстан дәл осы дипломатиялық құралдармен қолайлы сыртқы ортаны қалыптастырды.

Сыртқы саясат тұжырымдамасын құру үдерісі бірнеше сатыдан тұрды – оның әрқайсысында Мемлекет басшысы сыртқы саяси басымдықтарды айқындап, құжат Қазақстанның қазіргі замандағы орны мен рөлін, сонымен қатар, еліміздің сыртқы сая­си қызметінің қағидаларын, мақсаттарын, басымдықтары мен алда тұрған тапсырмаларын анықтайтын құжат болып табылды.

Мемлекет басшысының 2014-2020 жылдарға арналған Қазақстан Рес­­пуб­­ликасының Сыртқы саяси тұжы­­­­рым­­да­масын бекітуі жаңа 2014 жылдың маңызды оқиғасы болды. Бұл құжат «Қазақстан-2050» Стратегиясында бекітілген сыртқы саяси ұстанымдар аясында жасалып шығарылған, сондықтан жаңа тұжырымдама осыған дейінгі құжаттардан өзінің мазмұндық толықтырылуы жағынан ерекшеленуі табиғи заңдылық. Бұл Елбасы алға қойған жаңғырту үдерістерінің жаңа басымдықтарының, Қазақстанның өсіп келе жатқан халықаралық беделі мен ықпалының, қазіргі заманғы саясат пен экономиканың өзіндік жаңа трендтерінің пайда болуымен байланысты.

Құжатты әзірлеу барысында, бір жағынан, Қазақстан сыртқы саясатының сабақтастығын сақтап тұрса, екінші жағынан, заманауи өзгерістерге деген оның баламалығын паш ету мақсаты тұрды. Нәтижесінде бұл ойымыз іске асты деп сенемін. Тұжырымдамада көрсетілген сыртқы саяси қызметтің басым бағыттары іргелі, мызғымайтын жағдайын көрсетсе, сонымен қоса, бүгінгі күннің талаптары мен жаңа императивтерді де қамтыған.

Тұжырымдамаға ашық қоғамдық сипат беру жаңалық болды. Осылайша, біз екі бірдей мәселені шешіп отырмыз. Сыртқы істер министрлігінің қызме­тіне анық және нақты бағдар қойып және бұдан да маңыздысы – Қазақстан Рес­пуб­ликасының сыртқы саяси бағыты мен басымдықтарын біздің қоғам мен шетелдік әріптестеріміздің жақсырақ түсінуіне жол ашып отырмыз.Тереңірек түсінісу мол сенімге жол ашады; түсінікті және болжамға келетін контрагент көп жағдайда ең жақын әріптеске айналады.

Тұжырымдаманың келесі ерекшелігі оның шағын сипатында. Бұл мазмұнының негізгі аспектілерін бөліп шығару үшін және ақпаратты қабылдау қолайлылығы үшін жасалған. Ол алдымыздағы жеті жылға есептелген Қазақстанның сыртқы саяси философиясы ретінде берілген.

Тұжырымдама соңғы бекітілуіне дейін қазақстандық заңнамамен қарастырылған тиісті әзірлеу және мемлекеттік органдармен келісу жолынан өтті. Оны әзірлеу кезінде Қазақстанның сараптамалық қауымдастық өкілдерінің ұсыныстары, сонымен қатар, халықаралық өмірдің түрлі аспектілері бойынша еліміз жұртшы­лығының пікірлері мен бағалары ескерілді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тұ­жырымдаманы жасауға және оны талқылауға қатысқан адамдарға шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Тәуелсіздік таңында Қазақстан Респуб­­ли­­­­касының Президенті жария еткен көпвекторлы және теңдестірілген сыртқы саясаттың қағидаттары өзінің қалып­тасқандығын растады және халықаралық қоғамдастықпен өзара ынтымақтастықтың баламасыз негізіне айналды. Сонымен қатар, әлемдік саясатта болып жатқан шынайы жағдайларды ескере отырып, құжаттың осы редакциясында ұлттық мүдделерді нық қорғау және өзара тиімділік негізінде ерекше сындарлы сыртқы саясат жүргізу қажеттілігі күшейтілген. Жуырда жарияланған Қазақстан Президентінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан хал­­­­қына Жолдауы да бізді осыған бағыттайды.

Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың мүшесі болып табылады және онда болып жатқан барлық үдерістерге сөзсіз тәуелді болады. Осы жайтты ескере отырып, еліміздің сыртқы саясаты сындарлы болмауы мүмкін емес. Әдетте «Саясатта тұрақты дұшпандар мен тұрақты достар жоқ, тек тұрақты мүдделер бар», делінеді. Қазіргі халықаралық жағдайда бұл нақыл сөз өз өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы мақсаты жайында жазылған құжаттан дәстүрлі нұсқаулармен бірге, мысалы, «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қорғаныс мүмкіншіліктері, егемендік және аумақтық тұтастық», сондай-ақ, жаңа элементтерді табуға болады.

Атап айтқанда, мәселе «Қазақстан-2050» Стратегиясын тиімді орындау үшін қолайлы жағдай жасау, халықтың өмір сүру жағдайын жоғары деңгейге көтеруге қол жеткізу, көпұлтты қоғамның бірлігін, құқықтық мемлекетті және демократиялық институттарды нығайту, адамның құқығы мен бостандығын іске асыру болып табылады. Егер бұрын назар айтарлықтай деңгейде мемлекеттің мүддесін қорғауға аударылса, ал бүгінгі таңда назар біртіндеп қоғамның қажеттіліктерін азаматтардың жиынтығы мен әр қазақстандықты жеке алу ретінде қамтамасыз етуіне ауысып келеді. Осы тапсырма аясында біз шет-елдердегі қазақ диаспорасы мен қазақ тіліне деген қамқорлықты жалғастыра беруді қарастырамыз.

Қазақстан үшін бәсекелестікке ие әлемде өзіне лайықты орын табуға әрекет жасау жат мәселе емес. Осыған бай­ланысты сыртқы саясаттағы жаңа тұтас нұсқаулардың ішінен елдің «жасыл» дамуға ауысуы мен әлемнің 30 ең дамыған мемлекеттер қатарына кіруін табуға болады. Астана қала­сында өтетін «Болашақтың энергиясы» атты ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне сапалы дайындық пен оны өткізу, сондай-ақ, жоғары технология мен энергия сақтау стан­дарттары мен технологияларды біздің елімізде енгізу осы мақсатқа жетудегі ең басты элементтердің бірі болмақ.

Елдердің көбісі өзінің ұлттық мінез-қалпы әлеуетін ашып көрсету арқасында дамуға қол жеткізгені белгілі. Осыған орай, қазақ және еліміздегі басқа да ұлттардың ұлттық-мәдени ерекшеліктерін сақтау мен мемлекеттің жеке даму жолымен жүру Қазақстан сыртқы саяси қызметіндегі басты бағыттардың бірі болып табылады.

Тұжырымдамада Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатында Орталық Азияны басты стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде алға тарту – жаңа маңызды енгізулердің бірі. Осындай бағыт біздің еліміздің түпкі ұлттық көзқарасы жағынан маңызды болып саналады деп ойлаймыз. Қазақстан Орталық Азияның ортасында орналасқан және оның бейбітшілігі көршілес жатқан мемлекеттермен тығыз байланысты. Алдымен бұл – экономикалық және саяси дамуды, аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұруды қамтамасыз ету.

Барлық орталықазиялық елдердің тұрақты дамуының кепілі олардың аймақаралық ынтымақтастыққа белсенді қатысуында және келешекте экономикалық интеграцияда деп есептейміз. Тек осы жағдайда ғана жалпы аймақтың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерін тиімді шешуге, сауда және көліктік байланыстарды нығайтуға, халықтарымыздың әлеуетін арттыру жұмыстарын бастауға болады.

Қазақстанның сыртқы саясатының негізінде әдеттегідей елдің ұлттық мүдде­лерінің басымдықтары жатыр. Дәл осы көзқараспен біз еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің жүрісін және оған қатысуын бағалаймыз.

Экономикалық интеграция XXI ғасырдың жаһанданудағы заңды құбылысы мен әділ беталысы болып табылады. Бірде-бір мемлекет экономиканың интеграциялануынсыз тиімді дамуға қол жеткізе алмайды. Ал біздің экономикамыз жаңа нарықтарға шығуды, инвестиция мен саудадағы бөгеулерді алып тастауды талап етеді. Бұл үшін біз экономикалық интеграцияға және Еуразиялық экономикалық одақты құруға бет аламыз. Сонымен бірге, біз саяси егемендіктің баяндылығын, қабылданатын шешімдердің экономикалық дәлелділігін, кезеңділігін, прагматизм мен өзара пайда ретіндегі негізгі қағидаларын мүлтіксіз сақтаймыз. Біз, сондай-ақ, интеграцияның барлық органдарында тең өкілеттік пен интеграциялық өзара әрекеттесудің барлық деңгейіндегі консенсустың болуын алға тартамыз.

Сонымен қатар, тұжырымдамада Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметіндегі басымдықтарды іске асыруға ерекше көңіл аударылады. Біз мұнда отандық экономикаға «ноу-хау» мен шетелдік инвестицияларды тарту бойынша және қазақстандық бизнестің әлемде алға басуы бойынша саяси-дипломатиялық қолдауды маңызды деп санаймыз. Халық­аралық тәжірибе СІМ-дердің және елші­ліктердің қызметін экономияландыру дип­ломатияның дамуындағы басты беталысы болып саналуын куәландырады. Мысалы, Қазақстанда тіркелген шетелдік елшілердің СІМ-ге және басқа меморгандарға арналған үндеулерінің көпшілігі экономикалық ынтымақтастыққа байланысты.

Қазақстанның халықарлық беделінің нығаюы еліміздің әлемдік ұйымдар жұмысына аймақтық және жаһандық деңгейде белсенді қатысуына септігін тигізеді. Сонымен бірге, Қазақстан біздің ұлттық мүдделерімізге жауап беретін қызметі бар халықаралық ұйымдарға қатысады. Қазақстан БҰҰ мүшесі ретінде соңғы жылдары осы беделді ұйымның қызметіне белсенді қатысып келеді. Қазақстандық бірқатар бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан толық қолдау тауып, еліміздің жағымды халықаралық имиджін қалыптастыруға оң ықпал етіп отыр. Біз бүгін осындай негіздемелердің арқасында 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуға үміткерміз.

Жаһандық қауіпсіздік саласындағы белсенді және жауапты саясат Қазақстанға ядросыз әлем, қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау қозғалысында көшбасшы беделін алып келді. Жаңа тұжырымдама сыртқы саясатқа қатысты осы маңызды саладағы мирасқорлықты сақтап қалуды көздейді.

Әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және жаһандық климатты сақтау мәселелеріне ерекше көңіл аудара беретін болады. Бұл ел аумағында орналасқан экологиялық осалдау аймақ болып табылатын Арал теңізі және бұрынғы Семей ядролық полигонымен айқындалады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымды аймақтардың және елдердің арасындағы көшбасшылар ішінде Ресей, Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, АҚШ, Еуропа және ТМД кеңістігі еді. Тұжырымдаманың жаңа мәтінінде дәстүрлі спектрлерді қамтитын басым бағыттарды кеңейту қарастырылған. Атап айтқанда, сыртқы саясаттың азиялық векторын нығайту соның ішінде қазіргі уақытта жасалып жатқан арнайы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы жоспарланып отыр. Инвестициялық-технологиялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық өзара іс-әрекеттің басты салалары бол­мақ. Мұндай шешімнің қабылдану дұ­рыстығы біздің бұрынғы тәжірибемізбен дәлелденеді. Сөйтіп, 2009-2011 жылдары табысты іске асқан «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарлама сауда мен инвес­тиция көлемін едәуір арт­­­­­­тыруға, қарым-қатынастардың барлық спектр­лері бойынша Еуропа елдерімен ынты­мақтастықты жандандыруға ықпал етті.

Қазақстан жақын жатқан ел ретінде аумағынан халықаралық терроризм, есірткі тасымалы, діни экстремизм қаупі таралатын Ауғанстанның бекем және тұрақты дамуына мүдделі және бұл елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда аяқтануына халықаралық әріптестермен бірге әрекет­тесуге дайын. Отанымызды Орта және Таяу Шығыс елдерімен біріктіретін тарихи және рухани байланыстар есебінен біз бұл өңірде көптен күткен тұрақтылықтың тезірек орнауына үміт артамыз. Қазақстан әрдайым Иран ядролық бағдарламасы аясындағы жағдайды бейбіт жолмен, яғни тек дипломатиялық тұрғыда реттеуге үндеп келеді және өзара тиімді шешімдер шығару үшін Иранның барлық мүдделі тараптармен сындарлы үнқатысуының жалғасатынына сенеді.

Біздің елдің артып келе жатқан беделі мен экономикалық мүмкіндіктері Африка, Орта және Латын Америкасы елдерімен ынтымақтастықты кеңейту алғышарттарын қалыптастырды. Елбасы 2013 жылғы қарашада Оңтүстік Африка Республикасында елшілік ашу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл ел «Африка құрлығының қақпасы» саналады. Осы жылы Қазақстанның Мексика және Эфиопияда елшіліктері ашылады деп күтілуде. Ал 2012 жылдан бастап еліміздің Бразилиядағы елшілігі өз қызметін бастағаны мәлім.

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, еліміз өз мүддесін ең алыстағы елдер мен аймақтарда ілгерілетуді жоспарлауда. Бұл мәселені тәуелсіздіктің таңсәрі шағында күн тәртібінде мүлде басқа мәселелер тұрған кезде шешу мүмкін емес еді. Дәл бүгін, Қазақстан тұрақты және серпінді дамушы ел ретінде қалыптасып, 2050 жылға дейін өз алдына үлкен мақсаттар қойған кезде, бұдан да ауқымды кең сыртқы саясат жүргізу үшін жаңа алғышарттар пайда болып отыр.

Өзіне өткен жылдардан тарихи тәжі­рибе жинақтаған жаңа тұжырымдама қазақстандық дипломатия дамуының келесі кезеңіне бет бұрғызуда. Біздің мақсатымыз оны тиімді және сапалы жүзеге асыру болып табылады.

Ерлан ЫДЫРЫСОВ,

Қазақстан Республикасының

Сыртқы істер министрі.