05 Мамыр, 2010

ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР

2824 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қарттары орнықты, ауыздарынан шыққан сөзінің дәмі бар, ел ішін­дегі телі мен тентекті жөн­ге сала алатын жер­лер­де бейбастақтық деген бола бермейді. Осындай қарттарымыздың бірегейі Төле би ауданы арда­гер­лер кеңесінің төрағасы Әбдікәрім Бектаевты іздеп бардық. Жұртқа өнеге айту үшін өз өмірің де өнегелі болуы керек қой. Сұх­ба­тымыз тарих қойнауына кеткен жылдардан бас­тал­ған. Бүгінде жетпіс де­ген белеске аяқ басқан, өмірдің ащы-тұщысын қатар көр­ген Әбекең балалық шағымыз ауыр кезеңдерге дөп келді ғой дейді. “Бала жеті жасқа келгенге дейін жерден таяқ жейді” дейді халық да­на­лығы. Осы жасында асыл әке­сінен айырылып, қос анасымен қа­лып­ты. Өзінен жиырма жас үл­кен ағасы Әбдуәлі – 1939 жылы Бе­ларусь жерінде әскери борышын өтеп, шекарада қызмет атқарып жүр­генде неміс басқыншыларының жойқын шабуылын жалаң кеуде­сі­мен қарсы алған боздақтардың бірі. Дүние төңкеріліп, аспан жермен те­ңе­сіп жатқан тұста қазақ солдаты­ның сүйегінің қай жерде қалғанын ешкім білмейді. Дүниеде ананың жүрегінен мейірімді, жұмсақ не бар. Тасбала анасы 1986 жылы дү­ниеден өткенге дейін Әбдешім ке­ле­ді деп биік қырға көзін талды­ра­ды екен. Әкесі Бектай бес уақыт нама­зын қаза қылмайтын тақуа кісі. Ел ішінде Бектай сопы атанған ақса­қал­дың ұзын белбеуінде күніге бір пәтір нан ораулы жүреді екен. Ел ішін­де қаріп-қасір көп. Мешітке бар­ғанында нанын үзіп, әрқайсына үлестіріп береді екен. Әбекең әңгіме айтып отырғанда көз алдымызға аузынан Алласы түс­пейтін Бектай сопы елестеді. Ұзын шапан киген, ақсары жүзінде нұр тұнған ақсақал бала-шаға­сы­ның несібесінен айырып, кемба­ғал­дарға нан үлестіріп жүр. Ит басына іркіт төгілген бү­гін­гі­дей тоқшылық заманда ақсақал­дарымыздың қайсысы жетім, жесірдің маңдайынан сипап, қолындағысын бөлісіп жүр?! Әбдікәрімнің әкесі төрт ағай­ын­ды екен. Төртеуіне тиесілі бар мал 200-дей қой, 15-20 ірі қара. Төрт отбасыға бөлсе бар тіршілігі төрт тү­лік болған қазақ үшін көп мал емес. Орта шаруа. Алайда, ағайын­ды­лардың тату-тәтті тіршілігі, ауыз­бірлігі шолақ белсенділердің кей­біреуіне ұнамаған. Бар малды Бектай сопыға теліп, бай-құлақ деп кәмпескеге іліктіріп жіберген. Бекең қопарыла көшіп, Өзбек­стан­ға өткенде биліктегілер Жора­бай іні­сін ұстап, 10 жылға Сібірге айда­тып­ты. Міне, өткен заманның зұлматы. Екі шеше, төрт әкпе орта­сын­дағы жалғыз ұл қазақ мектебінен кейін Ташкенттегі ауыл шаруашы­лы­ғы және суландыру институтына түсуге құжат тапсырады. Ауыл ба­ла­сы өзбекше һәм орысша білмейді. – Өзбек ғалымдары, оқыту­шылары бізді мұсылман баласы деп іш тартады білемін, ымдап сөйлесіп формуланы жаздырып-ақ сынақтан өткізіп жіберді. Әбекең осылай дейді. Инсти­туттың соңғы курсында Украинада алты ай өндірістік практикада болған. Украиндықтар Қазақстан жайлы ештеңе білмейді екен, казакпен шатыстырады. Көкөрім жігіт қатты намыстанып қайтқан. Үлкен әулеттен қалған жалғыз ұл бірінші курсты бітіріп елге кел­генде-ақ үлкендер ортаға алған. Үлкен анаң ауру, бағып-қағатын адам керек. Не үйлен не оқуыңды таста. Талай балаларынан айыры­лып, аузы күйген үлкендер алда қан­дай күндер болады деп қауіп­тенсе керек. “Кеме қалған” ауылының қызы Роза Жайлаубекқызын айттырады. Роза апа құтты келін болады. Екі ана­ға қарап, азаматының орнын жоқ­татпайды. Жыл өткен соң қош­қар­дай ұл дүниеге келеді. Ырымал­ды ұлдың есімін әке інісі Тоғызбай құранға қарап, Әлімолда қояды. Екі ана келінін жуындырып барып, баланы емізуге берген екен. Сол Әлімолда бала, үлкен ана­ларының тәрбиесімен өскен жігіт бүгінде ел басқарған азаматтардың бірі – облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев. Жолын күткен аналары, жары, құлдыраңдаған құлыны бар еліне жіберейік дейтін заман емес, жас ма­ман Әбдікәрім енді игеріліп жат­қан Мырзашөлге комсомолдық жол­дамамен жіберіледі. Өзбек­стан­ның мемлекет басқарған игі жақ­сы­ларымен бірге жүрген, үлкен аудан­ның басшысы болған Еңбек Ері қазақ Үкібаев Қыныбектей асыл азаматтың қу­ғын­дау көріп елі­не орал­ған кезі екен. Жас маманды жы­лы қабылдайды. Біл­генін үйретеді. Жақсы тәлімгер бо­лады. 117-ші мақ­­та зауытына гидротехник етіп бекітеді. Шөл даланы иге­руге Кеңес Ода­ғы­нан көп адам тар­тылған. Шаруа­қор өзбек, тәжіктер кесімді жалақыға қанағаттанбай, бау-бақша, көкөніс өсіреді. Суға қат уақыттарда канал­ды жырып, өзінің жеріне су салады. Су мәселесі ай­қайға айналғанда гидротехник осы мәселені көтереді. Бас мұрап Үкібаев­тың жақын аға­сы, бұлай болуы мүмкін емес деп бетбақ­тыр­майды. Сол жи­на­лыста комиссия шы­ғарылады. Факті­лер­дің орын алғаны рас. Дирек­тор “Бек­таев өтірік айтпайды” дейді. Талай дауда осы сөзін қайталайды екен. Туған інісін­дей ардақ тұтыпты. 1967 жылы Леңгір ауданы екіге бөлініп, бүгінгі Қазығұрт ауданы өз алдына шаңырақ көтергенде еліне оралғысы келген Әбдікәрім Бек­таевты әзер жіберген. Мырзашөлде жұмыс істеу, жақ­сы ағалардың қамқорлығын көру Әбекең үшін жақсы болғанымен, ағайын арасындағы күңкіл шы­дат­паған. “Бектайдың баласы кісікиік болды. Оқығанын қайтейік, екі ана­сын, әйелін ұмытып, сыртта жүр”. Қаңқу сөз ауыр тиді. Ленин-Қазығұрт ауданы Мыр­зашөл емес. Суармалы жері аз. Үл­кен ауданнан мол тәжірибе жинап қайтқан маманға ауыр тиген жоқ. Үлкен анасы өтініш айтты. Жет­піс екі жаста еді. “Өлсем өлігім үкіметтің үйінде емес, өз өтенімде шықсын. Үй сал”. Әбекең 1967 жылы үй сала бастап, 1972 жылы бітірді. Жарықтық анасы бір жылдан соң осы үйде дүниеден өткен. Үлкен ағалардың тәлімін көрген Әбдікә­рім Бектаевтың өзі тәлімгерге ай­налды. Түрлі қызмет сатыларынан өтті. Обкомда сектор меңгерушісі бол­ды. Облыстық ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасы бастығының орын­басары қызметінен 1983 жылы Леңгір аудандық атқару комитеті­нің төрағасы болып тағайындалды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Терещенкомен тізе қосып, экономикалық өсім жөнінен артта келе жатқан ауданды кеуде қатарға көтеруге атсалысты. Қазақстан тәуелсіздік алған жыл­дары аудандық мәслихат хат­шысына сайланды. 2003 жылы зейнеткерлікке шықты. Әр адамның осынау өмірде не ізім қалды, халқыма қылаудай бол­са да пайдам тиді ме дейтін уақыты болады. Бүгінгі өмірі жемісті мол берер күрең күзге ұқсайды. Күре жол қалдырыпты артында. Ша­ңыра­ғынан өрбіген үш ұл, үш қыз инабатты, тәрбиелі, ел құрметіне бөленіп жүр. Ұйымшыл. Немере, шөберелері жиналғанда олар ата, әжелеп мойындарына асылып, беттерінен сүйгенде жұмақтың төрінде жүргендей сезінеді. Өнегелі өмір иесі Әбдікәрім Бек­таев бүгінде ат үстінен түскен жоқ. Аудандық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы ретінде атқаратын шаруасы шашетектен. Әкесі Бектай орамалының шалғайындағы түйген нанын қаріп-қасірге үлестіріп жүр­се, одан туған ұл демеушілер тауып, жетім-жесірдің көңілін бүтіндеп, көп ұлт тұратын ауданда достық­тың, бірліктің ұйытқысы болып жүреді. – Студент жылдары Украинада өндірістік практикадан өткенімде ондағылар Қазақстанның атын естімегенін айтып намысыма тиген еді, – дейді Әбдікәрім ақсақал. – Бүгінде Украина қайда, Қазақ­стан қайда. Біздегі экономи­калық өсім сегіз есе жоғары ол елден. Көп ұлт жайласа да татулығы баянды, бір қолдың саласындай ұйысып отыр. Еуропа қазақ бала­сына билік айт деп төрін ұсынды. Мұның бәрі Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың арқасы. Дүние жүзін бір тарының қауызына сыйғызып жібере жаздаған дағдарыс та біздің елде жеңіл өтті. Мем­лекеттің өз халқына жасап жатқан жақсылықтарын нантепкі қылмай, қадірін білуіміз, ортақ іске атса­лысқанымыз жөн. Қазақстандай Отанымыздың берекесі таси берсін десек, елді ел қылатын касиеттерден ажырамай, Елбасымыздың сын­дарлы саясатын қолдауымыз керек. Мен жастарға осыны айтып жүрмін... Парасатты ақсақал осылай деп түйіндейді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы.