Спорт • 21 Қыркүйек, 2021

Әйгілі Элизабет Тұрсынбаева үлкен спортпен қош айтысты

503 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық аренада ел намысын абыройлы қорғап, көптеген байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына көтерілген атақты мәнерлеп сырғанаушы, қазақтың мақтан тұтар қызы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Элизабет Тұрсынбаева үлкен спортпен қош айтысатыны жайында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әйгілі Элизабет Тұрсынбаева үлкен спортпен қош айтысты

Элизабет инстаграмдағы өз аккаунтында: «Құрметті жанкүйерлер, кәсіби спортшы ретінде мен өз карьерамды аяқтадым. Осындай шешім қабылдау маған оңай болған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, ұзақ уақыт бойы арқамнан алған жарақат қатты мазалады. Өкінішке қарай, сол сырқаттан толықтай айыға алмадым. Соның салдарынан толыққанды жаттығулар жасау мүмкін болмады. Қазіргі кезде мен Қазақстандамын. Жылдың соңына дейін елде болып, осы спорт түрін таңдаған балаларға көмектесіп, тәжірибеммен бөлісемін. Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды дамытсам деп мен үнемі армандайтынмын. Міне, енді сондай мүмкіндік туындап отыр» – дей келе, өзінің ата-анасы мен бапкерлеріне, қолдау көрсеткен азаматтар мен жанкүйерлерге, Мәдениет және спорт миистрілігі мен Ұлттық Олимпиада комитетіне және Қызылорда облысының әкімшілігіне зор алғысын білдірді.

Спорттық манасбын Мәскеуде бастап, бірер жыл Канадада шеберлігін шындаған Элизабеттің ел спортына сіңірген еңбегі орасан зор екені еш дау туғызбайды. Әр жылдары Ирина Страхова, Александр Шубин, Наталья Дубинская, Светлана Соколовская, Елена Буянова, Брайан Орсер, Этери Тутберидзе және Сергей Дудаков сынды майталман мамандардың қол астында жаттыққан ол мұз айдында жасындай жарқырады. Ең елеулі табыстарына тоқталатын болсақ, 2016 жылы Норвегияның Хамар қаласында өткен жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасында қола медаль иеленді. 2017 жылы Саппородағы Азия ойындарында да дәл сол межеден көрінді. 2018 жылы Пхенчханда алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысып, 12-орынға табан тіреді. 2019 жылы Төрт құрлықтың чемпионаты мен Дүниежүзілік Универсиадада күміс жүлдені олжалады. Басқа да толып жатқан табыстары тағы бар. Жалпы, республикалық және халықаралық жарыстарды қоса алғанда, қазақтың қаршығадай қызы барлығы 39 медальға иелік еткен екен. 

Элизабет Тұрсынбаеваның спорттық ғұмырындағы ең керемет көрсеткіші – әлем чемпионатының күміс медалі екені сөзсіз. Әлі есімізде, Жапонияның Сайтама қаласында өткен жарыстың қысқа бағдарламасында ол Людвиг ван Бетховеннің «Ай сонатасын» мінсіз орындап, үшінші орынды еншіледі. Келесі күні еркін бағдарламада бақ сынады. Бұл жолы да Тұрсынбаева тамаша өнер көрсетті. Аргентиналық Астор Пьяцолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдерін» асқан шеберлікпен орындаған ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Біздің ару тек Ресейдің әйгілі мәнерлеп сырғанаушысы, Олимпиада және Еуропа чемпионы, татар қызы Алина Загитовадан ғана қалып қойды. Ал екі дүркін әлем және Еуропа чемпионы, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Евгения Медведеваның қола медальді қанағат тұтудан басқа амалы қалмады. Осы орайда, екі бірдей тарихи сәтке айырықша тоқтала кеткен жөн. Біріншісі, Элизабет әйелдер арасындағы дүниежүзілік додада «Сальхов төртігін» орындаған тұңғыш спортшы. Екіншісі, Тұрсынбаеваның есімі спорттық шежіреде әлем чемпионатында жүлде алған қазақтың тұңғыш мәнерлеп сырғанаушысы ретінде алтын әріптермен жазылды.

Несіне жасырайық, Тұрсынбаевадан біз бұдан да зор нәтиже күттік. Алдағы әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарында таңдай қағарлықтай табыстарға қол жеткізіп, барша жанкүйерді әлі талай рет қуаныш пен шаттыққа бөлейтініне еш күмәніміз жоқ еді. Бірақ ескі жарақаты жиі мазалағаннан соң ол небары 21 жасында үлкен спортпен қош айтысуға бел буды. Енді біз қазақ қызының бапкерлікке бет бұрғанын қалаймыз. Бұл кәсіпте де оның еліне берері көп. Ел мақтаған Элизабет Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау деп аталатын әдемілік пен әсемдікке, сұлулық пен сымбаттылыққа негізделген спорт түрін жаңа белеске көтереді деп үміттеніміз.