Өңірде 18 мақта өңдеу зауытының 206 қабылдау бекеті жұмыс істейді. Биыл 110 мың гектар алқапқа мақта дақылы егілген. Егістіктің гектарынан 25,2 центнерден, жалпы 276,1 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланып отыр. «Ақ алтынның» 90 пайызы техниканың көмегімен жиналады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, биылғы қуаңшылыққа қарамастан мақталы аудандардың шаруалары ағын суды артығымен алыпты. Тыңайтқыш пен тұқымдық шиттен таршылық көрмей, жеңілдетілген бағада берілетін жанар-жағармай да жеткілікті болған. Диқандар мемлекеттік деңгейде жасалған келісім бойынша көрші Өзбекстаннан келетін ағын судың артқанын айтуда. Шаруалар әр гектардан орта есеппен 30 центнерден өнім алып, 500 мың теңгеге дейін пайда табады.
«Мемлекет басшыларының екіжақты ынтымақтастық туралы келісімінің нәтижесінде осындай өнім алынып, тауар өндірушілердің әлеуметтік экономикалық жағдайы артуда. Мақтаарал және Жетісай аудандары суды трансшекаралық «Достық» каналы арқылы алады», дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Аудандарда жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ағын суды арттыру мақсатында қолға алынған су арналарын механикалық тазалау жұмыстарымен танысты. Облыстық бюджет есебінен Жетісай ауданындағы барлық 241 шақырымды құрайтын 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде суармалы жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсартады. Жерасты суын төмендетіп, егістіктің тұздануының алдын алып, мақта дақылының өнімділігін арттырады. Сонымен қатар шаруаларды сапалы тыңайтқыштармен, тұқыммен қамтамасыз етіп, өнімділікті арттыру мақсатында Өзбекстан Республикасының «Rasayana» ЖШС-мен жұмыс қолға алынды. Аталған компания ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнімділігі жоғары «Aminosid» тыңайтқыштары мен мақтаның «Сұлтан» элиталық тұқымдарын жеткізумен айналысады. Бұл тәжірибе мақтаның түсімділігін 40-60 центнерге жеткізуге болатынын көрсетіп отыр.
Облыста бүгінде 1,1 млн тонна көкөніс, 1,7 млн тонна бақша өнімдері, 290 мың тонна картоп және 61 мың тонна жеміс-жидек жиналды. Жыл соңына дейін күзгі өнімнің жалпы көлемі 3,5 млн тоннаға жеткізіледі. Өңірде әртараптандыру нәтижесінде мал азықтық дақылдардың көлемі 2,6 мың гектарға артып, 215,4 мың гектарға, бақша дақылдары 8,9 мың гектарға артып, 70,6 мың гектарға орналастырылған. Сәйкесінше, мақтаның егіс көлемі 16,2 мың гектарға кеміген. Сондай-ақ дәнді дақылдар – 300 мың гектар, майлы дақылдар – 85 мың, көкөніс – 43 мың, картоп 15 мың гектар көлемінде өсірілді. Облыстағы 238 мың гектар астықтан 238,3 мың тонна дән қамбаға құйылса, 46,1 мың гектар дәндік жүгерінің түсімділігі гектарына 57 центнер болып, 118 мың тонна, ал 83,5 мың гектар мақсары дақылынан 5,3 центнерден 36,4 мың тонна өнім жиналды. Соңғы жылдары еңбек өнімділігін еселеп арттыру бағытында облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы іске асырылып отыр. Биыл 9 мың гектарда 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде бірінші өнімнен – 160 мың, екінші өнімнен 60 мың тоннадан астам өнім жиналды. Жалпы көлемі 1 424,6 гектар жылыжайда 145 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Күзгі жиын-терін жұмыстары жалғасуда.
Түркістан облысы