Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданының «Алма Сити-5» тұрғын үй кешенінен көпбалалы отбасыларға үш бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған.
Жаңа қоныстанушыларды құттықтай отырып, мегаполис әкімі Б. Сағынтаев қала тұрғындарына әлеуметтік қамқорлық әкімдік жұмысының басты бағыты екенін айтты.
Жыл басынан бері 2 340 мұқтаж отбасыға жеңілдікпен несие беру аясында тұрғын үй берілді. Соның ішінде коммуналдық тұрғын үй қорынан - 41; «Бақытты отбасы» республикалық бағдарламасы аясында көп балалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 181 несиелік заем берілді.
Бұл ретте Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың бастамасымен көп балалы отбасыларға берілетін несие санын көбейту мақсатында жергілікті бюджеттен кезекте тұрғандарға жеңілдетілген несиелерді қосымша қаржыландыруға 3,3 млрд теңге бөлінді.