Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2021

Оқушыны жылатқан мектеп директоры сөгіс алды

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодарда №22 мектеп директоры 6-сынып оқушысына қатысты әрекетіне байланысты жазаланды, деп хабарлайды Egemen.kz Павлодар облысы білім басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Оқушыны жылатқан мектеп директоры сөгіс алды

«Мектеп директорына сөгіс жарияланды. Оқушының ата-анасымен байланыстық, олардың наразылығы жоқ. Оқушы да жағдайды түсінді, жанжал тыйылды», деп мәлімдеді басқарма.

Мектеп директорына 6-сынып оқушысының оқу орнына киініп келген киімі ұнамаған, сол себепті оқушыны жетектеп басқа сыныптарға кіргізген. Директордың бұл әрекетінен кейін қыз жылап қалған. Соған байланысты оқушының әкесі әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді.

«Павлодарда №22 мектеп директоры Мәмбетова ханым 6-сынып оқушысын қолынан жетектеп, алдымен 5-сыныпқа, содан кейін 11-сыныпқа апарып, барлығына оның талапқа сай киінбегенін көрсеткен. Қыз жылап, күйзеліске түсті», деп жазды Facebook қолданушысы Қанат Қазбек.

Ол мұғалім өз өкілетін асыра пайдаланып, бала құқығын бұзды деп санайтынын жеткізді.

Желідегі бұл жазбаға мектеп директоры Майра Мәмбетова пікір білдірді.

«Оқушыға джинсы мен футболкаға қатысты ауызша ескерту жасалды. Мысал ретінде көрші кабинетте оқитын оқушылардың классикалық үлгідегі киімі көрсетілді. Қыз ренжіп қалды. Отбасынан кешірім сұралды. Қазір қыз қала сыртында, келген соң психологиялық көмек көрсетіледі», деді ол.

Бұған дейін Қазақстанның білім министрлігі оқу жылында қазақстандық оқушылар міндетті мектеп формасын киюден босатылып, мектепке классикалық киіммен бара алатынын айтқан.