Спорт • 21 Қыркүйек, 2021

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында республикалық Спартакиада басталды

445 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында тірек-қимыл аппараты мен көру қабілеті нашар спортшылар арасында VI Спартакиада басталды, деп жазады Egemen.kz.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында республикалық Спартакиада басталды

 Жарысқа еліміздің өңірлерінен 300-ден астам спортшы қатысып жатыр.

Бағдарламаға сәйкес қатысушылар дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, паракаратэ және арбада билеу сынды паралимпиадалық емес спорт түрлерінен сынға түседі. Дойбы жарысы «64» және «100» ойындары бойынша 7 турдан тұрады. Оған еліміздің 17 өңірінен 80-нен астам спортшы қатысады.

Ал шахматтан өтетін сында 16 өңірден келген  спортшылар  бақ сынайды. Жарыста көру қабілеті нашар және тірек-қимыл аппараты зақымданғандар үшін бөлек топ құрылған.  Сонымен қатар тоғызқұмалақтан 15 өңірдің өкілі сынға түседі.

Пара-карате 22 қыркүйекте Шымкент қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорт залында өтеді. Жарысқа Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласының және Атырау, Ақтөбе облысының спортшылары қатысады.

Спорттық мерекенің сәніне айналған арбада отырып билеу сайысы комби еркін, комби еуропалық, комби латина, комби фристайл, дуо, дуо латина, дуо фристайл, сингл және сингл фристайл сынды 10 номинация бойынша ұйымдастырылады. Оған 50-ден астам спортшы қатысады. Аталған би жарысы «Түркістан Сарайы» мәдениет үйінде, үстел ойындары «Көрме» орталығында өтеді.

«Айта кетейік, Спартакиада үш кезеңнен тұрады. Әуелі аудан, кейін қала мен облыста және қорытынды тур республикалық деңгейде өтеді. Спартакиада мақсаты – ұлттық құрама командаларына дарынды спортшыларды іріктеу. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Мәдениет және спорт министрлігінің атынан диплом, медаль және арнайы кубогімен марапатталады», деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.