18 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, Мәскеуде 1,6 миллионнан астам адам онлайн дауыс берген. 18 қыркүйек күні кешке Мәскеуде қашықтан электронды дауыс беруге қатысқандар саны 80 пайыздан асты.
Бұған дейін Ресей Федерациясының қоғамдық палатасы дауыс берудің бірінші күні сайлау туралы 7 мыңға жуық жалған хабарлама тіркелгенін мәлімдеді. 18 қыркүйек, сенбі күні таңертең фейктерді таратушылардың белсенділігі төмендегені атап өтілді. Ресейде Мемлекеттік Думаның депутаттарын, губернаторларды, аймақтық және қалалық деңгейдегі депутаттарды сайлау 17 қыркүйекте басталғаны белгілі. Негізгі дауыс беру күні –
жексенбі, 19 қыркүйек.
Алғашқы сайлау учаскелері Чукотка мен Камчаткада ашылды. Мемлекеттік думаға дауыс беру аралас жүйеге сәйкес өтеді: 225 депутат партиялық тізімдер бойынша және 225 депутат бір мандатты округтер бойынша сайлануға тиіс. Мемлекеттік думаның депутаттығына кандидаттардың федералды тізімінде 14 партия тіркелген.
Парламенттік сайлауда алғаш рет электронды дауыс беруге рұқсат етілді. Оған Орталық сайлау комиссиясының шешімі бойынша Мәскеу, Мурманск, Нижний Новгород, Ярославль, Курск және Ростов облыстарының тұрғындары, сондай-ақ бертінде қосылған Севастополь тұрғындары қатыса алады.
1 шілдедегі жағдай бойынша Ресейдегі сайлаушылар саны 108 145 648 адамды құрайды. Бұл өткен Мемлекеттік дума сайлауы науқанымен салыстырғанда 1,5 миллионға аз – 2016 жылдың 1 шілдесіне 109 737 301 адам болды. Керісінше, шетелдегі сайлаушылар саны 1 872 390-дан 2 047 140-қа дейін өскен. Олар үшін ОСК шетелде 348 сайлау учаскесін ашуды жоспарлаған.