31 Қаңтар, 2014

ЭКСПО-2017-де кездескенше, әлеумет!

241 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

01-Экспо-2017Тілін тапсаң, табиғаттан асқан жомарт жоқ

Табиғат адамға емес, адам табиғатқа мұқтаж. Аспан мен жердің ортасында беймарал өмір сүрем десең күнді «көкелеп», желді «жәкелеп», суды «әкелеп» қызмет ету керек. Адамата мен Хауана жаралғалы бері солай.

Табиғат-ананың тілін табу да оңай емес. Ол ба­сын­ған­ды, тасын­ғанды, өктемсігенді қала-май­ды. Ысы­рапты тіпті жек көреді. Бірақ, «қарғайын десем жал­­ғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей, қойнау-қолаттарындағы ризығын адамзат бала­сынан аямайды. Ауасын армансыз жұтып, суын рахаттана ішіп, жеміс-жидегін тамсана жеу, міне, сол көнтерлі жердің көңілін табудың нәтижесі болып табылады.

 

Тілін тапсаң, табиғаттан асқан жомарт жоқ

Табиғат адамға емес, адам табиғатқа мұқтаж. Аспан мен жердің ортасында беймарал өмір сүрем десең күнді «көкелеп», желді «жәкелеп», суды «әкелеп» қызмет ету керек. Адамата мен Хауана жаралғалы бері солай.

Табиғат-ананың тілін табу да оңай емес. Ол ба­сын­ған­ды, тасын­ғанды, өктемсігенді қала-май­ды. Ысы­рапты тіпті жек көреді. Бірақ, «қарғайын десем жал­­ғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей, қойнау-қолаттарындағы ризығын адамзат бала­сынан аямайды. Ауасын армансыз жұтып, суын рахаттана ішіп, жеміс-жидегін тамсана жеу, міне, сол көнтерлі жердің көңілін табудың нәтижесі болып табылады.

Соңғы жылдары елімізде Күн, Жел және Су әсер­лері арқылы электр қуатын өндіру жұмыстарына ерек­ше назар аударыла бастады. Мамандар, «бұл, біріншіден, қоршаған ортаға мүлде зиянсыз десе, екіншіден, адамзат баласы үшін табиғат мүм­кін­діктерін кеңінен пайдалануға жол ашылады» дейді. Шынында, жер бетіндегі тіршілік үшін жылуын аямайтын жомарт күннің қуаты арқылы үйімізді жылытып, жарықтандырып, тіпті, ас пісіріп дегендей, оны тағы басқа шаруаларымызға да оңтайлы пайдаланып жатсақ, несі айып? Жел қуатын пайдалану да солай. Мысалы, кейбір аймақтардың қырлары мен жазықтарында жел қысы-жазы бір басылмайды.

01-Экспо-2017

Күн электр стансасы

Өткен жылы Қордай ауданында ерекше электр стансасы іске қосылды. Бұл еліміздегі күн сәулесінен қуат алатын алғашқы электр бекеті болатын. Ақын Кенен атамыз дүниеге келіп, өмір сүрген өңірде жүзеге асқан бұл жобаның нысаны Отар кентінің маңайында орналасқан. Оның себебі де бар. Өйткені «Қазгидрометтің» деректері мен дәйектері күннің қуатын пайдалану үшін бұл жердің ауа райы өте-мөте қолайлы екенін айтып және оны растап беріп отыр.

Станса құрылысы 2012 жылдың мамыр айында басталған. 2013 жылдың қаңтарында оның қуаты 504 киловатқа жететін алғашқы кезеңі іске қосылды. Ол 200-ден астам үйдің шаруашылығын электр қуатымен қамтуға жетеді.

– Станса алғашқы тексеруден өткеннен кейін ме­желі 7 мегаватқа көшеміз. Жалпы, облыс тұрғын­да­ры электр қуатын қауіпсіз жолмен, яғни қоршаған ортаға зиян келтірмей-ақ өндіруге болатынының куәсі болып отыр, – деген сол кезде елдегі ерекше жобалардың бірі саналатын нысан құрылысына қаржы салып, оның жұмысын да өз қолдарына алған «ҚазЭкоВатт» ЖШС-нің директоры Сәрсен Көкебаев.

Біздің бұдан басқа да сұрап білгеніміз, «ҚазЭкоВатт» ЖШС қосымша қаржы көздерін тарту үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры» АҚ-тың еншілес кә­сіпорны «Самұрық-Энергомен» іскер­лік байланыс орнатыпты. Сөйтіп, стансаның бірінші кезегінің құ­рылысы үшін 200 миллион теңге жаратқан. Қордай ауданында еліміздегі алғашқы күн электр стансасы, міне, осы қаржылық қолдаудан кейін жұмыс істей бастаған.

Отар күн электр стансасының құрылысын салу барысында ауданның 80 адамы жұмысқа тартылғанын да айта кету керек. Ал бүгінде іске қосылған нысанда 6 оператор жұмыс істейді. Олар өңір үшін инно­вациялық бейтаныс технология мен оның тетіктерінің тілін біліп, меңгеру үшін алдын ала арнайы оқудан өткен. Ал станса толық қуатында жұмыс істеген кезде мұндай операторлардың саны 60 маманға дейін жетпек.

Еліміздің бас қаласы Астанада 2017 жылы өтетін ЭКСПО-ның тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталуы бекерден-бекер емес. Ғасырлар алмасып, заман жаңарған сайын адамзат баласы өздеріне қажетті қуат көздерінің жаңа түрлерін игере бастайды. Отар кентінің атымен аталған алғашқы күн электр станса­сының дүниеге келуінде де осы себептің, Еуропадан ескен жаһандық жаңашылдықтың жылы лебі бар.

Бұрын күн электр стансасын көрмеген, бірақ оның құ­ры­лы­сымен жақынырақ та­ныс­қысы келген адам ең алдымен, арнайы бөлінген жерге 51 қондырғы орнатылғанын көреді. Олардың әрқайсысында 235 ватт электр қуатын өндіре алатын 42 панель бар. Ал біз сөз етіп отырған күн электр стансасы барлығы 2142 панельден тұрады. Қуат алу механизмі де қара­пайым. Кварцтық модульдер күн қуатын тұрақты электр қуатына, ал қосымша құралдар оны үш фазалы электр тогына айналдырады. Бұл ток одан кейін трансформаторға өтіп, әрі қарай аумақтық электр жүйесіне, яғни тұтынушыларға жеткізіледі.

Өңірде күн қуатын пайдалану бір ғана жобамен шекте­ліп қалмайды. «Fonroche Energie SAS» фран­цуз компаниясы алдағы уақытта қуаты 24 МВт құрайтын күн электр стан­са­сының құрылысын баста­мақ болып, қомақты қаржы салып отыр. Ол нысан Жамбыл ауда­нын­дағы Айша бибі ауылы маңына орналастырылмақ. Бұл үшін 150 гектар жер бөлініп, күн электр стан­сасының техникалық-эконо­микалық негіздемесі дайындалды. Сонымен қатар, алдағы уақытта Луговой бекетінің те­рістігінен де күн энергиясын пайдаланатын батареялы стан­саның сұлбасы көрініп қалса, таңғалмаңыздар. Қуаттылығы 50 мгвт болатын ол жоба да уақыт талабынан туындап отыр.

Жел электр стансасы

Қордай тауларының қой­нау­лары мен қолаттары­ның үстінде Мұзбел деген жазық бар. Жазда қоңыр салқыны, қыста ызғары басылмайтын осы белдің желін жұмысқа жегеміз деген кәсіпкерлер де табылды.

Сөйтіп, Мұзбелдің оңтүстік шығысынан еліміз­де­гі алғашқы Қордай жел электр стансасының бі­рін­ші кезегі пайдалануға берілді. Оның  қуаты 1500 кВт-ні құрады. Сала мамандарының айтуынша, Қор­дай ЖЭС мемлекетіміздегі жел электр қуаты жо­басының алғашқы қарлығашы болып табылады. Сон­дай-ақ, бұл жоба жел қуатын пайдалану арқылы электр қуатын өндіретін алғашқы өнеркәсіп нысаны екенін айта кеткен жөн. Жобаның инвесторы «Изен-Су» компаниясы болып табылады. Ал құрылыстың құны 370 миллион теңгені құраған. Онда 40-қа жуық жұмыс орны бар. Қордай ЖЭС әзірге 500 үйді электр энергиясымен қамтамасыз ете алады.

Қордай асуындағы жел стансасы – баламалы электр қуатының отандық бастамасының алғашқы нұсқасы. Жамбыл өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің мақта­ны­шы­на айналған Қордай ЖЭС-нің бірін­ші кезегін пайдаланудың прак­тикалық көрсеткіштері негі­зінде «Изен-Су» ЖШС басшы­лығы келешекте станса қуат­ты­лығын 10 МВт-ға дейін арттыруды жоспарлап отырғандарын айтады. Қазір онда стансаның екінші кезегінің құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Бұл қуат өндіруші нысанның бір артықшылығы оның жұмысына көп шығын кетпейді, өйт­кені станса жел екпінімен жұ­мыс істейді және небәрі 10 адам ғана қызмет етеді. Сонымен бірге, «Vista International» ЖШС жалпы қуаты 21 МВт болатын тағы бір Қордай жел электр стансасының 4 МВт құрайтын алғашқы кезегінің құрылысын қолға алған.

Еліміздегі баламалы энергия көз­дерінің дамуын қол­дау, сон­дай-ақ, жағымды инвес­ти­ция­лық ахуалды қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда. Соның нәтижесінде, «Central Asia Green Power» компаниясы 2014-2015 жылдар аралығында Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласының маңынан қуаты 100 МВт болатын және бір жел электр стансасының құрылысын бастамақ. ЭКСПО-2017-нің «Болашақтың энергия­сы» деген атаумен үндес тағы бір жобаны «FonrocheEnergie» француз компаниясы да қолға алып, Жамбыл ауданы аумағынан қуаттылығы 24 МВт құрайтын жел электр бекетінің құрылысын бастамақ. Жобаның құны 80 миллион АҚШ долларын құрайды.

Үкімет бекіткен стратегиялық даму жоспарына сәйкес, баламалы энергия көздерінің үлесі 2015 жылға қарай 1,5 пайызға, ал 2020 жылы 3 пайызға жетуі тиіс. Ал 2015 жылға қарай Қазақстанда бес бірдей жел энергиясы орталығы құрылмақ. Осы жетістіктің ар­қа­сында жел энергиясының үлесі сол кезде 1 пайызға жетсе, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 4 пайызға көтеріледі деген болжам бар. «Қазақстан – жел энергиясы нарығын дамыту бастамасы» атты жобаның аясында бүгінге дейін өкпек желі бар 15 аймаққа зерттеу жүргізілген екен. Соның нәтижесі негізінде, мамандар өз тұжырымдарын жасаған. Мысалы, ол үшін Оңтүстік Қа­зақстан, Алматы, Жамбыл, Кас­пий бойы мен Ақмола облысы, сондай-ақ, Астана да жел энергиясын өндіруге өте қолайлы деп табылды.

Ал 2015 жылға дейін Жам­был облысында «жасыл» станса­лардың көптеп іске қосылуы нә­ти­жесінде, жиынтық қуаттылығы 195 мегаватт электр қуаты өндірілетін болады деп жоспарлануда.

Су электр стансасы

Ал су электр стансасына келсек, мұның қуаты­ның «қоры» күн мен желдікі сияқты шексіз емес, өзендер тартылып, су таусылып қалуы бек мүмкін. Сондықтан, су электр стансаларына байланыс­ты туындайтын мұндай мәнді мә­се­лені мамандар еншісіне қал­ды­ра отырып, елдегі су электр стан­са­ларын салуға қатыс­ты атқа­ры­лып жатқан игі істерге тоқта­лайық.

Шу ауданында балығы тайдай тулаған Тасөткел су қоймасы бар. Ол бұрын, негізінен, аймақтың егіс алқаптарын суғаруға пайдаланылатын. Енді ол елдің қажеті үшін электр қуатын да бере бас­тайтын болады. Құрылысының соңғы «нүктесі» өткен жылдың ма­мыр айында қойылып, өз тұты­ну­шыларына алғашқы электр қуатын бере бастаған стансаның нысаны жоба иелеріне 1 миллиард 350 миллион теңгеге түсіпті.

Тасөткел су электр стан­са­сының ашылуы ай­мақ­тағы «жасыл эконо­миканы» дамытуға ба­ғытталған нық қадам болды. Ин­вес­тициялық компания мамандарының зерт­теуінше, бұл жобаның ар­тықшылығы – қыс мез­гілінде судың екпіні артады және осы уақытта тұрғындардың электр қуатына деген сұранысы да жоғарылайды. Ал Тасөткел – облыстағы су қоры мол бөген­дердің бірі. Алдын ала жасалынған жоспарға сәйкес, биыл Тасөткел су қоймасына 500 миллион текше метр су толтырылмақшы. Алай­да, мамандар су электр стансасының жұ­мысын толыққанды жүзеге асыру үшін бұл су аздық ететінін алға тартып отыр. Сондықтан, судың қуаттылығын арттыратын жаңа қондырғы орнатылған. Электронды және спутниктік жүйеге негізделген құралдың көме­гімен нысанның жұмысын жер шарының кез келген нүкте­сінен реттеуге болады. Инвес­торлар аймақтан осындай тағы 2 нысан және  жел мен күннен қуат алатын электр стансаларын да іске қосуды мақсат етуде. Олардың бұл ойлары жүзеге асып жатса, болашақта Шу өңірінде 30-40 МВт электр қуаты өндірілетін болады.

Дегенмен, бір мәселе бар. Ол – инвесторлардың тапшылығы. Жалпы, әлемдік экономикада өндіріске инвестиция тартудың көптеген жолдары бар. Солардың бірі – жоба болашағының нәти­желі болатынына инвестиция иесінің көзін жеткізу. Сонымен бірге, өндіріс пен табыстың тұ­рақтылығын қамтамасыз ету. Облыстың экономикалық да­му динамикасы бұл тұрғыда көңіл­ге медеу. Өңірде іске қосы­лып жатқан индус­триялық-ин­новациялық жобаларға қаржы құйған инвесторлардың да осындай көрсеткіштерге арқа сүйеп келгені белгілі. Өңірге инвес­тиция тартудың бұдан басқа да жақсы­лық­тары бар. Ол – ел ішінде тіршілік пайда болып, жұмыссыз жүрген адамдардың екі қолына бір күрек табылып, еңбек ете бастауы. Тасөткел су электр стансасының құрылыс жұмысына да шамамен 110 адам қатысыпты. Ал енді, міне, станса пайдалануға берілгеннен кейін 30 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр.

Әлем елдері, оның ішінде қазақстандықтар, электр қуаты­ның тапшылығын айқын сезіне баста­ған тұста жаңа қуат көзін іздеуге талпыну, инвестиция тарту өте жақсы үрдіс, өте сауатты стратегиялық қадам. Облыста 2010 жылдың желтоқсан айында қуаттылығы 1,5 МВт Меркі су электр стансасы пайдалануға берілген болатын. Ресей инвес­торлары енді қуаттылығы 19,8 МВт Меркі ГЭС-інің каскады бойынша құрылыс жұмыстарын бастамақ.

Өткен жылы Тұрар Рысқұлов ауданында қуат­ты­лығы 2,1 МВт Қарақыстақ су электр стансасы пайдалануға берілді. Ауданның Каменка ауы­лын­дағы қуаты 2,3 мегаватты құрайтын Қарақыс­тақ су электр стансасының іске қосылуы да өңір үшін үлкен жетістік болды. Сонымен қатар, Т. Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы қуаты 2,3 МВт-ны құрайтын Қарақыстақ су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Кәсіпкер Нұрдос Қалдыбалин басшылық ететін бұл су электр стансасында 12 адам жұ­мыс істейді. Жобаға 1 миллиард 28 миллион теңге жұмсалыпты. Аталмыш станса толық қуатында жұмыс істесе, алдағы күнде аудан­ның 25 пайызын электр қуа­ты­мен қамтамасыз ететін болады.

Қарақыстақ су электр стансасы облыстағы энер­гия­ның қай­та­лама көздерін пайдалана отырып жұ­мыс істеуге бағытталған кезекті нысандардың бірі. Бұдан бөлек, 2012 жылдан 2016 жылға дейінгі ара­лықта облыста жалпы қуаты 57 МВт 10 су электр стансасының құрылысы жоспарланып отырғанын айтқымыз келеді.

«Жасыл» технологиямен болашаққа

ЭКСПО-2017 Қазақстан үшін экономикалық даму бет­бұ­ры­сының қарышты қадамына айналмақ. Көрме тақырыбы ретінде энергияның балама­лы көздері мен «жасыл эконо­ми­каның» алынуы да осы сөзіміздің айғағы. Елбасы атап өткендей, болашақта бүкіл әлем «жасыл» технологиямен алға жылжитын болады.

Ал «жасыл экономика» елі­міздегі инновациялық экономиканы дамытудың аса маңызды катализаторы­на айнала бастады десек артық айтқандық емес. Баламалы электр қуатының әр киловаты әлемдік тә­­жірибеде 54 теңгеден асса, бүгінде Жам­был об­лы­сындағы тариф 1 кВт үшін 34 теңгені құрай­ды. Ба­ға­ның бұлай арзан болуы мемлекеттік бағ­дар­ламаның нә­тижесінде іске асып отыр. Яғни, табысқа салынатын салыққа – 10 жыл, жер мен мүлікке 5 жыл мораторий жарияланып, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемеге субсидия бөлу, коммуникация­лар мен инфрақұрылымдар құрылысын тегін жүргізудің бағаға тиімді әсері мол. Баламалы қуат көздерін пайдаланып, кәдеге асыру осындай жетістікке қол жет­кізіп қана қоймайды, сонымен қатар парниктік газ­дар мен өн­діріс қалдықтарына қарсы қабыл­данған ха­лықаралық Киото хатта­масының шарттарын орындау жолындағы қадам деуге де бо­лады. Облыс әкімі Кәрім Көкі­рекбаевтың айтуынша, энергия өндірудің мұндай көздері уақыт өте келе аймақтағы электр тап­шылығының 40 пайызын жабады.

Қорыта айтқанда, Күн, Жел және Су қуатын пайдалануға көшудің қазақстандық жаңа дәуірі басталды дегіміз келеді. ЭКСПО-2017-де кездескенше, әлеумет!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.