Амангелді ТӨЛЕЕВ, Кемеров облысының губернаторы: “МЕН НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫ НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ДЕП БІЛЕМІН. ОНЫ ХХІ ҒАСЫРДЫҢ АЗАМАТЫ ДЕП КЕЗ КЕЛГЕН ЕЛ АЛДЫНДА МАҚТАНЫШПЕН ТАНЫСТЫРА АЛАМЫН”
– Амангелді аға, өзіңізбен сұхбаттар сериясының жалғасуына мүмкіндік бергеніңізге алғыс айтамын. Губернаторларды тағайындау барысында президенттеріңіз Дмитрий Медведевтің ұстанымы бізге де белгілі. Президент ең алдымен жастарға басымдық беретінін және үш жылдан артық мерзімге сайланатынына жол бермейтінін мәлімдеді. Президент таңдауының сізге түскені наурыз айының бас кезінде-ақ белгілі болды, облыстық кеңес алдында сізді төртінші мерзімге тағайындау туралы ұсыныс білдірді. Ресей басшылығының өзіңізге деген ықылас-сенімінің себебі неде деп білесіз?
– Сіз қателесіп тұрсыз. Д.Медведев бұл мәселеге кешенді түрде қарау қажеттігін бір емес, бірнеше рет мәлімдеді. Губернаторлыққа үміткер тұлғаның жасы немесе губернаторлық мерзіміне емес, іскерлік қасиетіне басымдық беретінін мәлімдеді. Кемеров облысы Ресей Федерациясында саяси және экономикалық жағынан тұрақты, тұрғындарының әлеуметтік жағдайы эволюциялық жолмен өсіп келе жатқан бірден-бір өлке деген пікірге бәрінің құлағы үйреніп қалды.
– Ал 1997 жылы облысты қандай жағдайда басқаруға алғаныңызды еске түсіріп көріңізші? Сізге алдыңғы губернаторлардан қандай мұра қалды?
– 1997 жылғы Кузбасс қайнап жатқан қара қазанға көбірек ұқсайтын. 43 шахта жұмысын тоқтатты. 150 мың шахтер жұмыссыз қалып, күнкөріс нәпақасынан айырылды. Шахтерлар атақты Транссібірдің жолын бөгеп, аштық жариялады. Қылмыс деңгейі күрт өсіп, облыс тұрғындары шарасыздықтан тентіреп, Кузбасс жерін үмітсіздіктің елесі кезіп жүрді.
Бүкіл мүмкіндікті, ақыл-ойдың жиынтығын жағдайды түбірінен өзгертуге бағыттауға тырыстым. Соның нәтижесінде экономиканың күретамырына қан жүгірді. Қираған шахталар қалпына келтіріліп, тұрғындар атамекеніне оралды. Тұрғындары темір жол рельстерін бөгеп, қираған үйіндіге айналған Кузбасс оншақты жылдың ішінде алып мемлекеттің индустриялы тірегіне айналды.
– Ғаламшарды шарпып өткен қаржылық-экономикалық дағдарыс сіздің губернаторлық мерзіміңіздің үшінші кезеңіне тура келді. Бұл губернатор Аман Төлеевтің саяси рейтингіне қалай әсер етті? Тұрғындарыңыз төзімділік таныта алды ма?
– Ол рас. Қаржылық дағдарыстан біз де шет қала алмадық. Тіпті өзге өлкелерге қарағанда ауыртпалығын артығырақ сезіндік. Себебі, экономикамыз әлемнің 85 елінің экономикасымен интеграцияланып үлгірген. Жетекші өндіріс орындарымыздың өніміне деген сұраныс деңгейі төмендеді.
– Бірақ, соған қарамастан, қиындыққа қарсы тұрып, еңбек ұжымдарының ядросын сақтай алдыңыздар ғой.
– Кузбаста бірде-бір шахта немесе кен орындары жабылған жоқ. Керісінше, қазіргі заманғы технологиямен жабдықталған жаңа кен орындары, разърездер ашылды. Тек 2009 жылы ғана 180 млн. тонна көмір өндірілді. Экономикадағы өсім деңгейі дағдарысқа дейінгі көрсеткішке жетіп қалды. Қазір Кузбасс өлкесі өндіріс көлемінің өсімі, инвестиция тарту жағынан бүкіл елде алғашқы ондықтың қатарына енді. Өлкенің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақталып, бала туу деңгейі өсіп келеді. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп жатыр.
Мұндай көрсеткіш оңай жолмен келген жоқ, атқарушы билік орындары, қоғамдық ұйымдардың саяси ерік-жігері, экономикалық әлеуеті дағдарыстың ықпалын әлсіретуге жұмылдырылды. Президент Д.Медведев Аман Төлеевтің кандитурасын қолдаған кезде осы жағдайды ескерді деп ойлаймын. Президенттің менің кандидатурамды қолдауы – кузбастықтармен бірлесіп жүргізіп келген еңбегіміздің жемісі, ал екінші жағынан мемлекет басшысының, үкімет басшысының Кузбасс алдындағы, оның әрбір тұрғыны алдындағы жауапкершілігі.
– Аман аға, кеңес империясының келмеске кеткеніне жиырма жылға жақындап қалды. Біз осы мерзімде неден ұтылдық, неден ұттық? Пікіріңізді білгім келеді.
– Мен күні бүгінге дейін Кеңес Одағының құлауын орны толмас апат деп танимын. 70 жыл бойы қалыптасқан мемлекет бір күнде құлап түсті. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің күл-паршасы шықты: жан-жағындағы елдермен интеграцияланып үлгірген Ресейдің түкпір-түкпіріндегі, оның ішіндегі Кузбастағы өндіріс ошақтары жұмысын тоқтатты. Ең өкініштісі – қай түкпірінде жүрсем де туған бауырымдай, туған шаңырағымдай сезініп келген алып шаңырақ бір-ақ күнде күйреді.
Әскерде жүргенімде бір казарма оншақты ұлттың өкіліне пана болды. Біз өзімізді шындығында Кеңес Одағының азаматы сезіндік. Ұлтымыздың айырмашылығы түр-тұлғамыздан ғана сезіліп тұрар еді. Бұл қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармалары мен украйн ақыны Тарас Шевченко шығармаларындағы өзгешелік сияқты. Асқар таулар бір-бірімен иықтасып тұрғанда ғана асқақтап көрінеді емес пе?! Сол секілді ара-қатынастарымыздың шынайы екені әрбір іс-әрекеттерімізден байқалып тұратын. Сол кезде Ресейдің әрбір екінші азаматының туған-туысқандары КСРО-ның түкпір-түкпірінде өмір сүрді. Қазір көрші мемлекетте тұратын қарындасыңа немесе ағаңа барып келудің өзі басы артық шығынды талап етеді.
Рас, Кеңес өкіметі кезінде де қиындықтар болмай қалған жоқ. Бір отбасының баласындай бас қосып, неміс фашизміне қарсы тұруымыздың өзі неге тұрады? Тіпті еске алудың өзі қорқынышты. КСРО аймағында тұрған барлық ұлттар бірыңғай күшке айналғанын, алып ғаламшарды екі жүйеге бөлуге құдіреті жеткенін мойындауға тиіспіз: ДнепроГрэс, Түркісіб, Магнитка, Кузнецстрой, Тың игеру, Самотлор, БАМ – соның айқын дәлелі. Жоғарыдағы тарихи мекендерде санмыңдаған бойжеткен мен бозбала бір шаңырақ астында бас қосты, бала сүйді. Орыс қызы мен қазақ жігітінен туған баланың ұлтын айшықтады: екі ұлттың менталитеті жас баланың бойында ет пен терідей болып кетті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей жеріне келгенде “біздің тарихымыз ортақ” дегенді жиі айтады. Бұл – алдарқату емес, бұл пафос та емес. Бұл дәлелдеуді талап етпейтін ақиқат. Бұған мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Біздің Новокузнецк зауытының жарты ғасырлық тарихы бар. Оның құрылысында қазақтың да, өзбектің де қолтаңбасы қалған. Құрылыс кезінде өзбек азаматтарына арналып, арнайы шайхана салынған. Бастапқыда, қарапайым, тіпті күрке ретінде де салынған болар. Бірақ кейін уақыт өте келе заман талабына сай жетілдірілді. Зауыт балансындағы сол шайхана жарты ғасырдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда келушілер кішкене ғана кесеге құйылып берілетін өзбектің көк шайын күні бүгінге дейін сүйсініп ішіп, дәмді палауын бір жемей кетпейді. Құрылыс жүріп жатқанда өзбек азаматтары өз елінің бір бөлшегін тастап кеткенін сол кезде сезбеген де болар.
Өз басымнан өткен мына бір жәйтті айтайын. Жасырақ күнімде Киев әуежайында әмиянымды ұрлатып алғаным бар. Не істерімді білмей дағдарып қалдым. Сол кезде жасы мен құралпы армян азаматы жаныма келіп:
– Бауырым, не болды? – деп іштарта қарады. Мән-жайды білген соң, сөзге келмей ұшаққа билет алып берді. Өз қаржысына және қайтарымын талап етпестен. Белгісіз адамға деген ризашылығымды сөзбен жеткізе алмаған күйде үйіме жеттім. Өмірде сондай адамдардың бар екені көңілімді марқайтты. Сол азаматтың аты-жөнін сұрамағаныма, алғысымды жеткізе алмағаныма күні бүгінге дейін өкінемін.
Бізде бұрын КСРО деген ортақ үйіміз бар еді. Қазір ол жоқ. Түркіменстанда туып-өскен, жеті атасының сүйегі қазақ жерінде жатқан, Татарстан мен Башқұртстан, Кузбаста азамат болып қалыптасқан, кәсіби мүдде жағынан ТМД-ның барлық елдерімен тығыз байланыста болған Амангелді Төлеев Кеңес Одағы тараған кезде өзін қалай сезінгені айтпаса да түсінікті. Әлдебір авантюристердің саяси ойынынан шаңырағы ортасына түскен ел – КСРО-ны мен әлі де сүйемін.
Бір кездері бір үйдің баласындай болып өмір сүрген халықтар мен мемлекеттерді бір-бірімен жалғастыратын көпірді бейбіт және өркениет жолымен қалыптастыруға атсалысқым келеді.
Қазір 2010 жылды да орталап калдық. Жиырма жылдың ішінде Кеңес Одағын тарих деп танитын, тек кинолардан көріп, кітаптан, сосын ата-анасының айтқан естелігінен ғана білетін ұрпақ қалыптасып үлгірді. Арада жиырма жыл жылжып өтсе де Ресей Федерациясы халқының 60 пайызы Кеңес Одағының күйреуін тарихтың қасіреті деп бағалайды.
Стратегиялық бағыттағы міндеттердің бірі – Достастық елдері арасында экономикалық интеграцияның буынын бекіту, жүк тасымалы үшін ең төменгі темір жол тарифін белгілеу біздің елдеріміз үшін аса тиімді болар еді. Бізде мұндай байланыстарға қол жеткізудің мүмкіндіктері де бар. Кеңес Одағының күйреуі халықтар арасындағы өндірістік, ұлтаралық қарым-қатынастардың жібін үзе алмады. ТМД кеңістігінде жоғары билік эшелонында жүрген тұлғалардың басым көпшілігі, тіпті саяси, әскери, экономикалық элита өкілдері Кеңес Одағының жоғары оқу орындарында бірге оқыды, күні бүгінге дейін де байланыстарын да үзген жоқ. Бір-бірімен аға-бауырдай сағынысып көріседі. Бұл біздің елдеріміз арасындағы интеграциялық байланыстарға қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да ықпал ете алады.
– Аман аға, бүгінгі экономикалық-саяси өлшемдерді бұрынғымен салыстыру мүлдем мүмкін еместігін естен шығарып алып тұрған жоқсыз ба?
– Мен оны сезбей жүргенім жоқ. Құндылықтар адам танымастай өзгерді. Бірақ дәл біз бастан кешкендей ақиқаттың гауһар шырынындай құндылықтарға ие тарихи кезеңге балама болар жүйенің бар екендігіне мен сенбеймін. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, біз басымыздан өткен тарихи кезеңнің құндылықтарын ұмытуға асыққанымыз кешірілмейтін күнә. Біз оны бүгінгі нарық экономикасымен сабақтастыра алсақ деймін. Мұндай сабақтастық біздің халықтарымыздың, біздің келер ұрпағымыздың жарқын болашағының дәрумені.
– Аман аға, қазақстандық саясаткерлердің ішінен бөле-жара кімді атар едіңіз?
– Алдыңғы сұхбаттарда айтып өткенімдей, Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – кез келген мемлекеттің алтын қоры. Нұрекеңнің жоғары кәсіби-саяси кемеңгерлігі, ең дұрыс шешімдердің тамырын дөп басатын көрегендігі, алға қойған мақсатының айқындылығына досы түгіл дұшпанының да көзін жеткізетін алғырлығы кеудеңе тек қана мақтаныш сезімін ұялатады.
Мен Нұрекеңді ХХІ ғасырдың азаматы және кез келген ел алдында мақтанышпен таныстыра алатын Нағыз Қазақ деп танимын! Оның өзінің еліндегі, сырт елдердегі саяси салмағы мен беделі атап көрсетуге, назар аударуға әбден лайық.
Үстіміздегі жылы Нұрсұлтан Әбішұлы 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Жан-жағындағыларға “мерейтой жайлы ауызға алмаңдар, сыйлықтарыңның, марапаттарыңның керегі жоқ, айтқаныма құлақ аспағандарың қызметіңмен қоштасасыңдар”, деген сөзі бізге де жетті.
Мен, дегенмен, 6 шілде күні аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлының құрметі мен денсаулығы үшін, Қазақ елінің өсіп-өркендеуі үшін, Нұрекеңнің алдағы уақытта алатын белестері үшін 100 грам шарап ішемін. Осы құрметім үшін қазақстандық шенеуніктерге уәде бергеніндей, Нұрекең мені қызметімнен босата алмайды (күледі).
– Губернатор мырза, мемлекеттік қызметкердің, саясаттанушының оңтайлы жасы туралы сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. “Жастарға жол беру керек” деген пікір Ресейде де, Қазақстанда да өзекті. Сіз не ойлайсыз?
– Әрбір адамның бір-бірін қайталамайтын жеке тұлға екеніне мен сенемін. Жасыңның егде тартқаны – басты өлшем емес. Ақыл-ойы кемелінде тұрған азаматты зейнет жасына жеткені үшін ғана отставкаға жіберу аса ақылды шешім болып шықпайды. Бізде “Акела жасына жетті. Акела жолбарысты тұншықтыра алмайды” деген мәтел бар. Зейнет жасына жету – тағдырдың үкімі емес. Үлкен саясатта адамның жасына емес, ақыл-парасатына басымдық беріледі.
Бізге өзімізге жақын Жапонияның тәжірибесін неге қолданбасқа? Ондағы менеджерлердің басым көпшілігі жасы егде тартқан азаматтар. Ең алпауыт жапон компаниялары президенттерінің орта жасы – 63, вице-президенттерінікі 56 жас. Корпорацияның жасы 75-ке жеткен президенті қызметтен кеткеннен кейін жұмысы не болғанын білгіңіз келе ме? Корпорация алты айдың ішінде тарап кетті.
Қытайды алайық: Қытай Халық Республикасының негізін қалаған, “Қытай экономикасының өкіл әкесі” атанған Дэн Сяопин экономиканы модернизациялауға кіріскенде жасы 74-ті алқымдап қалған еді. Ол елін қараңғылық құшағынан алып шығып, өсіп-өркендеген, өркениеттің алдыңғы көшінен орын алған елдердің қатарына қосты.
Дэн Сяопин реформасына дейін 250 млн. қытай отбасын асырай алмайтын. 2004 жылдан бастап абсолютті кедейлік деңгейі 25 пайыздан 3 пайызға төмендеді. Бұл күнде қытай халқы үшін 2004 жылға дейінгі жағдай – өткеннің әңгімесі. Дэн Сяопин 84 жасында билікті өзінен кейінгі толқынның өкіліне тапсырды. Бірақ соған қарамастан, 90 жасты еңсерген жылдары да ҚХР-дың ішкі-сыртқы саясатына белсенді түрде араласты.
АҚШ-ты алайық. 2009 жылы жаңа үкімет Орталық барлау агенттігінің басына жасы 70-ті алқымдап қалған азаматты алып келді. Демек, жасының егделігіне қарамай, өзінің немерелеріндей жастармен ашық бәсекеде төтеп берді.
Мұндай мысалдарды алыстан іздеудің тіпті қажеті жоқ. Ресейдегі атақты академик Лео Бокери жақында 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Атақты хирургтер Майкл Дебейки мен Фёдор Углов көздері жұмылғанша операция үстелінен кеткен жоқ. Майкл 100 жасты толтыруға санаулы айлар ғана қалғанда дүние салса, Ф?дор Григорьевич 104-ке келді.
Меніңше, жандүниесі қартайған адам 30 жасында да “рухани” кәрілердің қатарын толтыра береді. Бәрі адамның өзіне байланысты ма деймін. Жасың келген сайын ел басқару қабілетің жаңа қырынан ашылады дегенге де келіспеймін. Менің командамда аяқ алысы жақсы басшы болатынын байқатып үлгірген, болашағынан үміт күттіріп жүрген жас мамандар баршылық.
– Аман аға, сіздің ұлтыңыз қазақ. Бұл сізге нені еске салады: ормандай орыстың ортасы бойыңыздағы қазаққа тән тектілігіңізді ұмыттырып жіберген жоқ па?
– Мен өскен отбасының менің ұлтыма деген құрметі ерекше болды. Анам қазақ, татар әдебиетін ықылас қоя оқыды. Қазақ ұлтының өкілі екенімді ұмытпауымды ес білгеннен қаперіме салып отырды. Есімімнің қазақтың атақты батыры Амангелді Имановтың құрметіне қойылғанын бала жастан білдім.
“Амангелді” сөзінің шыққан тегі аман-есен оралсын деген ізгі ниеттен туғанын да білемін. Мүмкін мұның астары ата-бабамның “туған жеріне аман-есен оралсын” деген арман-тілегімен ұштасып жатқан болар... Бұл тақырыпты келесі сұхбатымыздың еншісіне қалдырайық.
Кәмелет жасына жетіп, төлқұжат алған кездерім де естен кетпейді. Өгей әкем Иннокентий Иванович Власов (оны өгей деп айтуға аузым бармайды) орысқа тән кеңпейілділікпен:
– Кәне, ұлым менің аты-жөнімді қабылдайсың ба? Аман Иннокентийұлы Власов боласың. Тіпті, жарасып-ақ тұрған жоқ па, жақсылап ойлан, – деп кеңес берді. Мен сол сәтте әкемнің айтқанына келістім. Бірақ бала жүрегім: “Егер келіссең, азғындыққа және өзіңді өзің сатып жүре беретін қадамға аяқ басқаның”, деп кеудеме сыймай, тыпырлап тұрды. Арада екі күн өткен соң:
– Әке, тегім мен аты-жөнім бұрынғы қалпында қала берсін. Мен қазақпын ғой, – дедім.
Шыққан тегін өзгертуге, тіпті төлқұжатқа тегіңді, Құдайдан берілген тегіңді өзгертіп жаз деп кеңес беруге ешкімнің құқы жоқ. Бұл Құдай алдында кешірілмейтін күнә. Сенің қазақтығың немесе орыстығың адамдар арасындағы шын достықтың арасына сына түсіре алмайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында достарының өлі денесін жау қолына қалдырмай жанталасқан жауынгер оның ұлтына назар аудармағаны ақиқат. Сондықтан Мәскеуде 28 батырдың басына қойылған белгі басында оның әрбірінің әруағына бағыштап құран оқимын. Оның әрбірін өзім көріп үлгірмеген қандастарым, туысқандарым, бауырларым деп танығым келеді. ТМД кеңістігінің соғыс өрті шарпыған аймақтарындағы белгісіз жауынгерлердің басына қойылған белгілерге тәу етіп тұрып, осындай ойлармен өзімді өзім жұбататынымды жасыра алмаймын.
Менің анам аналардың анасы еді. Бала күнімде “үлкен әкелерің (әкемнің бауырлары) соғыста белгісіз кеткен” деген әңгімені жиі айтатын. Анам өзім “әке” деп бауыр баса алмаған әкемді ұмытуға мүмкіндік бермеді, әрбір қимылым, тіпті сөйлеген сөзім, көзқарасымнан әкемнің белгісін іздейтінін, менің бас амандығымды жанына жалау етіп жүргенін бала болсам да сезетінмін.
Қазақта “өлі риза болмай, тірі байымайды” деген сөз бар. Осы сөзге балама болар анықтаманы мен өзге халықтан таба алмадым. Ата-бабаңның әруағына құрметпен қарамасаң, шыққан тегіңнің жалауын желбірете алмасаң, Нағыз адам, Нағыз саясаткер бола алмайсың.
– Аман аға, әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ.