Коронавирус • 19 Қыркүйек, 2021

Ахуал тұрақталғандай, алайда...

884 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі саябырсығанмен, өңір әлі де «қызыл аймақтан» шықпай тұр. Қазіргі ахуал қандай? Қанша адам вакцина алды? Орталық коммуникациялар орталығының алаңында осы және өзге де сауалдарға жауап берген облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, былтырғы наурыздан бері 49 500 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.

Ахуал тұрақталғандай, алайда...

– Қауіпті вирусты жұқтырған науқастардың 93 пайызы сауығып шықты. Өңірде коронавирус инфекциясының таралуы соңғы бір айда 5,6 есеге төмендеді. Осы­ған байланысты 624 орындық ин­фекциялық стационар әзірленді. Стационарлардың жансақтау бөлімінде 40 төсектік орын бар. Қа­зір инфекциялық стационарда 518 науқас оқшауланып, төсектік орын жүктемесі 22 пайызды құрап отыр, – деді Б.Хаменова.

Коронавирус инфекциясының бірінші толқыны саналған был­тырғы жазда дәрі-дәрмек тап­шылығы байқалған еді. Мұны жоққа шығармаған облыс әкімі орынбасарының айтуынша, тұрғындардың жаны қысылып, дәрі іздеген сабылысынан соң дәрі-дәрмектің тұрақты қо­рын жасақтау, дәріханалардағы ба­ғаның тұрақтылығын сақтау мақсатында «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Іңкәр» ЖШС арасында келісім жасалып, 500 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға 42 түрлі дәрі-дәрмек сатып әкелінген. Бұған қоса, демеушілік көмекпен 3 млрд-тан астам теңгеге жеке қорғаныш құралдары мен медициналық техника сатып алынған.

– Қазір өңірде 14 ПТР-тест зерт­ханасы жұмыс істеп тұр. Онда тәулігіне 16 мыңнан ас­там тест жүргізу мүмкіндігі бар. Ме­дициналық мекемелерде жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жа­сақталды. Жедел медициналық кө­мек көрсету қызметін жетілдіру бағы­тында жаңадан 66 көлік алынып, 5 жылжымалы медициналық кешен іске қосылды. Атырау мен Құлсары қаласында 200 орындық модульдік аурухана пайдалануға берілді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Карантиндік шектеу шаралары әсіресе, шағын және орта бизнестің өкілдеріне оңай болмай тұр. Кейбір кәсіпкерлер шығынға батқанын айтады. Соған байланыс­ты Ashyq жүйесі енгізілген еді. Мәселен, Атырауда 13 қыркүйекке дейін аталған жүйеге 8 409 кә­сіпкерлік нысаны қосылыпты. Дегенмен қыркүйек басталғалы 4 848 нысан тексерілген. Сол кезде 292 нысанның екі апта бойы Ashyq жүйесін қолданбағаны анықталған. Осыған байланыс­ты аталған нысандар екі апта­лық мерзімге бағдарламадан шы­ғарылды.

Атырау қаласы мен 7 ауданда құрылған 64 мониторингтік топтың мүшелері карантиндік шектеу тала­бының сақталуын қадағалайды. Топ құрамында әкімдік, денсаулық сақтау, поли­ция мен басқа да ор­гандардың өкілдері енгізілген. Жыл басынан бері мұндай топтар 51 713 ны­санға 12 501 рейд жүргізіпті. Рейд нәтижесінде 850 құқық бұ­зу­шылық анықталды. Ка­ран­тин талабын бұзған шағын және ор­та бизнес нысандары мен жеке тұлғаларға 83 618 515 теңге көле­мінде 596 айыппұл са­лынған. Ал қыр­күйек басталғалы жүр­гізіл­ген 366 рейд кезінде 1 696 нысан­ның жұмысы қадағаланған. Тек­серу нәтижесінде 31 әкімшілік іс қоз­ғалып, салынған айыппұл көлемі 1 939 805 теңгені құрап отыр.

Әкім орынбасарының айтуынша, соңғы кезде вакцина салдыруға ынта білдірушілер қа­тары көбейген. Вакциналардың бірінші компонентін салдыр­ған­дар саны 215 357 (86%) адамға жетсе, екінші компонентті 166 570 тұрғын (76%) ектірген. Бұл – өңірде екпе алушылар қа­та­рындағы тұр­ғындардың 71,8 па­йызы. Қазір облыста 59 вакцина бекеті жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 10 жылжымалы бекет бар. Бұл бекеттерге ақпан айынан бері вакциналардың бірінші ком­понентіне арналған 248 330, екінші компонент үшін 216 790 доза жеткізіліпті.

– Облыстың шалғай ауылдарын мекен еткен тұрғындардың вакцина салдыруын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан те­міржолы» АҚ-мен бірлескен жо­баны қолға алған едік. Қазір алыстағы елді мекендердің тұр­ғындары вакциналау бекетіне пойызбен тегін жеткізіледі. Жұрт­шы­лықты вакцина сал­ды­руға ын­таландыру үшін облыс­тық әкім­діктің қолдауымен «Аза­мат­тық Альянс» ЗТБ 30 мау­сым­нан бері ақшалай ұтыс акциясын бас­тады. Оған вакцина алғандар ғана қатысуда. Ақшалай ұтыс ойынының жалпы жүлде қоры 40 млн теңгені құрайды. Бас жүлде – 10 млн теңге. Осы кезге дейін вакцина ектіргендер арасында 200 мың теңгенің 60 сертификаты, 1 млн теңгенің 6, сондай-ақ 3 млн теңге тұратын 2 сертификат ойнатылды, – дейді Б.Хаменова.

Жаһан жұртын жаналқымнан алған қауіпті вирусқа қарсы осын­дай іс-шаралар атқарылып жатқан Атырауда 1 447 дәрігер мен 5 093 орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Алайда денсаулық сақтау саласына әлі де 219 дәрігер жетіспейді. Әсіресе, жалпы тәжірибелік дәрігер, анес­тизиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог секілді мамандар қажет-ақ. Ал биыл жоғары оқу орнын бітірген 34 жас маман келген. Оның ішінде 26 интерн, 5 резидент, 3 бакалавр бар.