Алматы облысы Ескелді ауылы Теректі ауылында қаңтардың 25-і күні үш жасар Надя Белоногова аяқ астынан жоғалып кетті. Сол бойда оны іздеуге полиция қызметкерлері, әскерилер, ерікті халық жасақтары мен ауыл тұрғындары түгел көтерілді.

Кейін анықталғандай, сәбиді 32 жастағы өгей әкесі ұрып өлтірген болып шықты. Баланың бар жазығы уақтылы дәретке сұранбағаны екен. Үстін бүлдіріп алған кішкентай қызды ол бас салып, соққының астына алады. Ересек адамнан өлімші болып таяқ жеген Надя еңкілдеп жылаған қалпы диванға жатады.
Біраздан кейін дыбысы шықпай қалған баланы барып көрген өгей әкесі оның өліп кеткенін біледі. Содан кейін қылмысының ізін жасырмақ болып, кішкентай мүрдені ауыл сыртындағы өзеннің суатына ағызып жібереді. Титімдей қарындастарының жоқ болып кеткенін 25 қаңтарда әуелі үйдегі естияр балалар аңғарады. Ал келесі күні баланың жоғалғаны туралы Ескелді аудандық ішкі істер бөліміне хабарланады.
Тексеру барысында балалардың өгей әкесінің наркологиялық диспансерде «алкоголизм» диагнозымен ем алып жүргені анықталды. 27 қаңтар күні жедел-іздеу шараларының барысында Сергей Сыроед өзінің жасаған қылмысын толық мойындады. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.