31 Қаңтар, 2014

Кәсіпкерлермен келелі кездесу

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Астанада Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесті. Келелі кеңеске құрылған жиынға Үкімет басшысы өзі төрағалық етті. Кеңесте елдегі кәсіпкерлікті дамыту шаралары сөз болды.

 

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Астанада Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесті. Келелі кеңеске құрылған жиынға Үкімет басшысы өзі төрағалық етті. Кеңесте елдегі кәсіпкерлікті дамыту шаралары сөз болды.

Кездесуге Үкімет құрамы то­лық дерлік келді. Онымен қа­тар, Парламент депутаттары мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың басшылары, сондай-ақ, бірнеше ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты. Ал, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының Ас­танадағы аппараты мен аймақтардан келген өкілдері үстел басынан орын алды.

Отырысты ашқан Премьер-Министр Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлгенін айтты.

«Сондықтан бүгінгі кездесу кездейсоқ өтіп отырған жоқ. Біз бүгін кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін мәселелердің бәрін ашық талқылаймыз. Сөйтіп, оларды шешу жолдарын да қарастыруға тиіспіз. Осыны негізге алып, әрқайсыңыз жұмыстарыңызда туындап жатқан проблемалар жөнінде пікір білдірулеріңізге болады», деді. Сөйтіп, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елдегі бизнесті дамыту жолында Үкіметтің әріптесі екендігін еске салды.

Премьер-Министр алғашқы сөз кезегін палатаның басқарма төрағасы А.Мырзахметовке берді. Төраға Президент Жолдауында шағын және орта бизнеске қатысты берілген тапсырмалар туралы айта келіп, саладағы көптеген түйткілді мәселелер жөнінде әңгімеледі. «Атамекен» Одағы» Ұлттық кәсiпкерлер палатасы мемлекеттiк қолдау көрсету құралдарына тексерiс жүргiзуге мүдделi екеніне тоқ­талды. «Қазiргi уақытта басымдық берілетін салалар бел­гілі, мемлекеттiк қолдау көр­сету құралдарының барлығына тексерiс жүргiзу қажет. Бүгiнгi күнi палата аясында кластерлiк саясат бойынша қызу пiкiрталас пен талқылау жүргiзiлуде. Жер­гiлiктi жерлерде аймақтық клас­тердi қамтамасыз ету мәсе­лелерiне көңiл бөлiнiп жатыр», дедi А.Мырзахметов.

Сондай-ақ, басқарма төрағасы кәсiпкерлерге қаржы құралдарының қолжетiмдiлiгi мәселесі де өзектi екенін айтты. «Осы мәселенi шешу үшiн консультанттардың 2 тобы құрылуда. Инвестиция тарту саласында түрiк тәжiрибесiн қолдануды көздеп отырмыз», деп толықтырды ол өз сөзін. А.Мырзахметовтен кейін кезек-кезегімен сөз алған кәсіпкерлер жұмыс үдерісі кезінде кездесетін кедергілер жөнінде әңгімеледі. Солардың бірі өндірілген тауарларды сертификаттау мәселесі екен. Мәселен, Қазақстанда берілген сертификат Ресейдің мемлекеттік органдарында мойындалмайтын көрінеді. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері үзіліссіз шығарылып жатқан өнімді жыл сайын қайта сертификаттап отырудың қаншалықты қажет екендігі де айтылып қалды. Премьер-Министр бұл проблемалар таяу уақытта шешімін табуға тиіс екенін орынбасарларына ескертті.

Кездесуде бірқатар ведомство басшылары мен Ұлттық палатаның қызметкерлері сөз сөйлеп, шағын және орта бизнесті дамыту жолдары туралы өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

– Ұлттық кәсiпкерлер палатасы мен мемлекет және бизнес арасында тығыз байланыс орнауы тиіс. Президент кәсiпкерлердi топтастыру бизнестi дамытудың және жалпы алғанда, экономиканы өсірудің маңызды факторларының бiрi екенiн бiрнеше рет айтты. Осы орайда, Үкiметтiң құзыреттi серiктесi ретiнде Ұлттық кәсiпкерлер палатасының рөлiн атап өткiм келедi. Ол мемлекет пен бизнес арасында тығыз байланыс орнатып, бiздiң кәсiпкерлiктiң қорғанышы мен тiрегi болуы тиiс. Қазiргi уақытта барлық ұйымдастыру жұмыстары аяқталып, аудан, қалаларға дейiн қамтитын тиiстi құрылым жасалды. Ендiгi кезекте барлық деңгейде оның тиiмдi және сындарлы қызмет етуiн қамтамасыз ету қажет, – деп қорытындылады сөзін С.Ахметов.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».